Медиация – дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тәсілі

Жақсылық Әсем Бағдатқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ,
заң факультетінің 3 курс студенті


Қaзіргі қоғaмда түрлі даулар мен келіспеушіліктердің сaны артып келеді. Мұндай жағдайларды дәстүрлі сот тәртібімен шешу көп уақытты және де айтарлықтай қаражатты қажет етеді. Осыған байланысты, дауларды балама әдістермен шешудің маңызы арта түсуде. Осындай тиімді тәсілдердің бірі-медиация институты.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі. [1] Aлайда, медиация процедурасын қолдану жағдайлары қазіргі уақытта әлі де шектеулі. Көптеген азаматтар медиацияның не екенін, оны қалай пайдалану керектігін және оның қадай пайда әкелетінін білмейді. Медиатор даудың ешбір тарапының мүддесін қорғамайды және тараптар арасында өкіл қызметін атқармайды. Сонымен қатар,оның дау бойынша шешім қабылдау құқығы жоқ. Медиатор тек дауды шешуге көмектеседі, тараптарға олардың шынайы мүдделері мен қажеттіліктерін анықтауға жәрдемдеседі, сондай-ақ жанжалдың барлық қатысушыларын қанағаттандыратын шешім табуға көмектеседі. [3]

Жалпы медиaция институты не үшін қaжет? Бұл сұраққа тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің сұхбаттарының бірінде «Сотта қарастырылатын даулардың санын азайту, оларды шешудің балама түрлерін, соның ішінде татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу маңызды», — деген еді. Себебі, медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсысының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, ал, кейбір жағдайларда жылға созылып кетеді. Медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді. Ал егер, бір тарап медиация туралы шартты орындамаса, екінші тарап сотқа жүгіне алады.

2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасымыз қол қойған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы 5 тамызда заңды күшіне енді. Бұл Заң Мемлекет Басшысының 2009 жылдың 18 қарашасында Қазақстан Республикасы судьялары мен соттарының 5 съезінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына және де Үкіметіміздің заң жобалау жұмыстарының 2010 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес әзірленді. [2]

Медиация рәсімі бірнеше негізгі принциптерге негізделе отырып жүзеге aсырылады:

1) Eріктілік принципі. Мeдиaцияғa қaтысу тeк тaрaптaрдың өз қалаулары бойынша жүзеге асады. Тараптар рәсімнің кез келген кезінде одан бас тартуға құқылы. Бұл принцип медиацияның ерікті сипатта өтетінін және қабылданған шешімнің шынайылығын қамтамасыз етеді.

2) Тaраптaрдың тeн құқықтылығы принципі. Медиация процессі барысында барлық қатысушылар тең дәрежеде болады. Медиатор ешбір тарапқа басымдылық бермейді, барлық пікірлерді әділ тыңдайды. Бұл рәсімнің әділ әрі тең өтуін қамтамасыз етеді.

3) Медиатордың тәуелсізділігі мен бейтарaптылығы. Мeдиатoр шешім қабылдамайды, ешбір тарапқа артықшылық бермейді және oбьективті көзқарасты сақтайды. Егер медиатордың бейтараптылығына күмән туындaса, ол рәсімнен бас тартуға міндетті.

4) Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік. Рәсім барысында үшінші тұлғалардың заңсыз араласуына рұқсат етілмейді. Бұл принцип тараптарға қысымсыз шешім қабылдауға мүмкіндік береді және рәсімнің тәуелсіздігін сақтайды.

5) Құпиялық принципі. Медиация кезінде алынған ақпарат толықтай құпия болып есептеледі. Тараптар мен медиатор бұл мәліметтерді үшінші тұлғаларға жариялай алмайды. Құпиялық сенімге негізделген ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді және келісімнің тиімділігін арттырады.

Медиацияның артықшылықтары.

Біріншіден, жоғарыда атап өтілгендей медиация уақытты үнемдейді. Сот өндірісі бірнеше ай немеме жылдар бойы созылуы мүмкін, ал медиация рәсімі қысқа мерзімде аяқталады. Бұл тараптарға дауды тез арада шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, шығындарды азайтады бұл маңызды артықшылықтардың бірі болып табылады. Сотқа жүгіну барысында сот алымдары, сараптама шығындары және адвокаттық қызметтердің құны жоғары болуы мүмкін. Ал дауды реттеу рәсімі икемді және шығыны аз, бұл тараптарға қаржыны үнемдеуге көмектеседі. Үшіншіден, жоғарыдан талданғандай рәсімнің құпиялығы сақталады. Төртіншіден, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтау мүмкіндігі жоғары. Яғни, бұл рәсім арқылы тараптар ортақ келісімге келіп, даудың одан әрі шиеленісуіне жол бермейді. Бесіншіден, тараптардың жауапкершілігі. Шешім қабылдау процесіне тараптардың тікелей қатысуы олардың жауапкершілігін арттырады. Медиациялық келісім тараптардың өз еркімен қабылданғандықтан, оны орындау деңгейі де жоғары болады. Медиацияның бұл артықшылықтары оны дауларды шешудің тиімді және қолайлы әдісі етеді.

Аталған тәсілдің артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де бар. Ең алдымен, медиацияның негізгі ерекшелігі -оның толықтай тараптардың еркіне негізделуі. Яғни, екі жақтың да келісімі болмаса, бұл рәсім жүзеге аспайды. Егер бір тарап ымыраға келуге ниет білдірмесе, медиация нәтижесіз аяқталады. Осы тұрғыдан алғанда, ол сот процесінен ерекшеленеді, себебі сот шешімі міндетті түрде орындалуға жатады. Сонымен қатар, медиация барлық дауларға қолданылмайды. Қоғамдық мүдделер мен ауыр қылмыстарға қатысты істер медиация рәсіміне жатпайды. Медиаторлардың кәсіби біліктілігі әртүрлі болуы мүмкін. Тиісті білім жоқ медиаторлар келіссөздердің әділ өтуіне кедергі келтіруі мүмкін, бұл рәсімнің тиімділігін төмендетеді. Психологиялық тұрғыдан алғанда кей адамдар үшін медиация нәтижесі толық жеңіс ретінде қабылданбай, белгілі бір дәрежеде қанағаттанбаушылық тудыруы мүмкін, әсіресе құқықтық сауаттылығы төмен адамдар үшін. Осы кемшіліктерді ескере отырып, медиация рәсімін қолдану кезінде тараптардың құқықтық мәдениеті, медиатордың кәсіби деңгейі және даудың сипаты маңызды рөл атқарады. Дегенмен, дұрыс ұйымдастырылған медиация рәсімі сот өндірісінен тиімді, икемді және әлеуметтік жағынан пайдалы әдіс болып қала береді.

Медиация мен сот өндірісі-дауларды шешудің мақсаты мен құқықтық салдары жағынан бір-бірінен ерекшеленетін екі түрлі құқықтық тетік болып табылады. Екеуінің де мақсаты-бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және құқықтық дауды реттеу болғанымен, бірақ олар қолданатын әдістері мен рәсімдері айтарлықтай өзгеше.

Біріншіден, сот өндірісі мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырылады. Қатаң заңнамалық талаптарға сәйкес, азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік іс жүргізу қағидаларына негізделген. Әр кезеңі заңмен нақты белгіленген, талап қоюдан бастап шешім шығаруға дейін. Ал медиация рәсімі, керісінше, тараптардың ерікті келісіміне негізделеді. Рәсім икемді ұйымдастырылған, тараптардың келісіміне сүйенеді. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы арқылы реттеледі, бірақ нақты тәртібі тараптардың келісімімен анықталады. [1] Медиация келіссөзге бағытталған және формальдылығы төмен процесс ретінде сипатталады. [3]

Екіншіден, шешім қабылдайтын субьект тұрғысынан да бұл екі рәсімнің айырмашылығы айқын байқалады. Судья істің мәні бойынша шешімді қабылдайды. Бұл шешім мемлекеттік биліктің актісі болып табылады және міндетті сипатқа ие. Судья дәлелдемелерді зерттеп, заң нормаларын қолдана отырып, құқықтық баға береді. Ал медиацияда соңғы шешімді тараптардың өздері қабылдайды. Медиатор даудың мазмұны бойынша үкім шығармайды, тек диалог орнатып, ұстанымдарды нақтылап, ортақ келісім табуға көмектеседі. Бұл ерекшелік медиацияны тараптардың дербестігі мен жауапкершілігіне негізделген рәсім ретінде айқындайды.

Үшіншіден, сот талқылауы, жалпы қағида бойынша, ашық түрде өтеді. Сот шешімдері жария етіледі, бұл сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Алайда, кей жағдайларда бұл жариялылық тараптардың жеке өміріне немесе іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін. Медиация құпиялылық принципіне негізделеді. Рәсім барысында айтылған мәліметтер үшінші тұлғаларға жария етілмейді және кейін сотта дәлел ретінде пайдаланылмайды (заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда). Бұл тараптарға еркін әрі ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, бұл екі тәсілдің нәтижелік сипаты да бір-бірінен ерекшеленеді. Сот шешімі жеңімпаз-жеңілген қағидатына негізделеді. Бір тараптың талаптары қанағаттандырылып, екіншісінікі қабылданбайды. Мұндай нәтиже құқықтық тұрғыдан әділ болуы мүмкін, бірақ әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қанағаттанарлық болмауы ықтимал. Ал медиацияда екі тараптың да мүддесін ескеретін ымыралы шешім ізделеді. Нәтижесінде тараптар өзара қолайлы келісімге келеді, бұл болашақта қарым-қатынасты сақтап қалу мүмкіндігін арттырады.

Бесіншіден, құқықтық салдары мен орындалу тәртібі тұрғысынан да айырмашылық бар. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін мәжбүрлеп орындату тетіктерімен қамтамасыз етіледі. Атқарушылық іс жүргізу арқылы мемлекет шешімнің орындалуын бақылап, қамтамасыз етеді. Ал медиациялық келісім тараптардың ерікті түрде қабылдаған міндеттемесіне негізделеді, сондықтан оны орындау деңгейі тәжірибеде жиі жоғары болады. Егер медиация сот процесі барысында жүргізіліп, келісім сотпен бекітілсе, ол атқарушылық құжат мәртебесіне ие болады. Ал егер келісім орындалмаса, тараптардың сотқа жүгіну құқығы сақталады.

Сонымен қатар, уақыт пен шығын тұрғысынан да айырмашылық байқалады. Сот өндірісі бірнеше сатыдан тұруы мүмкін (бірінші инстанция, апелляция, кассация), бұл дауды қарау мерзімін ұзартады. Медиация, әдетте, қысқа мерзім ішінде аяқталады және рәсім шығындары да салыстырмалы түрде төмен болады. Бұл әсіресе азаматтық және отбасылық дауларда маңызды фактор болып табылады.

Қазіргі таңда медиация рәсімі туралы халықтың ақпараттандырылу деңгейі жеткілікті дәрежеде емес, сондықтан көптеген азаматтар бұл тәсілді сот өндірісіне қарағанда тиімді құрал ретінде қабылдай бермейді және оның құқықтық салдарын толық түсінбейді. Нәтижесінде тараптар медиация мүмкіндігін пайдаланбай, бірден сотқа жүгінуге бейім болады, бұл медиация институтының тиімді пайдаланылуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты азаматтар арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуді арттыру үшін медиацияны кеңінен насихаттау, медиаторлардың кәсіби деңгейін көтеру және нақты нормативтік-құқықтық негіз қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар, онлайн-медиация платформаларын енгізу, мектеп бағдарламасына бейбіт дауларды шешу дағдыларын қосу, медиаторлар тәжірибесін бөлісетін семинарлар ұйымдастыру және қоғамдық медиация кеңестерін құру сияқты шаралар медиация мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ кейбір жеңіл дауларды бірінші кезекте медиацияға бағыттау, нәтижелерді жария ету және мобильді қосымшалар арқылы дауды онлайн шешу сияқты заманауи ұсыныстар медиаторлық рәсімнің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Медиация жұмысын жандандыру – бүкіл қазақ қоғамына қажет дүние және оны дамыту үшін ұсынатын ең басты қағидам ол — медиацияның заңды бекітілуі деп есептейміз. Яғни, екі тарапқа да қолайлы шешім қабылданғаннан кейін, ол шешім міндетті түрде орындалып, сотқа жеткеуі керек. Егер бір тарап келісімді бұзып жатса, жаза қолданылуы керек деп есептейміз.

Қорытынды

Қазіргі жағдайда медиация институты – азаматтық қоғамның дамуының нәтижелі белгісі болып табылады. Себебі, мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтaры мeн көзқaрaсын жaңa дeңгeйге көтeрілгeнінің aйқын көрінісі. Бұрын адамдар арасындағы дауларды ақсақалдар, билер, көсемдер шешкен. Осыған орай, қазақ қоғамында билер институтын медиацияның бір түрі ретінде қарастыруға болады. Мысалы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты қазақ даналары ел ішіндегі дауларды сотсыз, бейбіт жолмен, ақылға салып шешкен. Олар халықты татуластыруды басты мақсат ретінде қойған. Ақсақалдар медиатор орнында болып, екі тарапқа ақыл — кеңесін айта отырып, тиімді шешім қабылдап отырған. Демек, медиация- бұл сырттан келген жаңа термин емес. Ол біздің ұлттық құқықтық сана мен дәстүрлі құндылықтарға үндес институт. Ендеше, бұрыннан бар әдет-ғұрыпымызды неге заң алдында қолданбасқа. Әрине сотпен шешкен де тиімді, бірақ, екі тараптың өз араларында аса ауыр емес қылмыстарды шешкені адамгершілік қасиеттің жоғалмауы. Бұл тұрғыда халқымыздың «Дауласу – ырысты кемітеді» деген нақыл сөзін негізге ала отырып, ел ішіндегі татулықты сақтау, дауласушылық деңгейді төмендету ол біздің басты міндеттеріміздің бірі және бұл мәселердің барлығы өз шешімін табады деген үміттеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Қазақстан Республикасының Заңы «Медиация туралы» 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 407-IV. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000401

2. Қазақстандағы медиация: өзектілігі, проблемалары, шешу жолдары. https://www.referat911.ru/Teoriya-gosudarstva-i-prava/azastanday-mediaciya-zektlg-problemalary-sheshu/609438-3559469-place3.html

3. Сүлейменова М. К. Қазақстан Республикасындағы медиация: қалыптасуы, дамуы және құқықтық реттелуі // ҚазҰУ Хабаршысы. Заң сериясы. – 2017.

 

 

 

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх