Әлемнің заманауи педагогі
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы
№5 «Нұрбөбек»бөбекжай балабақшасы КМҚК
Абубакирова Кенжегүл Жарылқасынқызы
Ұстаз болу жеңіл жүк пе? Әрине, жоқ. Кім болса сол көтере алмас жүк бұл.
Ұстаздың міндеті еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақты заман талабына сай азамат етіп тәрбиелеу. Адамды тәрбиелеу, оған сара жол көрсету, өзгесін айтпағанда алдыңа әкеліп қолыңа сеніп тапсырған, көздері жәудіреген сенен тек аналық үлкен жүрек аялы алақан күткен кішкентай пендені иландыру, сөзіңе құлақ асу, ізгі жолдарға жетелеп, тәрбиелеу оңай емес екені кімге де болса аян ғой.
Сондықтан, ұстаз – тәрбиешінің өмірден алғаны мол парасат – пайым деңгейі өзге жұрттан жоғары, үлкен жүректі болғаны жөн. Өресі төмен, өмірден түйгені таяз адам жақсы ұстаз-ана болып табылмас. Ұстаз болу оңай емес, ұстаз арқалаған жүк жеңіл емес деп ой- толғауым осыдан.
Менің ұстаздық жолымда ұстанымы жоғары, білікті тәлімгерлер кездесіп, осы мамандықтын қыр-сырын меңгеруіме көп септігін тигізе білді деп ойлаймын.Әрбір бағбанның бағы өзі қалай баптап күтсе, соған лайық жемісін беретіні хақ қой. Ал, әрбір тәрбиешінің тәрбиеленушілерінің тәлім-тәрбиесі де, білімі де жақсы ұстаздан деп білемін.Сондықтан, мен алдыма келген әрбір баланың жан дүниесін түсінуге жас ерекшелігіне сай білім алуына, саналы тәрбие беруге ерекше көңіл бөліп, үнемі іздену үстінде жүремін.
28 жылға жуық балабақшада жұмыс жасау, кішкене бүлдіршіндерді тәрбиелеуге атсалысу біреу үшін көп уақыт сияқты көрінуі мүмкін.
Ал мен үшін….
Мен бүлдіршіндерге арнаған осы уақыттарды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп есептеймін, кей кезде «Бақытымның бастауы,
Балдырғаннан басталды» – деген өлең ұйқастары да көкейімде орын алады. Ертеңгілік өз тобында отырып саған қарай анасымен не әкесімен бірге жүзі бал-бұл жайнай келіп, құшағыңа енетін әр сәби бақыт нұрын сепкендей. Өсегеле апыл-тапыл, былдыр да тәтті тілмен «сәлеметсіз бе, апай!» деген сөз тіркесін осы кезге дейін қанша рет естісем де, мен үшін қадірлі. Қабылдау сәтінен бастап ертеңгілік жаттығу, тамақтану, жуыну, серуен, сабақ барысындағы балалардың бал тілімен қойылған сұрақтар, олардың сабақтан алған әсерлері, ойнап жүріп пәк сәби сезіммен образға кірген түрлері, білсем, көрсем, ұстасам деген құштарлық шабыттары мені жаңа әлемге енгізгендей болады. Олардың менен күтетіні көп…
А.С. Макаренконың «40 жыл мұғалім болсан да,45 минуттық сабағынңа дайындал» деген қағидасын еш жадымнан шығарған емеспін.
Балалармен өткізетін бүгінгі күн қандай болмақ? Бүгінгі сабағымда таныс емес әлемнің қандай сырларын ашсам екен?!… Шынайы сабақ өткізу- тәрбиешінің шығармашылық жұмысының жемісі. Ізденіс жоқ жерде сылбырлық, енжарлық, бойкүйездік пайда болып сабақтың мәні кетеді.
Ал, шынайы сырға толы сандықтай болса, тәрбиеші – сол бір тылсымы мол жұмбақ әлемнің құпиясын ашқан сиқыршысындай. Әрбір күннің сәби жүрегіне сәттілік әкелуі бірінші кезекте әрине, тәрбиеші қауымына өзімізге байланысты.
Сабағымды бастамас бұрын алдымда жүгіріп ойнап жүрген бүлдіршіннің балғын жүздеріне үңіліп, олардың көңіл- күйлеріне аса мән беремін.
Көңіл-күйлері көтеріңкі ме?
Әлде жүздерінен шаршау байқала ма?
Психологиалық тренингтер, сергіту сәттері, сол күнгі тақырыпқа сәйкес өлеңдер арқылы балалардың назарын аудару менің күнделікті ісім.
Күнделікті әрбір сабағыма, тәрбие жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, бала үшін түсінікті, қызықты, ұғымды болып өтуіне аса үлкен мән беремін. Жалпы балалардың ой- өрісінің кеңейіп тіл байлықтарын дамыту құрал көзінің дидактикалық ойындар деп білемін. Ойын баланың жан серігі. Блаланы ойын өсіреді,- деген ұстаным да бар ғой. Баланы ойната отырып, ойландырып санасын оятуға, ой-өрісін кеңейтуге, тілін дамытуға, сөйлеу қабілетін дамытуға өз тәжиребемде қолданып отырамын. Сабақта ойын элементтерін қолдану немесе толықтай ойын түрінде өткізу тәрбиешіден аса біліктілікпен шеберлікті, ізденісті талап етеді. Ойын жағдайында балалар естерінде жақсы сақтайды.