Қ.О.Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы арқылы қазақ тілі мен әдебиетін жаңа бағдарламамен үйренуге арналған тапсырмалар жинағы
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Арқалық қаласы білім бөлімінің
Ы. Алтынсарин атындағы гимназиясы» КММ
Баяндама тақырыбы:
Қ.О.Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы арқылы қазақ тілі мен әдебиетін жаңа бағдарламамен үйренуге арналған тапсырмалар жинағы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Жаппаспаева Ж.С.
2021-2022 оқу жылы
Қ.О.Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы арқылы қазақ тілі мен әдебиетін жаңа бағдарламамен үйренуге арналған тапсырмалар жинағы
Қазақ педагогикасынның көрнекті өкілі, әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы – қазіргі жаһанданудағы заманауи білім берудің талаптарына сай келетін инновациялық технология.
Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. Жаңашыл ұстаз, профессор, даңқты мұғалім. 1968 жылы Семей педагогикалық институтын бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1968-1980 жылға дейін Ласты ауылында мұғалім болды. 1980 жылы- Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернатында ұстаздық қызметі жалғасады. Осы кезеңдерде еліміздегі ұстазға берілетін атақ, дәреже мен құрметтің барлығын алды. Ұстаздардың ұстазы, халық мұғалімі аталды. Авторлық мектептің жетекшісіне айналды. Қ. Бітібаеваның есімі, атағы Республика жұртшылығынан асып, ТМД елдеріне дейін жайылды.
КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013). КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1990). Қазақстан Ұлттық Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор. Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері.
Қ.Бітібаева «Біздің «Ой тастау, ойланту» технологиямыз: бүгінгі сөз болып жүрген оқушыға субьект ретінде қарау; құзыреттіліктерді қалыптастыруға негізделген шығармашылық тапсырмалар; оқушылардың сыни тұрғыда ойлау қабілеттерін дамыту; білімді оқушылық деңгейден өнімді, шығармашылық деңгейге дейін көтеру; дарын көздерін ашу; ғылыми-іздендіру жұмыстарына баулу мәселелеріне негізделген»,-деп «Ой тастау, ойланту» технологиясының маңыздылығын атап көрсетеді.
«Ой, ойлану, ойланту барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе – өзіндік ойлау, өзіндік пікірде жатыр. Әдебиетті оқытуда мұғалім оқушыларға көркем туынды туралы оқулық авторы, не ғалымдар пікірін қайталауда, не соны қаз-қалпында мазмұндатуды мақсат етпеуі керек, ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де, күрделілігі де осында», – деп технологиясының маңыздылығын атап көрсетеді.
«Әдебиет – асыл ойдың сабағы. Бала әр сабаққа ойланып келіп, сабақтан ойланып кетуі керек. Ойсыз өткен сабақ – бос, өнімсіз сабақ»,-дейді Қанипа Омарғалиқызы. «Әдебиет-сөз сабағы, көбінде сөздік әдістер арқылы білім берілетін пән. Ал айтылатын сөздің бәрі есте қала ма, жоқ па, ол – әрине, зерттеуді қажет ететін мәселе. Ал бұл модель – мұғалімнің оқытуда конструкциялық жобалау технологиясына арқа сүйенетінін көрсетеді. Өйткені оның өнімді нәтиже берері сөзсіз…» – деп Қанипа Омарғалиқызы КЖТ-на (конструкциялық жобалау технологиясына) анықтама берген.
«Мақсатым – сабақты қызу еңбекке құру: сабаққа оқушыларды тыңдаушы дәрежесінде емес, еңбек етуші, білімді өз еңбегімен алушы (білімді өз еңбегіне қарай алушы) дәрежесінде қатыстыру.
Олар – пікір айтушылар, қызу айтысқа қатысушылар, көркем шығармаға деген өз көзқарасы, эстетикалық талғамы қалыптасып келе жатқан азаматтар. Сол себепті де оларды сабақта үнемі іздендіріп отыруды мақсат етемін» – дейді Қ.Бітібаева. Оқушының өз ойын айтуға үйрету. Сен қалай ойлайсың? Сен дұрыс айтасың. Бала сабаққа ойланып келіп, ойланып кету керек.
Қ.Бітібаеваның оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу бағытындағы сабақтары тиімді болған. Сабақтың түрлері: билер кеңесінің отырысы, мен-зерттеушімін, пікір қорғау сабағы, кіші зертханадағы ғылыми кеңес, үндестік сабағы (ұлылар үндестігі), жобалар сайысы, өнер жарысы сабағы. Мұғалімнің жетекшілігімен түрлі тақырыптарды сабақтарды түрлендіріп, оқушыларды ғылыми жұмысқа баулу мақсатында тиімді қолдана білген.
Сабақ барысында тақырыпқа байланысты оқулықтан мәлімет келтіруді сілтеме көрсету арқылы үйретсек, ғылыми жұмыс жазуға үйренеді. Сабақта жоба қорғау үйрету. Ол үшін алдын ала екі тақырып беріледі. Мысалы, 10-сыныпқа – І жоба. Аралдың экологиялық мәселесі. ІІ жоба. Эколоогиялық апаттар сияқты мәселелері беріледі. Балалар сабақтың конференция сияқты өткеніне қызығады. Бұл балалардың ғылыми жұмысқа деген қызығушылығын тудырады.
Оқушылардың жазылым әрекетін дамыту үшін конструкциялап жобалау технологиясы (КЖТ) өте тиімді болады. Күнделікті қазақ тілі мен әдебиеті сабағында шығарманың көтерген мәселесін анықтау, идеясы мен тақырыбын тауып жазғызу үшін қолдануға болады. Оқушының жазылым іс-әрекетін дамытуда өте тиімді. Мысалы, 6-сыныпта Абай туралы тақырып берілген. Абай әлемі деп алып, кординаттарын өзіңіз ұсынып, оқушыға бағыт-бағдар бере отырып, ойланып жұмыс жасауға үйретесіз. Бала күнделікті қолдана білсеңіз, дағдыланып жылдам жұмыс жасайды. «Абайдың қандай шығармалары бар? Негізгі көтерген идеясы, басқа шығармалармен үндестігі» деген сияқты сұрақтармен кординаттарын жасап берсе, баланың сабақта ойлана отырып, белсене жұмыс жасауға үйретеді.
Конструкциялап жобалау технологиясын топтық жұмыста тиімді пайдалануға болады. Оқушыларды топқа бөліп, екі кординаттан топтарға бөліп бересіз. Топпен толтырады. Дидактикалық көмек материал ретінде де қолдана аласыз.
Қазіргі кездегі кері байланысты Қ.Бітібаева «Оқушы үні» деп пайдаланады. «Осы әдіс-тәсілдердің пайдас қандай?» деп ой тастайды. Оқушылар бірден «кординаттар сызуды математика сабағында пайдаланамыз» деп жауап береді. «Шығармадан алған әсірің қандай?» деп сұрақ шығарманы оқығаннан соң да, шығармадан алған әсерлерін білу мақсатында пайдалануға болады.
«Бестік диктанты» әдісінде оқушыларға шығарманы оқығаннан кейін қолдануға болады. Мұғалім сабақта өткен шығарманы үйден толық оқып келуін талап етеді. Мыласы, 10-сыныпта Б.Соқпақпаевтың «Он алты жасар чемпион» әңгімесін өткенде осы технологияны қолданып көрдім. Барлық оқушы шығарманың мазмұнын жазып берді. Сіз оған қарсылық білдірмейсіз. Себебі, оқушының ойлауы солай болып тұр. Енді шығарманың қандай мәселе көтергенін өзіңіз айтып бересіз. Содан кейін оқушылар оқыған шығарманың мәселесіне назар аударуға тырысады.
Бұл диктанты жақсы меңгеріп, балаға проблеманы тастай алатын болсаңыз, «Бестік диктанты» жазған 15 бала болса, 15 бала өз ойын айтады. Сабақ соңында балаларға кері байланыс жасағанда, балалар шынайы жауап береді. Мысалы, «диктанты мұғалім өзі оқитын» десе, «бұл диктант тосын болды» деп жазып жатады. Енді бір бала: «Мен автор сияқты болып кеттім. Өз ойымнан шығарма жазып жатқандай сезіндім» дейді. «Бестік диктанттың» өзіндік ерекшелігі сол — мәтін әдебиеттен оқып жатқан көркем туындыдан алынады, екіншіден, ол қазақ тіліндегі тақырыппен байланыстырылады, үшіншіден, оқушы әдеттегі диктанттардағы өнімсіз іс-әрекеттен, яғни көшіруші, қайталаушы емес, оның мәтінін өздері құраушы дәрежесінде болады.
«Бестік» диктанттарды поэзиялық шығармалар негізінде де жүргізуге болады. Өлең мәтіні оқушылардың алдында жатады. Мұғалім сұрақтарына оқушылар өлеңнен жауап іздеп, тауып жазып отырады. Бұл жұмыстар көру диктантына үндес болып келеді.
Бұл диктанттың ұтымдылығы.
«Бестік» диктантының мәтінін мұғалім емес, оқушылардың өзі құрастырады; дәстүрлі диктанттарда бүкіл сынып бір мәтінді жазса, мұнда әр оқушы өзіне берілген шығармашылық еркіндікті пайдалана отырып, өз мәтінін жазады; оқушылардың еске сақтау қабілеттері жетіледі; қазақ тілі мен әдебиетінен алған білімдерін жаңа мақсатқа тиімді пайдалануға талпынады.
Сонымен тіл дамытуға арналған шығармашылық бағыттағы диктанттың бұл түрлері оқушылар танымын белсенді етуде, қызығушылығын арттыруда, әсіресе әдеби тілін дамытуда, сауаттылыққа баулуда өте тиімді болып келеді.
Оқушыларға ой тастау арқылы жазба жұмысына баулу, ойланып барып пікірін айтуға дағдыландыруға арналған әдістің бірі – «Егер мен..» сөйлемді жазғастырып жазады. Мысалы:
Егер мен журналист болсам..(сұқбат-диалог)
Егер мен әртіс болсам..(көрініс, рөлдік ойындар)
Егер мен жарнама компаниясында жұмыс істесем..
Егер мен суретші болсам…
Егер мен режиссер болсам ..(әдебиет сабағында бір шығарманы өткен соң)
Тіл дамыту жұмыстары арқылы оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелеуде, сауаттылыққа баулуға арналған тапсырмалар:
«Төрт бұрыштағы суреттер»
Орындау барысы: оқушылар белгілі бір тақырып бойынша әңгіме құрайды және оны иллюстрациялайды. Тапсырманы орындап, өз постерлерін ортаға ұсынды.Сыныпта бұл тапсырманы орындау барысында талғамы бар, сурет салуға бейім тұлғалар анықталады. Бұл стратегия нағыз шығармашылық жұмысқа бағытталған, себебі оның мақсаты тек әңгіме құрастыру ғана емес, әңгіме барысын иллюстрациялау. Яғни, сурет салу керек.
«RWCT» – мәтінді зерттеу әдісі
Орындау барысы: Мұғалім оқушыларды топқа бөліп, ой қозғайды. Тақырыпқа қызықтырып бағыттайды. Оқушылармен бірге мәтінді зерттейді. Кейіпкердің ерекшеліктерін тануға бағыттайды.
Оқушылар мәтінмен өздері танысады. Мәтіндегі ең құнды нәрсені анықтайды. Жеке кейіпкерлерді талдайды, өздерін олардың орнына қойып, қарайды, салыстырады. Мәтіннің тілдік ерекшелігі туралы сұрақ қояды. Шығарманың негізгі мазмұнын анықтайды. Өз ойларын жазады. Ойларын қорытып, оны қағаз бетіне түсіреді. Өз тұжырымдамасын жасайды.
«Дәйексөз»
Мақсаты: оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту.
Орындау барысы: флип-чартқа өтілген мәтіннен бірнеше дәйексөз жазылады. Дәйексөз жазылған флип-чарт қабырғаға ілінеді.
Әр топ бір дәйексөз таңдайды.
Топтар берілген үлгі бойынша шығарманы талқылайды.
Осындай технологиялар оқу – тәрбие жұмысында оқушының жеке басын дамытуға бағытталып отырады.
Қорыта айтқанда, технологияларды дұрыс қолдану арқылы оқушылардың ішінен дарынды, қабілетті оқушыларды таба біліп, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін арттыру.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Бітібаева Қ. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. – Алматы, 1999.
- Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары (Мұғалімдерге арналған құрал). – Алматы: Рауан, 1990.
3.БітібаеваҚ. О.Әдебиетті оқытудың инновациялық технологиясы.Өскемен2002ж
4.БітібаеваҚ. О.Абай шығармаларын мектепте оқыту.Өскемен
5.БейсенбаеваА.Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру. Алматы – 1995
керемет
керемет жазылған