ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ ҰЛТ БІРЛІГІ

Ел тарихында 1980 жылдардың басында КСРО экономикалық, әлеуметтік, саяси дағдарыс алдында тұрды. Әкімшіл-әміршіл жүйе қазіргі заманның нақты жағдайына жауап бере алмайтын еді. Қоғамның барлық жақтарын, оның экономикалық негіздерін, әлеуметтік өмірді, саяси құрылымды, рухани саланы жаңарту қажеттілігі сезілді. КСРО қоғам дамуының жаңа бет бағытына мұқтаж жағдайда тұрды. 1985 жылғы наурызда Н.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК-нің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде КОКП ОК-тың пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. М.С.Горбачев саясатының ұрандары: жариялылық , жеделдету, қайта құру. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды. Сонымен партия елде жаңару бағытын бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзірбайджанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен күнге қиындай берді.
1985 жылдан КСРО-да қайта құру процесі басталды. Ол – демократия. Жариялылық, еркіндік ұранымен жүрді. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев орнынан алынып, оның орнына Қазақстанға белгісіз Г.В.Колбин сайланды. Мәскеудегі орталықтың қысымымен болған бұл оқиға қазақ халқының ұлттық намысын, оның егемендігін аяққа басу болды. Оған шыдамаған қазақ жастары Алматының көшелеріне наразылық шеруіне шықты. Бірақ қанға боялып басылды. Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздігіне жету жолындағы үлкен тарихи қадам болды. Шеру бейбіт және саяси сипатта болды. Басқа халықтарға қарсылық және үндеу болған жоқ. Әміршіл басшылық саяси наразылықты өкімет билігіне қатер деп бағалап, Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтірді. Демократия, жариялылық, пікірлер плюрализмі, саяси плюрализмнің берілуі социалистік тоталитарлық жүйенің шеңберіне сыймады. Коммунистік партия демократиялық процестерге жол беріп кеңестердің негізгі билік екендігін мойындауға мәжбүр болды.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты жастар жақсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-ы ақталды, 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 52 адам партия қатарынан, 787 адам комсомол қатарынан шығарылды. 1138 адам комсомолдық сөгіс алды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды, 271 студент оқудан шығарылды, ішкі істер министрлігінен 1200 адам, денсаулық сақтау және көлік министрлігінен 309 адам жұмыстан шығарылды. Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы мамырда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда оған «Халық каһарманы» атағы берілді. 1987 жылғы КОКП ОК-ті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КСРО халық депутаттарының 1 съезінде ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.
1987 жылғы қаңтарда КОКП ОК-ның Пленумында Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы мәселе талқыланды. Кемшіліктері: дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады; жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды. 1987 маусым КОКП ОК-нің Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселелеріне арналды. Пленум әзірлеген құжаттар негізінде Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң қабылданды. Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы (1988 ж.) саяси жүйені реформалау, бюрократизмге қарсы күрес, демократияландыру, құқықтық реформа туралы қаулылар қабылдады. Партия комитеттерінің бірінші хатшылары тиісті кеңестердің төрағалары болып сайланды. Мұндай үрдіс Л.И.Брежневтің кезінде-ақ орталықта басталған еді. Ол және онан кейінгі КОКП басшылары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының төрағасы болып сайланды. М.С.Горбачевтің ұсынысымен КСРО-да Президенттік қызмет ендіріліп, ол бірінші және соңғы Президент болды.
Сондай-ақ 1989 жылы КСРО Халық депутаттарының съезін сайлау демократиялық негізде өтіп, Компартия өкілдері көп жерлерде жеңіліске ұшырады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңеске қоғамдық ұйымдардың съездері арқылы көптеген делегаттар сайланды. КСРО Халық депутаттары өздерін ең жоғарғы өкімет билігі органы деп, КСРО Конституциясына өзгерістер ендіріп Коммунистік партияның басшылық рөлі туралы 6-бапты алып тастады. Мұндай өзгеріс Қазақстан Конституциясына да ендірілді. Осылай Компартия басшылығы екінші қатарға сырғи бастады. 1989 жылы 22 маусымда Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы Г.В.Колбин кетіп, бұл орынға Н.Ә.Назарбаев сайланды. 1990 жылдардың басында КСРО-да саяси-идеологиялық бірлік пен біртұтастық жойыла бастады. Оның көрінісі тамыз төңкерісінен анық байқалды. Көп ұзамай 1990 жылы ақпанда Н.Ә.Назарбаев ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Қазақстанда президенттік қызмет ендіріліп, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 24 сәуірде Н.Ә.Назарбаевты Қазақ КСР-ның Президенті етіп сайлады. 1991 жыл 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып тарихта қалды.

1- курс студенті Е.Д.Биғалиев
Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Ж.М. Арынов

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *