Ахмет БІРІМЖАНОВ- АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ

ХХ ғасырдың басында император ІІ Николайдың  «Сөз, жеке тұлғаның бостандығы, жиындар мен қоғамдық ұйымдардың бостандығы» деген Манифесіндегі жазуымен орыс революциясы қазақ даласына өзгеріс әкеліп, ел қамын жеп отаршыларға қарсы саяси көзқарасы қалыптаса бастаған қазақ зиялылары енді елдің басын қосып, империяның озбырлығына бірігіп күресуді осы уақытта бастаған еді. Дәл осы тарихи кезеңде Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаевтармен бірге Ахмет Бірімжанов та Алаш қозғалысының ортасында жүріп, есімі таныла бастады.

Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы – Алаш партиясының көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі. 1871 жылы 7 желтоқсанда Торғай уезінің Тосын болысының № 1 ауылында дүниеге келген. Арғы аталары атақты Арғын-Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр және Шеген би. Жастайынан зерек болған Ахмет Орынбор ерлер гимназиясын 1891 жылы күміс медальмен бітірсе, Қазан университетінің заң факультетін 1895 жылы алтын медальмен бітірген. ЖОО бітірісімен Орынбор округтық сотының кандидаты, онан кейін Торғай уезінің бітімші соты болып істеп жүргенде, 1906–1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланады. Думада ол мұсылман фракциясының белсенді мүшесі болған. Фракция төрағасының орынбасары қызметін атқарған ол ұлт аймақтары мен қазақ халқының мүддесін қорғады.

1906 жылы 2 шілдеде Дума отырысында сөз сөйлеп, аграрлық комиссияға қазақ депутаттарын енгізуді ұсынған болатын. Депутат А.Қалменев екеуі қазақ жерінде қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының заңсыздықтары туралы жоғарғы үкімет билігіне сұрау салады. А.Бірімжанов ІІ Думада әскери дала соттарын жою туралы заң жобасын жасау комиссиясының құрамына енеді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң алғашында Уақытша өкіметтің Торғай уезінің комиссары, онан кейін Қостанай уезінің комиссары болған. Сол жылдары елде белең алған қоғамдық-саяси және Алаш қозғалысына Ахмет белсене араласа бастайды. 1917 жылы 21-26 аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Торғай облысы қазақтарының атынан Бүкілресейлік құрылтайға депутат болып сайланды. 1917 жылы желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезінде А.Бірімжанов Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына сайланды. Алашорда үкіметі мүшелерінің Уфада өткен кеңесіне қатысып, Алашорда әділет министрі болған.

Алаш партиясының және үкіметінің сайланбалы мүшесі болды.  1919 жылы Кеңес өкіметі Алашорда қайраткерлеріне  ресми кешірім жасалғаннан кейін, Ахмет Бірімжанов Қазақ автономиясы Жоғарғы сотының мүшесі, одан кейін де Жоғарғы сот саласында жауапты қызметтер атқарды. Қызылорда республиканың астанасы болғанда қазақтың зиялы тұлғалары А.Байтұрсыновпен, Ә.Бөкейхановпен, М.Дулатовпен, олардың отбасымен араласып, сыйласып тұрған. Ахмет Бірімжанов 55 жасында қауіпті кеселге ұшырап, содан Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербургте) 1928 жылы қайтыс болып, сол қалада жерленген. Соңғы сапарға Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан шығарып салыпты.

Тарихымызда айтатынымыз, Алаш-Орда қозғалысына белсене қатысқан екі Ахмет болғаны тарихтан белгілі. Олардың біріншісі – ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынов, екіншісі — заңгер Ахмет Бірімжанов. Осы Ахмет Бірімжановтың туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Ахметтей атамыздың қазақ даласы үшін орны бөлек екені анық. Кеңес үкіметі кезінде заң орындарында жауапты қызмет атқарып, қоғамға белсене араласқан тұлға ретінде танылған.

Әлия Маратова,

Тарих, археология және этнология факультетінің 4-курс студенті

 Ғылыми жетекшісі — Сабырхан Смағұлов,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *