Ресей бодандығын қабылдаудың шарттары мен салдары

Осы заманғы құжаттарда қазақ-орыс қатынасының теңсіздігін және құқықтық жарамсыздығын байқауға болады. Айталық, Әбілхайыр хан «жоғары мәртебелі» Ресей патшайымының қол астында болуға ыңғай танытады. Бұдан басқа Әбілхайыр өзін бүкіл қазақ халқының ханымын деп Ресейге өтірік мәлімет берді. Сондықтан патшайым хаты тек кіші жүз халқына ғана емес, бүкіл «қырғыз-қайсақ ордасының ханы Әбілхайырға» деп жіберілген болатын. Алайда Әбілхайыр қазақтың тек бір ғана жүзінің – Кіші Жүздің ғана ханы болатын. Тағы бір маңызды мәселе Әбілхайыр хан өзінің хандық өкілдігін теріс пайдаланып, орыс бодандығына кіру мәселесін қазақтың басқа хандары мен старшындары және батырларынан құпия ұстады.
Мұндай қйтұрқылықтардың хан ордасына орыс елшілігі келгенде ғана басы ашылды. А.Тевкелевтің елшілік талантының арқасында ашулы старшындар мен сұлтандар ант мәтініне қол қояды. Сөйтіп, қазақ хандығымен Ресей арасындағы бодандық туралы келісім шарт о бастан құқықтық жағынан күмәнді еді. Шарт мәтінін екі жақ өзінше түсінді. Қазақ басшылары өз дербестігіне нұқсан келтірмей, Ресеймен әскери және саяси одақ құрдық деп есептеді. Оның үстіне олар мұндай шартты кез келген уақытта тоқтата аламыз деп есептеді.
Айталық Әбілхайыр осы пиғылмен 1737-1738 жылдары башқұрт халқының Ресейге қарсы бас көтеруін қолдайды. 1740 жылы Хиуа ханы болады және сол жылдары Жоңғар хандығымен одақ құру үшін бірнеше мәрте талпыныс жасайды. 1741 жылы Әбілмәмбет хан Ресей бодандығын мойындамай, Жоңғар жағына өтетіндігін мәлімдеді. Қазақ даласының басшылары дербес сыртқы саясат жүргізуін тоқтатпай, өз аумағында Ресей заңдарын мойындаған жоқ.
Ал орыс билігі Қазақстан аумағы түгелдей олардың қол астына қарады және Қазақстан халқы Ресей патшасының боданы болды деп есептеді. Осындай жағдайларға қарамастан ХҮІІІ ғасырдың 30 жылдарынан басталған қазақ-орыс қатынастарын протекторатты-вассалды қатынас деп сипаттауға болады. Қазақ хандығы өзінің мемлекет ретіндегі дербестігін сақтап қалды. Ресеймен арадағы барыс-келіс тек сыртқы істер Алқасы (кейінірек Міністірлігі) арқылы ғана жүзеге асып отырды.
Орыс бодандығын қабылдаудың зардаптары мынадай. Қазақтардың Ресей бодандығын қағаз жүзінде болса да, мойындауы орыстарға қазақ даласында саяси әскери экспансиялық әрекеттерді жүргізуіне заңдық негіз берді. Қазақ жерін бодандаудың орыстардың ойынша екі жолы бар еді.
Біріншіден, қазақ-орыс шекарасына бекіністер салу және екіншіден, қазақ-башқұрт, қазақ-қалмақ қайшылықтарын өз ыңғайына қарай тиімді пайдалану.
Екіншіден ХҮІІІ ғасырдың басынан бастап, осы ғасырдың 50 жылдары аралығында Ертіс бойы, Орынбор, Жаңа Есіл (Горкий) сияқты бекініс қорғандар салынып тасталды. Қазақ жері Каспийден Оралға дейін, Ертістен Алтай тауларына дейін бой көтерген қорған қамалдардың ортасында қалды. Бұл орыстардың Кіндік Азияға сұғына енуі үшін, маңызды қадам болатын.
Бодандалған аймақтағы халықтың ішкі шиеленістердің орыс үкіметі өз пайдасына тиімді пайдаланды. 1733 жылдың сәуір айында А.Тевкелев сыртқы істер алқасына (коллегия) былай деп мәлімдеді: «Бұл қырғыз-қайсақ, қалмақ һәм башқұрттар дегеніңіз өте жабайы әрі жеңілтек халықтар. Егер бұлардың бірі Ресей әскеріне қарсы шықса, ондай бас көтеруді екіншісін соған айдап салу арқылы басып жаншып отыруға болады». Өлкелік әкімшілік басшысы И. Кирилов өлкені басқару туралы жасалған арнайы жобадан мынадай мәлімет бар: «Қалмақтар, башқұрттар және қырғыз қайсақтар (қазақтар – авт.) өзара келісімде күн кешпейді. Бұларды осындай қайшылық жағдайында ұстауымыз тиіс, егер қалмақтар қарсылық көрсетсе оларға қырғыздарды айдап салып, ал егер қырғыз қайсақтар көтерілсе, оларға қалмақтар мен башқұрттарды айдап салуымыз қажет. Сөйтіп, оларды орыс әскерін шығындамай-ақ бағыныштылық күйде ұстап тұруға болады».
1742-1758 жылдары Орынбор губернаторы И. Неплюев ұлтаралық алауыздықты өршіту саясатын белсене жүргізді. Қазақтардың орысқа қарсы бас көтере қалған жағдайға деп, ол «қырғыз қайсақтарды ауыздықтаудың қосалқы жоспарын» жасады. Қазақтар Орынбор билігіне қарсы болмашы бас көтерген жағдайда оларға қарсы Жайық, Орынбор, Ой және Сібірде орналасқан бес әскери жасақты қолданамыз деп жоспарлады. Сөйтіп И. Неплюевтің жоспарына сай жергілікті халықпен текетелес кезінде, әскери күштер кең ауқымда қолданылатын болды.
Ресей жағының қазақтар бізге бодан болса, олардың жерін шабуылдамаймыз деген келісім шарттағы міндеттемесі құрғақ уәде күйінде қалып, олар керісінше қазақ жерін басып жаншып отарлау шараларын аяусыз жүргізді. Шекараға жақын аймақтарда қазақтардың жер пайдалану құқы өрескел бұзылды. Айталық, 1750 жылдары Жайық және Ертіс өзендері арқылы мал айдап өтуге болмайды деген тыйым бекітілді. Сөйтіп, ХҮІІІ ғасырдың басында басталған саяси дағдарыс оның жүз-жүз болып, бөлшектеніп кетуіне және Ресейдің бодандығына алып келді.

1- курс студенті Н.Ә.Рысбек
Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Ж.М. Арынов

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *