ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ!
Отан – әлемдегі барлық адамдар үшін маңызды және қымбат сөз. Ал, тәуелсіз елдің азаматы болу бұл үлкен мақтаныш. Тәуелсіздік – бұл мемлекет пен ұлт тарихының құнды парағы, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы.
Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ және бұл байлыққа қол жеткізу үшін екі жүз жылдан астам уақыт қажет болды. Отан үшін және оның болашағы мен гүлденуі үшін болған күрестердеөте көп адамдар қаза тапты. Қазақ даласы мен біздің ата-бабаларымыз әр түрлі кезеңдерді бастан өткерді: олар халқын жоңғарлардан қорғады, патша өкіметі кезіндегі езгіге шыдады, Ұлы Отан соғысы кезінде жанқиярлықпен шайқасып, ерлік көрсетті. Біз ата-бабаларымызды еске алып, оларды мақтан тұтуымыз керек, өйткені біз қазір сол тарихи тұлғалардың арқасында мықты әрі азат елде өмір сүріп жатырмыз.Сондай-ақ, «егемендік», «тәуелсіздік» сөздерінің құндылығын ұмытпауымыз қажет.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Республиканың тәуелсіздігі және Мемлекеттік Егемендігі туралы заң қабылдады. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасы посткеңестік кеңістікте соңғылардың бірі болып өзінің мемлекеттік егемендігін жариялады. Бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде, халық жас республиканың Тұңғыш Президенті –парасатты саяси қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. Өзінің көрегенділігі, саяси және дипломатиялық көзқарастарының негізінде ол мемлекеттің жаңа моделін құруға бар күшін жұмсады. Халыққа өзгерістерді қабылдау қиынға соқты, алайдаЕлбасымызбарлық сынақтардан өтіп, қиындықтарды жеңе білді. Сол себепті, Тәуелсіздік күні әрбір қазақстандық үшін өткен күннің мақтанышы, қиын күндер жемісі. Ал өткен тарихты өз дәрежесінде құрметтеп, зерттемейінше болашақты бағдарлау және жоспарлау қиын.
Қазір, Қазақстан Республикасы жас тәуелсіз мемлекет болып табылады. Алайда, тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішінде елде айтарлықтай ауқымды мемлекеттік өзгерістер болды. Қолданыстағы экономика жүйесі түбегейлі өзгерді. Бүгінде біз әлемдік экономикалық жүйеге интеграциялануға қабілетті, нарықтық экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында көшбасшы мемлекетке айналды. Сондай-ақ, әлеуметтік және зейнетақы жүйелерінде елеулі реформалар жүргізілді. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды қолданудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарудан азат ел деп жариялады.Қазақстан халқы қазір 1995 жылы қабылданған Конституция–Қазақстан Республикасының Негізгі Ата Заңын сақтай отырып, бейбіт азаматтық қоғамда өмір сүруде.
Қазақстанның халықаралық саясаты біздің мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің халықаралық кепілдіктеріне қол жеткізуге бағытталған. Шет елдермен достық қарым-қатынас орнату үшін орасан зор жемісті жұмыс атқарылды. 120-дан астам ел ресми түрде мойындап, Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада танымал болып, әлемдік экономикалық жүйелер арасында лайықты орын алды деп сеніммен айтуға болады.
Қазақ елінің дамуы бір орында тұрған жоқ. Жылдан жылға өркендеп, өсіп келеді. Бүгінгі күнде ерекше мәдениет пен дәстүрлер тоғысқан, тарихы тереңнен бастау алатын, бейбітаспаны бар, тәуелсіз қазақ даласы ғасырлар бойғы ерең еңбектің жемісі.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысындаҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» – деп, жас буынға сенімін нық айтқан еді. Ал біз осы сенімді ақтауға және жүзеге асыруға әрдайым тәуелсіз елдің жас буыны ретінде дайын болуымыз керек.
Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Медина Ерғалиқызы, 1-курс студенті.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718