Бастамашылдық пен ұйымдастырушылық қабілетті қалыптастыру

Бастамашылдық пен ұйымдастырушылық қабілетті  қалыптастыру

Жунусова Ляззат Байботаевна

 «Педагогика және психология» ПӘК оқытушысы

«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК

 

Болашақ маманның ұйымдастырушылық қабілетін  қалыптастыру мақсаты мен міндеттері.

Болашақ ұстаздарды педагогикалық – психологиялық біліммен қаруландыру, олардың ең алдымен ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту педагог мамандарын даярлау ісінің маңызды тетігі.

Н.Ф. Кузьмина педагогтардың кәсіби әрекетке практикалық  даярлығының құрылымының маңызды компоненттері ретінде: конструктивтік, гностикалық, коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттерді атап өткен. [3]                                                                       .

Болашақ педагогтардың бойында  ұйымдастырушылық іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру технологиясына жете тоқталу қажет.

Ұйымдастыру дегеніміз орналастыру, құрастыру, тәртіп бойынша реттеу деген ұғымды білдіреді. Жеке тұлға бастамашылдық танытқан қандай да болсын әрекетте, ұйымдастырушылық аспект орын алады.

Ұйымдастырушы адам – бастамашылық жасаған ісіне байланысты  толықтай жауапкершілік алатындығы белгілі. Жауапкершілік өз алдына   мәселелерді анықтау, шешу жолдарын қарастыру, нәтижесін болжау, өздігінен шешім қабылдай алу сияқты жауапты әрекетерді жүзеге асыра алуды талап етеді. Шешім қабылдау бірнеше альтернативтік мүмкіншіліктерден біреуін  таңдау, жоспар құру, бақылау жасау, ынталандыруды қамтиды.

Ұйымдастырушылық жұмыстың мәні көздеген мақсатқа жету жолында әрекеттік жүйе құру, орындаушы адамдарды дұрыс таңдай білуді қарастырады[2].                                                                       

Ұйымдастырушы үнемі жаңа тартымды идеяларды ұсыныушы, басқаларды ынталандырушы, жұмылдырушы, біріктіруші тұлға.  Ұйымдастырушы белгілі бір әрекетке бастамашылық жасауда, маңындағы адамдарға идеясының ұтымдығын дәлелдей білуі керек, бұл жерде коммуникативтік құзыреттіліктің маңызы  да зор.                      

Тілдесуде бастамашылықты жеңіп алу, идеяға сендіру, ұтымдығына иландыра білу  шешендік өнердің болуын талап ететіні анық. Егер ұйымдастырушы идеясын басқаларға ұтымды етіп көрсете алмаса, оның жүзеге асуына ешкім де ат салыса қоймайды. Идеяға қызығушылық туғызу -ұйымдастыру жұмысының негізгі бастапқы шарты.

Білім алушылардың ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыру үшін ұйымдастырушылық қызметтің құрылымын білу қажет.

А. Щербаков ұйымдастырушылық қабілеттердің құрамына мобильдік, ақпараттық, дамытушылық және ориентациялық дағдыларды кіргізеді [4].                                                                        И. Ф. Исаевтың ойынша ұйымдастырушылық қабілеттерді құрайтын педагогикалық  іскерліктер:

– педагогикалық процестің қатысушыларымен іскерлік қарым-қатынас орната білу;

– білім алушылармен диалогтық әрекеттестік құра білу, оларға түрлі тапсырмалар беру , топтық, жеке жұмыс ұйымдастыру, өздік жұмыстарды тиімді орындата білу;

– білім алушыларға педагогикалық – психологиялық көмек, қолдау көрету;

– білім алушыларға өзара ынтымақтастықпен әрекет жасата білу;

– өз жұмысында жаңа ұтымды тәжірибені қолдана білу;

Осы аталған іскерліктер болашақ маманның бойында толығымен қалыптасуы қажет.

Әрине аталған іскерлік пен дағдыларды меңгеру, бірден  ұйымдастырушылық қабілеттердің қалыптасуын қамтамасыз ете алмайды, өйткені тек үнемі тәжірибеде қолдану арқылы ғана адам қабілеттері ұшталып, дамиды. Ендеше білім алушылардың ұйымдастырушылық қабілеттерін практика жұмысында үнемі қолдап, ынталандырып отыру маңызды.

Осы тұрғыда ерекше атап кетеріміз, кейбір мамандықтар бойынша білім алушылар бірінші семестрден практикаға барады, бұл өте ұтымды. Болашақ маман таңдағанын мамандығына  бірден бейімделе бастайды. Сабақтарда игерген теориялық білімін практикамен  ұдайы байланыстырып отыруға мүмкіншілік алады.

Білім алушыларды ұйымдастырушылық қызметке баулудың бірден бір жолы, оларға ұйымдастырушылық қызметтің алгоритмін игерту.

Бастапқы кезеңде білім алушыларды ұжымдық шығармашылық істердің қатысушылары ретінде қойып, оларға ұйымдастырушылық жұмыстың көрермені рөлін орындаушы болуын ұсынамыз. Бұл жерде олар ұжымдық шығармашылық істердің  жоспарлануы, дайындау кезеңі, өткізу, талдау, жуық арадағы нәтижесін байқауды игереді.

Екінші кезеңде білім алушыларға ұжымдық шығармашылық істердің белгілі бір бөліміне жауапты болуын ұсынамыз.

Үшінші кезеңде білім алушыларға ұжымдық шығармашылық істерді толықтай ұйымдастырып, өткізіп, оның нәтижесін бағалауын ұсынамыз. Өзіндік рефлексия жұмыстары да өте маңызды, білім алушылар өз мүмкіншілігін бағалай отырып, болашақта ұйымдастырылатын істердің жобасын жасауды, нәтижесін анықтауды үйренеді.

Сонымен, бастамашылдық пен ұйымдастырушылық қызметтің маңызды тетіктері:

1.Мақсат қою.

Білім алушылардың өз идеясын ұсынуы, бастамашылығын көрсетуі. Бастамашылдық (инициатива, лат.бастау) адамның өздігінен шешім қабылдауы. Әлеуметтік ортада  белгілі бір міндеттерді шешуде  белсенділік көрсетуі, көбіне қоғамға жақсылық жасау еңбегіне деген шығармашылық көзқарастарда көрініп отыратын адамның әлеуметтік белсенділігі деген анықтама берілген.                                         

  1. Идея ұсыну.

 Қандай да  бір істе бастамашылық көрсетудің алғашқы қадамы- идея ұсыну. Бастамашылдық тақырыбы кейінгі кезде көп зерттеліп жүрген тақырыптың бірі. Решетников П.Е. «Нетрадиционная технологическая система подготовки учителей» деген еңбегінде осы тақырыпты жақсы зерттеп ұсынған[3].

Болашақ мамандардың бастамашылдық сапасын дамыту – ұйымдастыру жұмысына даярлаудағы ең қиын мәселенің бірі. Осы тұрғыда ең алдымен болашақ маманға ұйымдастыратын іс-шараларды таңдауға еркіндік беру керектігі көрсетіледі. Болашақ мамандарға үнемі дайын нұсқаулар беріліп, не істеу керектігі көрсетіліп  талап етілсе, олардың бастамашылдығы төмендейді.

Бастамашылдық көрсету, қызықты идеялар ұсыну көбіне мектепте өткізілетін рухани – адамгершілік бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыруда  айқын көрінеді. Бұл жерде біз И.П.Ивановтың «Ұжымдық шығармашылық іс-әрекеттерді ұйымдастыру» идеясына сүйенеміз[2]. Болашақ мамандарды және оқушыларды  қоршаған ортаны жақсарту, қоғамдағы адамдардың бақыты үшін еңбек ету, қоғамға қызмет ету  идеялары бастамашылдықты оятудың  құралдары деуге болады.

Болашақ кәсіби құзіретті маман – заманауи қоғам талабына сай, жылдам ойлай алатын, жедел шешім қабылдаушы,  ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, керекті жағдайда бастамашылдық көрсете алатын, жауапкершілігі мол тұлға.

Құзыреттілікті қалыптастыру дегеніміздің өзі – болашақ  мамандардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып  креативті ойлаудың, интеллектуалдық  белсенділіктің жоғары деңгейін көрсету, жаңашылдық пен   білімге деген қызығушылық қалыптастыру, ізденімпаздықты тәрбиелеудегі күтілетін нәтижелер.

Педагогтардың бастамашылдықтары көбіне оқыту процесі барысындағы балалардың нақты мәселелерімен бетпе-бет келгенде, белгілі бір оқыту және тәрбие сұрақтарын шешу барысында көрінетіндігін байқаймыз.

Шығармашылық инициатива, сонымен қатар оқыту әрекеті барысында өз мүмкіншіліктерін  жүзеге асыру мақсатында ашылып отырады. Ұйымдастырушы – маман кәсіби әрекетінде қаншалықты жетістікке жетіп отырса, соншалықты оның бастамашылық қабілеті ашылып, дамып  отырады. Сондықтан педагог-психологтар баламен орындалатын әрбір іс-әрекетке шығармашылықпен қарауға үлкен мән беру керектігін ескертеді.

Инициатива – ұйымдастырушының педагогикалық  шеберлігін жетілдіру мақсатына байланысты келеді. Болашақта нағыз педагог маман болғысы келетін, өзінің авторлық тәрбие жүйесін құрастыруды көздеген ұйымдастырушының инициатива көрсетуі басым болып келеді. Осыдан ұйымдастырушының бойында кәсіби арманның қалыптасуын – өз педагогикалық қызметінің  шебері болып шығуына деген ұмтылысын қолдау қажеттігі айқындалады.[3]

Бастамашылдықты тәрбиелеу үшін:

  1. Ұйымдастырушының бастамашылдық идеяларының туындауына мүмкіншілік беру (дайынды ғана ұсынбау, таңдауға еркіндік беру);
  2. Ұйымдастырушының бастамашылдық идеяларын қолдау, жүзеге асыруына көмектесу;

3.Ұйымдастырушының бастамашылдықпен, шығармашылықпен орындаған істерін марапаттау, насихаттау және тарату.

 Бастамашылдық  шығармашылықпен тығыз байланысты, сондықтан ұйымдастырушының шығармашылық қабілетін, креативтік ойлауын дамыту маңызды.

Бастамашылдықты жеңіп алу үшін педагог-ұйымдастырушының  оқушылардың  алдында беделі жоғары болуы қажет.

Педагог-ұйымдастырушы  ұйымдастырушылық жұмыстың қыр-сырын, орындау алгоритмін жетік меңгеруі шарт:

  1. Алдыға қойған мақсатқа жетудегі мүмкіншіліктерді алдын-ала болжай алу, бағалау;
  2. Оқушылардың қызығушылығын ояту, белсенділікті оқушының ішкі қажеттілігіне айналдыру;
  3. Ұжымдық жоспар құру (барлық балалардың жоспарлауға қатысуын қамтамасыз ету);
  4. Дайындық өткізуде міндеттерді бөлу, тапсырмаларды беру барысында педагогикалық шеберлік таныту;
  5. Әрбір оқушының бастамашылдығын қолдап отыру;
  6. Міндетті түрде өткізілген іс-шараға талдау жасап отыру, ұжымдағы әрбір оқушының пікірін тыңдау, оның ойымен санасу, баға беру;
  7. Оқушылармен біріге отырып, жаңа идеялар ұсыну.

Балалармен жұмыс ұйымдастыру барысында, олардың жеке басына құрметпен қарап жеке тұлға ретінде қабылдауға ерекше мән беру керек. Мәселелерді балалармен кеңесе отырып шешу, олардың пікірімен санасу ұйымдастырушылық қызметте шешуші фактор болады.

Қорыта келе, ұйымдастырушылық құзыреттілік ең алдымен білім алушының функционалдық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Білім алушы қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана құзыретті маман бола алады. Білім алушының кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Құзыретті маман деп өзінің іс-әрекетін жоғары дәрежеде ұйымдастыра алатын, коммуникативтік дағдылары қалыптасқан, қызметінде үнемі оң нәтижелерге қол жеткізіп отыратын маманды атауға болады.

Әдебиеттер:

1.Евладова Е.Б. Дополнительное образование детей.  М.:ВЛАДОС,2004

2.Исаева И.Ю. Досуговая педагогика. Москва «Флинта»,2010

3.Решетников П.Е. Нетрадиционная технологическая система подготовки учителей: Рождение мастера-М.:ВЛАДОС, 2000

4.Сенкибаева А.Т. Мұғалімнің кәсіби құзырлылығын дамыту.//Білім берудегі менеджмент, №4.2009                                                                           

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *