Мектепке дейінгі ұйымда экологиялық тәрбие берудің бала психологиясына әсері
Мектепке дейінгі ұйымда экологиялық тәрбие берудің бала психологиясына әсері
«Табиғаттағы барлық жылу – күннен,
өмірдегі барлық жылу – адамнан»
Михаил Пришвин
Мектепке дейінгі білім беру ұйымында біз алдымыздағы кішкентай бүлдіршіндердің санасына адамгершілік құндылықтарын сіңіре отырып, табиғатқа деген, айнала қоршаған әлемге деген балалардың сүйісеншілігін оятып, аялауға тәрбиелеуіміз керек. Себебі бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған өмірлік маңызы бар ауқымды мәселелердің бірі де, бірегейі ол – табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Өйткені табиғатқа жанашыр болу адамзат қоғамына, оның келешегіне жанашырлық жасау болып табылады. Бізді қоршаған әлемге қамқорлықпен қарап, оның бойындағы бар байлықты адам игілігі үшін мүмкіндігінше ұтымды пайдалану , өндіріп, өсіріп, аялап, көркейту – бүгінгі күні бүкіл адамзат қоғамының алдында тұрған ортақ міндет. Ал бұл міндетті жүзеге асыратын біздің еліміздің келешегі – жастардың еншісінде. Осы орайда педагогикалық мәселелер алғы шептен орын алады, өйткені өсіп келе жатқан балғын ұрпақ отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектеп қабырғасында жүріп табиғат, оның адамзат үшін пайдасы туралы, айналадағы табиғи ортаны сақтау және онымен дұрыс қарым-қатынас жасау туралы алғашқы мағлұматтарды осында алады. Сондықтан да балабақшадан бастап балаларға экологиялық тәрбие берудің маңызы зор.Себебі балғын балауса балаларды табиғатты сезініп, түсініп, қастерлей білуге үйрету экологиялық тәрбие жүргізу арқылы жүзеге асады.
Балабақшада экологиялық тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ұсынылатын материалдарда балалардың жас ерекшеліктерін, психологиялық физиологиялық қабылдау мүмкіндіктерін ескеріп, оны тәрбие процесінде тиімді пайдаланған дұрыс. Бұл балалардың отбасында өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне деген қызығушылығын, оларды сырттай бақылап, өсімдіктерді басып-жаншып сындырмау, өзен-көл суларын ластамау, қоршаған ортада тазалық сақтау сияқты адамға ғана тән табиғат қорғау іс-әрекетінің ата-аналардың ықпалымен жүргізілуі балалық шақтан дағдыға айналып, күнделікті өмірде орындауға тиісті міндеттерге айналуына мүмкіндік туғызады.
Балдырғандарға табиғаттың негізгі ерекшеліктерін, төрт жыл мезгіліне байланысты айнала қоршаған ортада, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінде болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарды көрсету, сезіндіру, байқату барысында баланы дамыту мақсаты көзделеді. Тіпті балалармен жүргізілетін барлық педагогикалық процестер, ақыл-ойын, тілін дамытуда пайдаланатын ойындар, жұмбақ-мысалдар, әңгімелер, қолданылатын көрнекі құралдар мен ойыншықтар болсын, бәрі-бәрі табиғаттың жемісі екендігін ғалымдарда балаларға айтып, түсіндіру маңызына жіті назар аудару қажеттігін айтуда.
Қоршаған әлеммен таныстыру мектеп жасына дейінгі баланың сезіміне әсер етіп, оның тілін дамытуға жағдай жасап, айналадағы өмірді, табиғат құбылыстарын бағдарлап, бойларына сіңіруге мүмкіндік туғызады. Бұл жастағы баланың өмірдегі нақты заттар мен құбылыстар жөнінде, ол заттардың өсу, даму ерекшелігі, өзара айналасы жөнінде өздігінен ой қорытындыларын жасап, басқаларға түсіндіруге әрекеттенушілігі, көрнекті, образды ойлау қабілеттілігі басым болатыны белгілі.
Мектеп жасына дейінгі баланың ойының және тілінің дамуы қоршаған ортаны табиғатты қабылдауына, бала тілінің жетілгендігі ақыл-ойдың даму нәтижесінен туындайды. Осы жастағы баланың қабылдауы, көру, есту, иіскеу, тыңдау, сезу сияқты танымдық процестер көмегімен жүзеге асады. Сондықтанда нақ осы шақта балаға мүмкіндігінше қоршаған орта туралы мағлұматтарды тура, әрі кең мағынада беріп, табиғатты қорғау, қастерлеу сынды қабілеттерін дамыту маңыздылығы зор. Сол себепті балабақшада тіл дамыту ісін табиғатпен таныстырумен байланыстырып бақылау жұмыстарын алға қою ұсынылады.
Ал бақылау негізінде балалардың топпен серуендеу, зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде жүзеге асады.Серуен арқылы балаға қоршаған орта туралы толық мағлұмат беріп, ауа-райын, табиғатты, күнді, желді, топырақты, ағаштар мен жануарларды, құстарды бақылай отырып, білімін жетілдіріп, өздері үшін көптеген жаңалықтар ашуына мүмкіндік беруге болады.
Мектепке дейінгі шақта баланың танымдық дамуы эмоционалдық қарым-қатынастар арқылы қалыптасады. Әрбір жеке сәби – қоршаған ортаны қызығушылықпен қабылдайтын кішкентай зерттеуші. Сондықтан да бақылау мен зерттеу сияқты әдістер балаға неғұрлым түсінікті, әрі жақын болып табылады.
Осы орайда«Табиғатты танудың ең сенімді құралы – бақылау мен тәжірибе» деп Г.Галилей айтқандай, балабақшамызда жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін сан алуан түрлі зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Яғни, суды, ауаны, топырақты жан-жақты зерттеп, зерделеу барысында бүлдіршіндердің қызығушылықтары мен белсене ат салысуын байқап, мұндай жұмыстардың табиғатты тануда ұтымды екендігіне көз жеткіздік. Тіпті тәрбиешілер топ ішінде зерттеу бұрышына әртүрлі дән, гүл және көкөністер отырғызып, балаларға олардың өсіп жетілуін бақылауына жағдай жасап,оларға өсімдіктерді күтіп баптаудың маңыздылығын да көрсетті. Осы арқылы бүлдіршіндер өсімдіктердің қаншалықты нәзік екендіктерін көріп, күннің жылуынсыз, су мен жарықсыз адам ғана емес, өсімдіктердің де тіршілік етуі мүмкін еместігін, табиғаттың әсемдігі мен сұлулығының ғажап бір әлем екендігін өз тәжірибесінде сезіне алды.
Мұндай тәжірибелер балалардың ой-өрісін кеңейтіп, ойлау, сөйлеу, сезу қабілеттерін, сөздік қорын молайтып табиғатқа деген, осындай зерттеу жұмыстарына деген қызығушықтары арта түсетіндігіне, тіпті еңбекке де баулуға үлесі мол екендігіне көз жеткіздік. Және де балабақша педагогтары табиғат аясында ұзақ уақыт серуендеудің белсенділігі басым балалар үшін де пайдасы мол екендігін байқады. Себебі таза ауа, жарық, күннің жылуы барлығы баланың көңілін көтерсе, ағаш, жапырақ, тау, тас кесектері барлығы оның қызығушылығын оятып, қиялын дамытатынын байқадық. Ашық кеңістікте ұйымдастырылған қимылды ойындар , дидактикалық ойындар, танымдық қабілетін дамытатын психологиялық жаттығулар балалардың зейінін шоғырландырып, қабылдау, ойлау, есте сақтау қабілетін дамытып және де ашық алаңда ұзақ жүріп, әртүрлі қимылды ойындар ойнап, жүгіріп-секіріп бойын жазып, көңілін көтеріп, бір сергіп қалған бала топта берілетін тапсырмаларға белсенді болатынына көз жеткіздік. Баланы ойын өсіреді. Ойынға қатыспаған бала әлжуаз, қорқақ өз күшіне сенімсіз, бос кеуде, қиыншылыққа мойығыш болып өсетіні белгілі. Сондықтан енжар, өзіне сенімі төмен, жасқаншақ балалар үшін де табиғат аясында ұйымдастырылатын жұмыстар өте қажетті. Әрі мұндай жұмыстар баланың денсаулығын да нығайтып, дене бітімінің де сымбатты болып өсуіне септігін тигізетіні мәлім. Сондай-ақ ата-аналарға да балалармен таза ауаға жиі шығып, онымен араласып, әңгімелесіп, өзара байланыс орнатуға қолайлы орта екендігін түсіндіреміз. Әрі бала мен ата-ана өзара түсінісіп, балабақшадағы баланың өмірімен, достары мен қызығушылықтарын анықтауға ата-анаға мүмкіндік беретінін, бірге көңілді уақыт өткізудің бір себепшісі болатынын айтып, ата-анасын күні бойы көрмей сағынған баланың мауқын басуына да жақсы екендігіне олардың көзін жеткізіп, отбасымен табиғат аясында саяхат ұйымдастырудың бала психологиясына оң әсер ететінін айтып өз кеңесімді беріп отырамын.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтып кеткендей балалардың санасына қоршаған ортаны, бізді қоршаған табиғат әлемін аялауды, оны күтіп баптау қажеттігін, таза ауаның, жарықтың, күн жылуының, ағашар мен табиғаттың таза болуып, ластанбауының маңыздылығын бойына дарытып, жанашырлық қасиеттерін жетілдіріп өсірсек, сонда ғана біздің өскелең ұрпақ салиқалы да, көреген болып, сана сезімі мол, айналаға, адамзатқа, бүкіл болмысқа сүйсіне де, мақтана қарап, оны көзінің қарашығындай сақтап, құрметтеп, қорғайтын болады деп сенемін.