Жасанды интеллект тарихи фактілерді бұрмалай ала ма? Deepfake, тарихи ревизионизм және болашақ қауіп

Әміржанов Темірлан Қалижанұлы
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық университетінің 4 курс студенті 

Ғылыми жетекші: Оразбекова Роза Сундетбековна
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы 


       Аннотация: Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы тарих ғылымы мен ұлттық жадқа елеулі қауіп төндіріп отыр. Мақалада deepfake технологиясының жұмыс істеу принципі (GAN және diffusion models), тарихи тұлғалар мен оқиғаларды жандандыру мысалдары, тарихи ревизионизмнің оң және теріс түрлері қарастырылады. Жасанды интеллекттің фотосуреттерді, видеоларды және мәтіндік құжаттарды бұрмалау арқылы теріс ревизионизмді күшейтуі, болашақтағы (2027-2035) масштабты қауіптер, пост-правда дәуірінің күшеюі және Қазақстан мен Орталық Азия үшін ұлттық тарихты бұрмалау қаупі талданады. Сонымен қатар deepfake-ті анықтау технологиялары, заңнамалық реттеу (ЕО AI Act, Қазақстанның ЖИ туралы заңы), медиа сауаттылық және этикалық шаралар қарастырылады. Мақала жасанды интеллекттің қос жүзді сипатын көрсетіп, оны тарихты бұрмалаудың емес, байытудың құралына айналдыру қажеттігін атап өтеді.
Кілт-сөздер: Жасанды интеллект; Deepfake; Тарихи ревизионизм; Пост-правда; Цифрлық бұрмалау; Медиа сауаттылық; Ұлттық тарих; Тарихи жад; Тарихи бұрмалау; AI Act; GAN; Diffusion models; Watermarking; Blockchain; Тарихи нарратив; Сенім дағдарысы; Қазақстан; Орталық Азия; Тарихи тұлғалар; Соғыс қылмыстары; Этикалық реттеу; Болашақ қауіптер.
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бүгінгі қоғамның барлық саласына терең өзгерістер әкелуде. Ол өндірісті жеделдетіп, медицина мен білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртып, күнделікті өмірді жеңілдетіп жатқанымен, сонымен бірге көптеген күрделі сұрақтар мен қауіптерді де туындатып отыр. ЖИ технологияларының адамзат өміріне енуі тек техникалық прогресс емес, ол мәдени, әлеуметтік және саяси салаларға да айтарлықтай әсер етуде. Осы өзгерістердің аясында ерекше назар аударатын тақырыптардың бірі — тарих пен оның болашақтағы рөлі.
Тарих ешқашан жай ғана өткен оқиғалардың жинағы болмаған. Ол ұлттық сана-сезімнің негізі, саяси шешімдердің идеологиялық тірегі және болашақты қалыптастыратын маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Әрбір ұлт өз тарихын қалай түсінетініне қарай өзін-өзі танып, болашақ бағытын айқындайды. Тарихи әңгіме мемлекеттік идеологияның, ұлттық бірегейліктің және ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың негізгі тірегі болып табылады. Сондықтан тарихтың дұрыс сақталуы мен жеткізілуі — қоғамның тұрақтылығы мен келешегі үшін аса маңызды мәселе.
Осы тұрғыда бүгінгі күннің ең өзекті сұрағы туындайды: Жасанды интеллект тарихты бұрмалай ала ма? Қазіргі заманның цифрлық технологиялары, әсіресе deepfake сияқты құралдардың пайда болуымен, өткен оқиғаларды визуалды түрде қайта құру, өзгерту немесе тіпті ойдан шығару мүмкіндігі кеңейіп келеді. ЖИ-тің ревизионистік әлеуеті — яғни тарихи фактілерді қасақана немесе қателікпен өзгерту қаупі — тек техникалық мәселе ғана емес, ол ұлттық санаға, саяси тұрақтылыққа және шындыққа деген сенімге тікелей қауіп төндіреді. Deepfake технологиясы -жасанды интеллекттің ең қызықты да қауіпті жетістіктерінің бірі. Ол адамның бет-әлпетін, дауысын, қимыл-қозғалысын және тіпті мінез-құлқын өте шынайы етіп өзгертіп немесе мүлдем жаңадан жасап шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде көрермен нағыз видео деп ойлайтын жалған мазмұн пайда болады.
Deepfake негізінен екі үлкен технологияға сүйенеді. Біріншісі —GAN (Generative Adversarial Networks), яғни генеративті қарсылас желілер. Бұл жүйеде екі нейрондық желі бір-бірімен бәсекелеседі: Generator жалған сурет немесе видео жасайды, ал Discriminator оны нағыз ба, жалған ба деп тексереді. Уақыт өте келе generator discriminator-ді алдайтындай дәрежеге жетеді. Екіншісі —diffusion models (диффузиялық модельдер). Бұл модельдер суретке біртіндеп шу (noise) қосады, содан кейін кері процесс арқылы шуды алып тастап, өте жоғары сапалы, шынайы бейне жасайды. Diffusion модельдер соңғы жылдары GAN-нан асып түсіп, сапасы жағынан әлдеқайда жақсы нәтиже береді.[1]
Тарихта deepfake-ке ұқсас құбылыстар бұрын да болған. Мысалы, Сталин кезінде КСРО-да саяси қарсыластарды фотосуреттерден өшіріп, тарихты қайта жазған. Бірақ қазіргі жасанды интеллект мұны жүз есе жылдам және шынайы етеді. Тарихи тұлғаларды «жандандыру» бағытында көптеген мысалдар бар. MyHeritage-тің Deep Nostalgia қосымшасы ескі фотоларды анимациялап, Авраам Линкольнді, неандерталдықтарды немесе ата-бабаларды көзін жұмып, басын бұлғап тұрғандай етіп көрсетеді. Сальвадор Далидің музейінде оның deepfake нұсқасы келушілермен сөйлескен. Израильде 1948 жылғы соғысқа қатысқан сарбаздардың фотоларын жандандырып, оларға ән айтқызған. 2025 жылы OpenAI-дың Sora моделі арқылы Мартин Лютер Кингтің, Мэрилин Монроның, Стивен Хокингтің және басқа да тұлғалардың жаңа бейнелері жасалып, қоғамдық резонанс тудырды. Кейбіреулері тіпті зорлық-зомбылық көріністерінде көрсетілген.[2]
2024-2026 жылдардағы резонансты мысалдар өте көп. 2024 жылы АҚШ-та Джо Байденнің дауысын deepfake-теп, Нью-Гэмпшир тұрғындарына «дауыс берме» деп қоңырау шалған. 2025 жылы Sora арқылы Эйзенхауэрді пара алғаны үшін мойындап тұрған, Тэтчерді Д- күнін кішірейтіп көрсеткен, Кеннедиді Айға ұшу -жалған деп жариялаған бейнелер жасалды. Ирландия президенттік сайлауында үміткердің сайлаудан шығып кеткені туралы deepfake тарады. Саяси науқандарда, алаяқтықтарда (мысалы, 25 миллион доллар ұрлаған Гонконг оқиғасы) және әлеуметтік желілерде deepfake кеңінен қолданылды.Енді осы тұста ревизионизм, соның ішінде Тарихи ревизионизм туралы пайымдарды келтіруге болады. Тарихи ревизионизм -тарих ғылымындағы ең күрделі және екі жақты ұғымдардың бірі. Оның мәні өткен оқиғаларды, тұлғаларды немесе дәуірлерді қайта қарау, жаңа деректер негізінде немесе басқа көзқараспен түсіндіру дегенді білдіреді. Оң мағынасында ревизионизм -бұл ғылымның дамуының ажырамас бөлігі. Мысалы, жаңа архивтік құжаттар ашылғанда немесе бұрынғы тарихшылардың қателіктері анықталғанда, біз тарихты түзетеміз. Осылайша, бір кездері викингтерді тек скандинавиялық соғысшылар деп есептесек, қазір ДНҚ зерттеулері олардың көпэтникалық болғанын және гендерлік теңдікке жақын көзқараста болғанын көрсетеді. Немесе Розалинд Франклиннің ДНҚ құрылымын ашудағы рөлі ұзақ уақыт бойы жасырылып келгенін қайта қарау да оң ревизионизмнің мысалы. Бұл процесс тарихты байытады, қателіктерді түзетеді және жаңа шындықты ашады.
Ал теріс мағынадағы ревизионизм — бұл тарихты саяси мақсатпен бұрмалау, жоққа шығару немесе қайта жазу. Мұнда фактілер емес, идеология басымдыққа ие болады. Мысалы, Дэвид Ирвингтің «Гитлердің соғысы» кітабында Холокосттың Гитлерге белгісіз болғаны туралы тұжырым жасауы -классикалық теріс ревизионизм. Немесе Сталин кезіндегі КСРО-да саяси қарсыластарды фотосуреттерден өшіріп, тарихты «тазалау» -нақты өмірдегі ревизионизмнің мысалы. Бұл құбылыс соғыс қылмыстарын жасыруға, диктаторларды ақтауға немесе ұлттық қаһармандарды қаралауға қолданылады. Тарихшылар мұны «негативті ревизионизм» немесе «тарихи негативизм» деп атайды, себебі ол шындықты бұрмалап, қоғамдық сананы улайды.[3]
Қазіргі заманда жасанды интеллект бұл теріс ревизионизмді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. ЖИ тарихты өзгертуге арналған ең қуатты құралға айналды. Біріншіден, фотосуреттер мен видеоларды өзгерту. Deepfake технологиясы арқылы адамның бет-әлпетін, дауысын, қимылын мүлдем шынайы етіп ауыстыруға болады. Бұрын Сталин Язовты фотодан өшіру үшін сағаттар жұмсаса, қазір бірнеше минутта кез келген адамды тарих сахнасынан «алып тастауға» немесе қосуға болады. Diffusion модельдер (Midjourney, Flux, Grok Imagine сияқты) ескі фотолардың сапасын жақсартып қана қоймай, мүлдем жаңа «тарихи» суреттер жасайды -мысалы, Наполеонның TED Talk беріп тұрғаны немесе ежелгі қазақ хандарының смартфон ұстап тұрғаны.
Екіншіден, мәтіндерді генерациялау. Жасанды интеллект жалған құжаттар, хаттар, сөйлеулер, күнделіктер жасай алады. ChatGPT немесе басқа LLM модельдер арқылы 19-ғасырдағы стильде жазылған «Шоқан Уәлихановтың жоғалған хаты» немесе «Сталиннің жеке күнделігі» сияқты нәрселерді жасауға болады. Бұл құжаттарды интернетке таратып, оларды «жаңа табылған дерек» деп көрсетсе, көп адам сенеді. Тарихшылар мұндай жалған құжаттардың архивтерге ену қаупінен қатты алаңдайды.

        Үшіншіден, тарихи суреттер мен бейнелерді жасау. Midjourney, Flux және Grok Imagine сияқты модельдер «1941 жылғы Алматы көшесіндегі сурет» немесе «Абылай ханның жорығы» деген сұраныспен өте шынайы бейнелер шығарады. Бұл суреттер әлеуметтік желілерде вирустық таралады да, адамдар оларды нағыз тарих деп қабылдай бастайды. Нәтижесінде тарихи шындық пен көркемдік қиялдың арасы бұлыңғырланып кетеді. Енді нақты қауіпті мысалдарға тоқталайық. Соғыс қылмыстарын жоққа шығаруда ЖИ өте қауіпті. Холокост туралы AI-generated суреттер көбейіп келеді: кейбірі концлагерьлерді «тым әдемі» немесе «романтикалық» етіп көрсетеді, басқалары құрбандар мен қылмыскерлердің рөлін ауыстырады.
Тағы бір қауіп -ұлттық қаһармандарды қаралау немесе диктаторларды ақтау. Мысалы, кейбір мемлекеттерде ЖИ арқылы Ленин немесе Сталинді «мейірімді көшбасшы» ретінде көрсететін бейнелер жасалады. Ресей-Украина соғысы кезінде екі жақта да deepfake-тер қолданылды: бір жағы украин сарбаздарын қатыгез етіп көрсетсе, екіншісі ресейлік әскерлердің қылмыстарын жоққа шығаруға тырысты. Ирандағы соғыс оқиғаларында да AI-generated суреттер нақты құрбандардың фотоларын күмәнді етті, нәтижесінде соғыс қылмыстарының дәлелдерін жоққа шығару оңайлады. Қазақстандық контексте де бұл мәселе өзекті. Болашақта біреулер Алаш қайраткерлерін немесе қазақтың ұлт-азаттық көтерілістерін «жалған» етіп көрсету үшін ЖИ-ді пайдалануы мүмкін. Немесе керісінше, тоталитарлық кезеңдегі репрессияларды «қажеттілік» деп ақтау үшін жалған құжаттарды өздері қайта басылымнан шығарып, ақтау әрекеттерін өрбітуі әбден мүмкін.[4]
Осы кезеңде видео, аудио және мәтіндік мазмұнды жасау технологиялары соншалықты жетілдіріледі, тіпті сарапшылардың өзі нағыз бен жалғанның арасын ажыратуға қиналатын болады. Diffusion модельдер мен келесі буын generative AI құралдары бірнеше секундта толыққанды тарихи фильмдер, фотосуреттер мен құжаттар жасай алады. Мысалы, 2030 жылға қарай кез келген адам Абылай ханның немесе Шоқан Уәлихановтың «жаңа табылған» күнделіктерін, сөйлеулерін немесе тіпті «жоғалған» жорықтарын визуалды түрде қайта құрастыра алады. Бұл масштабты бұрмалау мүмкіндіктері мемлекеттік деңгейдегі саяси науқандарда, ұлттық идеологияны қалыптастыруда және халықаралық қақтығыстарда кеңінен қолданылады.
Тарихи білімнің дағдарысы -ең ауыр қауіптердің бірі. Адамдардың көпшілігі «мен видеодан көрдім», «суретте бар» немесе «ЖИ жасады, бірақ шындыққа ұқсайды» деген сенімімен өмір сүретін болады. Нәтижесінде шындық пен өтіріктің арасы толық бұлыңғырланады. Бұл құбылыс «post-truth» (пост-правда) дәуірін одан әрі күшейтеді. Пост-правда -бұл фактілер емес, эмоциялар мен нарративтер үстемдік ететін жағдай. Жасанды интеллект оны күшейтеді, себебі жалған мазмұнды өте жылдам, арзан және жаппай таратуға болады. Адамдардың тарихи сана-сезімі әлсіреп, олар өз ұлтының, елінің немесе дәуірінің шынайы өткенін емес, ЖИ арқылы жасалған «әдемі» немесе «тиімді» нұсқасын қабылдайтын болады. Саяси манипуляция тұрғысынан қауіптер өте көп. Сайлау кездерінде deepfake видеолар оппозициялық лидерлерді қылмыскер немесе опасыз етіп көрсетіп, дауыс берушілердің санасын улай алады. Ұлтаралық қақтығыстарда бір этностың қаһармандарын қаралап, екіншісінің тарихын асыра дәріптеу үшін ЖИ қолданылады. Тарихи нарративті бақылау -болашақтағы ең маңызды билік құралына айналады. Кім тарихты жаза алса, сол болашақты да бағдарлайды.
Қазақстанда 2026 жылы қабылданған Жасанды интеллект туралы заң deepfake-терді белгілеуді талап еткенімен, оны толық бақылау өте қиын болады. Әлеуметтік желілерде вирустық таралатын материалдарды уақытылы анықтау және тоқтату үшін мемлекеттік деңгейдегі мамандандырылған орталықтар, медиа сауаттылық бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық қажет.Тарихшы ретінде мен бұл жағдайдан қатты алаңдаймын. Егер біз қазірден бастап тарихи дереккөздердің шынайылығын тексерудің жаңа әдістерін (суреттердегі watermark, blockchain верификациясы, forensic анализ) дамытпасақ, болашақ ұрпақ шын тарихты емес, ең қуатты ЖИ-дің иелері жазған нұсқаны үйренетін болады. Жасанды интеллект -бұл қос жүзді қылыш. Оны дұрыс пайдалансақ, музейлерді, архивтерді және білім беруді революциялық түрде жақсартуға болады. Тарихшы ретінде айтарым: жасанды интеллекттің өзі кінәлі емес. Ол -құрал. Бірақ бұл құралды кім, қандай мақсатпен қолданатыны шешуші.
Қазір біз тарихтағы ең үлкен сенім дағдарысының алдында тұрмыз. Адамдар «мен видеодан көрдім» немесе «суретте бар» деп сенетін болды. Сондықтан болашақ тарихшылардың міндеті -тек жаңа технологияларды меңгеру ғана емес, сонымен қатар дереккөздердің шынайылығын тексерудің жаңа әдістерін (forensic analysis, blockchain verification, watermarking) дамыту.Біз тарихты қорғауымыз керек! Өйткені тарих -бұл ұлттың жады. Егер жады бұрмаланса, болашақ та бұрмаланады. Жасанды интеллекттің күшін мәдениетімізді сақтауға, шын тарихты кеңінен таратуға және жалғанды әшкерелеуге жұмсауымыз қажет. Әйтпесе, шындық пен өтіріктің арасында тұман пайда болады да, онда тек күштілердің нұсқасы жеңеді. Жасанды интеллекттің дамуымен тарихи ревизионизмнің ауқымы    2027-2035 жылдар аралығында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетеді деп болжауға болады.
Бірақ бақылаусыз қалса, ол ұлттық жадымызды, шындық сезімін және тарихи сана-сезімді жояды. Біз, қазіргі ұрпақ, осы қауіптерді түсініп, оларға қарсы тұру үшін қазірден бастап әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, 2030-шы жылдары «тарих» дегеніміз тек ең жақсы генерацияланған нарратив болып қалады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. https://dl.acm.org/doi/10.1145/3652027
  2. https://www.nbcnews.com/tech/tech-news/are-deepfakes-dead-people-rewriting-rcna235982
  3. https://www.researchgate.net/publication/357806167_ONLINE_FEATURE_ARTICLE_Historical_Revisionism_Concept_and_Practice
  4. https://reutersinstitute.politics.ox.ac.uk/news/trolling-memes-and-deepfakes-how-ai-thickening-fog-war

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Bilimger.kz Республикалық білім және ғылым порталы Республикалық білім және ғылым порталы ✅ ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі тіркелген 📋 Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718
Прокрутить вверх