Мұқағали шығармаларындағы ұлттық таным мен ұлттық код көрінісі

Алып  ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі әр туындысынан өрнек тауып, оқырманының ойына  сезім, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген –  ақиық  ақын Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен  жоғары  адами қасиеттерімен даралана білді.  «Жазылар естеліктер мен туралы, біреулер  жан еді дер өр тұлғалы , біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, бүтінделмей кеткен бір ер- тұрманы», — деп ақынның өзі айтып кеткендей бүгінгі жазбамда сыры тұңғиық ақынның туындыларындағы ұлттық таным мен болмыс, ұлттық кодтың  көрініс табуы жайлы болмақ.

Халық пен қоғам, дәуір мен әдебиет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан,  сол қоғам мен дәуірдің ақиқатын айқындайтын ірі тұлғалар әдебиет  айдынында жүзеді.  Олар осы айдынның  тұнығы мен лайсаңынан қармап ішіп,  өз сүзгісінен өткізген  дүниесі арқылы  дүйім жұртты сусындатады емес пе?!  Мұқағали Мақатаев та өз айдыны – халқының  бойындағы ұлттық болмыс пен таным  көкжиегінен алшақтамауы заңды құбылыс.

Ақын  өлеңдерімен сусындау-   әлемде махаббат деп аталатын сезім мен құдіреттің барын ұғыну,  халықтық дәстүрді тану десем, қателеспеспін.  Осы тұрғыдан алғанда ақынның ұлттық қасиетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді танытатын жырларының бірі «Наурыз айы туғанда» өлеңі. М.Мақатаев бұл өлеңінде қазақ халқының арада қаншама жыл үзіліп барып жалғасын тапқан салт-дәстүрі – Наурыз жыл басы туралы, наурыз айының халық арасындағы қадір-қасиеті, халықтың жыл басын күтуі, қасиет тұтуы жайын кеңінен жырлайды.

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда

 

Наурыз  айында күн мен түн теңеліп, жаңаша күн басталатын кезде   қасиетті жердің бусанып, табиғат ананың құлпыратын шағы да осы – Наурыз айы. Ақын қазақы дәстүрді осы жаңа күнмен, жаңа жылмен байланыстыруы да сондықтан шығар. Сақталған сыбағаның сапарға кеткен иесінің аман-есен оралуына тілектестігі де өлең бойында әдемі суреттеледі. Сыбаға сақтау, адамдардың бір-бірін қонаққа шақырып сыбағасын беру – бұл ата-бабамызда бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр. Ақын, халық арасында біраз уақыт үзіліп, тойланбай кеткен салт-дәстүрді өлең жолына арқау ете отырып, қайта жаңғыртып отыр.  Өлең мазмұнынан наурыз айының ерекше қасиетін танимыз.

Осы сияқты  халықтық дәстүрлердің ақын шығармаларынан орын алуы өз халқын сүйетіндігінің белгісі сияқты көрінеді.

Тұсау кесу – қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» — деп өлеңдетіп қазақтар сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүгіртеді, шашу шашады. Тұсау кескен адамға кәдесін береді, мәселен «Сәби болғым келеді» өлеңінде жырға қосады:

Қанаттанып өмірге ұшарымда
Кесілмесе бәрібір тұсауым да
Сәби болғым келеді, сәби болғым
Сәбиі жоқ ананың құшағында.

Бәсіре – бала жеті жасқа келгенде оған құлын, тай атайды. Бәсіреге аталған мал баламен бірге өседі. Оны «бәсірен»  мал дейді. Мысалы, жылқышы атам – қамқоршы, асыл еді,

Әкелді де, ерттеді бәсіремді – дейді.

Қазақы салттың қаймағы  беташар салтына байланысты туған «Беташар» өлеңінде:

Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін бастады.
Боз жаулық жауып қыздарға
Шаңырақ құра бастады, – дейді.

Тәбәрік беру – дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ата-бабаның қастерлі бұйымдарын ұрпағына мұра етіп қалдыру оларға үлкен ескерткіш, естелік болып табылады. Ақынның «Әке, сенің тастап кеткен мұраңды» өлеңінде:

Әке – сенің тастап кеткен мұраңды
Төрт немерең көрген шақта қуанды
Терің сіңген тақияға жармасып
Алма- кезек бірінен соң бірі алды, – деп жас өскелең ұрпақты ата-баба мұрасын көненің көзіндей көруге насихаттайды.

Халқымыздың  жас босанып, өмірге ұрпақ әкелген ананың  ағзасында жоғалтқан дәрумендерін толықтырып,  алдағы денсаулығының жақсы болуы үшін жегізетін «қалжа жеу» сияқты өнегелі дәстүрі де ақын өлеңінен орын алды:

Анаға адал жолдасы,
Тыңайтпақ болып,
Даярлап жатыр қалжасын.

Ұлттық таным – ұлттық салт- дәстүрді дәріптеу, тану , оны сақтау сияқты сатылардан көрініс тауып, ақын шығармалары арқылы  болашақ ұрпақтарының  санасына енсе, ұлттық кодымыз  өшпеуі – шындық.

Біздің ұлттық  кодымыз – ол өлең.  Осылай деуім   әбестік болмас. Ұлы Абай: «Туғанда дүние есігін  ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең , —  десе,  Мұқағали  қазақтың  қара өлеңін құдірет көріп,  қазақтың өлеңі жоғалмау жолына азаматтық үнін қосуы қазақ пен өлеңді егіз  көргендігінен шығар.   Мұқағали ақын да өз өлеңдері арқылы осы кодты нақтылай түскен сияқты көрінеді . Мысал келтірсек, « Өлең керек» деген өлеңінде:

Сая болып жаныңа емен, терек,
Жетер енді жатқаның көлеңкелеп.
Өгейсінбей өзі боп қалу үшін,
Өнер керек ұрпаққа, өлең керек! – деп толғайды ,  ал «Хал сұрама,  жыр сұра» өлеңінде:

Бәрі де өтер…
Ешкім де білмес емін
Күнім батпай, алдымен жырым батса,
Бір сағат та жер басып жүрмес едім, —  өлең – жырды  өмірінің өзегі санайтынын  алға тартады.  Бұл арқылы  жырымыз бітсе, халқымыз біз сөз қылып отырған ұлттық  кодынан, тамырынан ажырап қалатынын алға тартқысы келгендей көрінеді.

«Кем  болып жаралғам жоқ мен ешкімнен»- деген өлеңінде  мына жолдар арқылы :

Сәби-халқым, саған мен масқарамын.
Сәби-халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың санамда тұрақтаған  —  осы жолдар  арқылы   халқының  үні мен жыры  өз сөзі, яғни келешектің айтары  екенін  айтып тұрғандай болады.

Қорытындылай келе,  бүгінгі  ұрпақ, яғни біздер қазақ  өнерінің  қаймағын  сақтаған  осындай ақындарымыздың  шығармаларын оқып,  ой түйсіну  арқылы  болашақтың  шырағданын  сөндірмей , ұлттық таным мен болмыстан  ажырамасымыз  анық  дегім келеді.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мақатаев М. Шуағым менің. – Алматы: Жазушы, 1975. – 87 б.
  2. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты: Филол. ғыл. д-ры дис. –

Алматы, 1997. – 303 б.

  1. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы: Жазушы, 1989. – 493 б.

 

 

Орындаған:   А. М. Егизбаева

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *