Менің педагогикалық философиям
Менің педагогикалық философиям
Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің ірге тасы. Тәрбиеші баланың болмыс бағдарын жасаушы, келешек ұрпақты тәрбиелеуші. Мен үшін балабақшадағы балаларды тәрбиелеу үлкен мәртебе. Ақын атамыз М.Жұмабайев айтқандай, «тәрбие адам баласын кәмел жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» деген екен. Сондықтан педагогтар ел болашағы ұрпағымыздың ертеңіне, тәрбиесіне жауапты жандар.
Бала бойында білім нәрін себетін өмірге, алғаш қадам басуына ықпал жасайтын, адамгершілік құндылыктарын қалыптастыратын басты тұлға-тәрбиеші. Елбасымыз Н.Назарбаев халқымыздын болашағы тереңінен толғай, «мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпақты білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу ұлтымыздың болашақ айнасы» дегені мәлім. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін педагог-баға жетпес биік тұлға. Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай әр балаға білім беріп, оған заман талабына сай өмірлік бағыт сілтеп өмірге «кірпіш» болып қалануына зор үлес қосушы-тәрбиеші.
Әр тәрбиешінің педагогикалық философиясы болатыны баршамызға мәлім. Тәрбиеші болып жұмыс істеу барысында менің педагогикалық философиям қалыптасты. Бірақ, оның көптеген қырларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, жүрегіммен, жан-тәніммен сезіне аламын.
Мен балабақшада бесінші жыл еңбек етудемін. Тәрбиеші болудан ешқашан жалыққан емеспін. Ұжымымның өмірінде әр тәрбиешінің басынан небір қызықтар өтіп жатады. Бірақ, бәрінен де жарқ етіп, есте қалғаны –тәрбиеші болып алғаш еңбек ету кезеңім болды. Балалармен бірінші кездесуімде жылы сәттермен толығып, балаларға деген махаббатым одан әрі күшейе түсті.
Менің өмірдегі ұстанымым – жүрек қалауыммен балалармен жұмыс жасау, олардың қуанышы мен қызықты өткізген күндерінен нәр алу. Олардың әрбір былдырлап сөйлеген сөзі, істеген қылықтары, олармен жұмыс жасау үлкен қуаныш екенін сезіндім.
Елбасының жолдауында айтылғандай заман талабына сай тәрбиеші болу үшін жан-жақты оқыған білімді жетілдіріп жаңа технологияны қолдана білу болып табылады. Тәрбиеші ретінде, жан-жақты білім алуға, заман талабына сай жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балаларға дұрыс тәрбие беріп дамыту. Күнделікті жұмыс барысында жан-жақты үйренген білімдерімді пайдалана отырып, өзімнің құзіреттілігімді арттырамын. Әрбір маман шығармашылығының шеберлігін, талантын жаңғыртып өз ісінің шебері атанса нұр үстіне нұр болар еді.
Таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, өз өмір тәжірибемнің, мейірімнің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала, ешнәрсеге де алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Пәк көңіл балаларыммен ара-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды, себебі мен оларға, олар маған керектігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр педагогтың бақыты деп ойлаймын.
Тәрбиеші: Усманова Ардак Нуркасимовна