“Менің Қазақстаным”
Білім беру саласы: Коммуникация
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Көркем әдебиет.
Тақырыбы: «Менің Қазақстаным»
Мақсаты: Балаларға Қазақстан туралы білім беру. Қазақстан Республикасының рәміздерімен
таныстыру. Рәміздерді танып, біліп, айтып беруге үйрету. Қазақстан Республикасының
рәміздеріне құрметпен қарауға, туған елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: Қазақстан Республикасының рәміздерінің суреті, слайд.
Билингвалды компанент: Менің Қазақстаным- Мой Казахстан, Отан-Родина.
Әдіс-тәсілдері: сөздік, көрнекілік, ойын.
Шаттық шеңбері: Балалар бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті. Қане бәріміз қонақтармен жақсылап
амандасып алайық.
Білгір қазақ баласы
Сәлем сөздің анасы
Тобымызға келіп отырған
Апайларға қарашы
Бәріне де ізетпен
Иіліп сәлем береміз
Сәлеметсіздерме апайлар
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталады.
(Балалар орындарынан тұрып әнұранды айтады.
Сұрақтарға жауап алу.
– Қазір жылдың қай мезгілі?
– Қыс мезгілі неше айдан тұрады?
– Қыста қандай өзгерістерді байқайсыңдар?
Бүгінгі тақырыбымыз: «Менің Қазастаным» республикамыздың рәміздері туралы болады.
Кіріспе әңгіме
– Балалар, біздің Республикамыз қалай аталады?
– Бас қаламыз қай қала?
– Біздің елбасымыз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Нұрсұлтан Назарбаев – өзі еңбекқор, білімді, ізденімпаз. Ол өзінің осындай еңбекқорлығының арқасында мемлекетіміздің мықты басшысы бола білді. Қазіргі президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Әрбір республиканың өз ерекшелігін білдіретін әнұраны, туы, елтаңбасы болады. Оны рәміздер деп атаймыз.
Біздің Қазақстан Республикасының Әнұранының әнін жазған Шәмші Қалдаяқов,
сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Біз әнді орындаған кезде қолымызды жүректің тұсына қоямыз. Өйткені біз мемлекетімізді жүрегімізбен жақсы көреміз.
Тудың түсі – көк, тудың сол жақ жиегі қазақ халқының оюымен өрнектелген. Тудың ортасында сары түсті шұғылалы алтын күн. Алтын түспен сары түс байлықты, молшылықты білдіреді. Күннің астында бүркіт, қыран құс – еркіндік, бірліктің белгісі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар.
СЕРГІТУ СӘТІ: Бір шаңырақ астында,
Тату-тәтті тұрамыз.
Бірге ішеміз асты да,
Бірге сайран құрамыз.
Достықты үлгі санаған,
Бір үйде біз тұрамыз.
Қалған ата-бабадан.,
Бірлік асыл мұрамыз!
– Балалар, рәміздер, қалалар туралы қандай тақпақ, мақалдар білесіңдер?
Досымжан: Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда,
Биікке іліп қояды.
Аяулым : Елтаңбасы елімнің,
Неткен әйбат, әдемі,
Тұнығындай көңілдің,
Ортада – аспан әлемі.
Нұрсұлтан: Астана – әйбат қала,
Келесің айбаттана.
Еліме тірек болып,
Тұр соғып жүрек болып.
Біз отанымызды сүйеміз,
Елбасымызды мақтан тұтамыз.
Мақал-мәтелдер:
Мейірім: Отан-көркі жерімен,
Асылзат: Отан – оттан да ыстық.
Диас: Ер-жігіт ел үшін туады,
Елі үшін өледі.
Ойын: «Қазақстан қалалары». Ойынның шарты: Ойынды бастаушы қолындағы допты
Қазақстанның кез-келген қаласын айтып, қарсы тұрған балаға лақтырады. Допты
қағып алған бала келесі қаланың атын айтып, допты тағы бір балаға лақтырады.
Қорытынды:
«Ыстық доп» әдісі.
– Бүгінгі оқу қызметі саған ұнады ма?
– Қазақстан Республикасының президенті кім?
– Рәміздер не жатады?
– Тудың түсі қандай?
– Туымызда ненің суреті бейнеленген?
– Елтаңбамызда не бейнеленген?
– Елтаңбаның пішіні неге ұқсайды?
Күтілетін нәтиже:
Қайталай алады: Қазақстан Республикасының рәміздерін.
Түсінеді: Қазақстан Республикасының рәміздеріне құрметпен қарауды.
Қолданады: Отан туралы, Қазақстан Республикасы туралы мақал мәтелдерді.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718