Бердияр Айзада Мысырқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
Тарих факультетінің студенті
Ғылыми жетекшісі: Тлегенова Лора Толеутаевна, тарих ғылымдарының кандидаты
XIX ғасыр қазақ қоғамы үшін түбегейлі тарихи бетбұрыс кезеңі болды. Бұл кезеңде қазақ даласында дәстүрлі басқару жүйесі біртіндеп жойылып, орнына отарлық сипаттағы әкімшілік басқару жүйесі енгізілген еді. Ресейдің ауқымы жағынан бұрын болмаған көлемде шаруаларды қазақ жеріне жаппай қоныстандыруы қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратты. Қазақстан жерінің едәуір бөлігі құрамына енгеннен кейін, орыс үкіметі XIX ғасырдың 20 жылдарынан бастап қазақ даласында хандық өкіметті біржолата жойып, елді басқарудың отарлық тәртіптерін енгізуге кірісті.
Жаңа реформаны әзірлеудің М. М. Сперанскийге тапсырылғандығы белгілі. 1822 жылы оның басшылығымен ұсынылған «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы жарғы» [1, 93 б] қабылданды және жарғыға сәйкес Орта жүзде хандық билік жойылып, жаңа әкімшілік бөлу енгізілді. Қазақ руларының әкімшілік-аумақтық құрылымында өзгерістер болды. 5-параграфқа сәйкес жаңа құрылым: ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Округ – 15 болыстан 20 болысқа дейін, болыс – 10 ауылдан 12 ауылға дейін, ауыл – 50-ден 70-ке дейін шаңыраққа дейін белгіленді. Жарғының 15-параграфында округтердің жекелеген бөлімшелерінің басқарудың жаңа тәртібі белгіленді: ауылдарды – ауыл старшындары, болыстарды — болыс сұлтандары, округтерді – аға сұлтандары, ел билеушілері басқаратын болды.
Бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге дейін үй кірді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Дәстүрлі қазақ қоғамында басқару жүйесі хан, сұлтан, би және ақсақалдар институтына негізделген. Бұл институттар халықтың келісіміне сүйеніп, заңдылықты қамтамасыз етті. Халық әділдікті билердің сотында, ру-тайпалық келісімдерде, әдет-ғұрыпқа сүйенген шешімдер арқылы тапқан. Ал болыстық қызмет ресми әкімшілік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде енгізіліп, дәстүрлі билікті біртіндеп ығыстыра бастады. Болыс ресми түрде сайланатын тұлға болса да, іс жүзінде ол патша өкіметінің жергілікті өкілі ретінде әрекет етті. Оның міндеттері – салық жинау, тәртіпті қадағалау, әкімшілік бұйрықтарды орындау және халық пен уезд басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз ету [1, 91 б].
Қазақ қоғамындағы болыстық қызмет XIX ғасырдың екінші жартысында әлеуметтік құрылым мен саяси басқару жүйесінің түбегейлі өзгеру кезеңінде қалыптасқан маңызды институт болып табылады. Уақытша ережелерде болыс басқарушысы уезд бастығына тікелей бағынып, халықтан салық жинау мен тәртіпті бақылауға жауапты деп көрсетілген [1, 42 б], бұл болыстық қызметтің ресми құқықтық негізін айқындайды және оның патша әкімшілігіне бағынғанын дәлелдейді. Дәстүрлі басқаруда билер мен ақсақалдар шешім қабылдауда халық мүддесін бірінші орынға қоятын болса, жаңа болыстық жүйеде болыстар тек патша бұйрығын орындаушыға айналды, бұл жағдай қоғамда сенімсіздік пен әлеуметтік әділетсіздіктің пайда болуына жол ашты.
«Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап…
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап…» [2, 32 б]
Бұл жолдарда Абай болыстық қызметтің ауыртпалығын, жауапкершілігін және кейде адамға әкелетін психологиялық қысымын көрсетеді. Ол болыс болуды атақ‑мансап үшін ғана емес, халыққа әділдік көрсету, әлеуметтік тәртіп орнату, даулар мен келіспеушіліктерді шешу үшін атқарылатын міндет деп қабылдағанын ашып көрсетеді.
Абайдың бұл шығармасы арқылы болыс қызметінің халыққа қызмет етуден гөрі көбіне байлар мен күштілердің ықпалына тәуелді болып, орталық билікке бағынышты рөл атқарғанын аңғаруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, А. Құнанбаев болыс институтының формальды беделін көрсетумен қатар, оның нақты әлеуметтік мәнінің төмен екенін сын тұрғысынан сипаттайды.
Әлихан Бөкейхан өзінің еңбектерінде болыстың халық алдындағы жауапкершілігін атап көрсетеді. Ол болыстың қызметін тек әкімшілік міндеттермен шектемей, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті сақтау, халық сенімін сақтау және тәртіп орнату тұрғысынан қарастыру қажет деп есептеді. Оның жазбаларында: «Болыстың басты міндеті – арызқор кедейдің шағымын тыңдап, әділ шешім шығару, әділеттілік орнату арқылы қоғамда сенім мен тәртіпті сақтау» [3, 132 б] – деп көрсетілген.
Болыстар күнделікті салық жинау, тәртіпті бақылау, ауылдық әкімшілікке қадағалау жүргізу және кейде сот ісіне араласу сияқты істерді атқарған. Зар заман ақындарының шығармалары осы қызметтің моральдық кемшіліктерін анық көрсетеді. Мысалы, Шортанбай Қанайұлы өз шығармасында: «Пара жеген болысың, елдің соры болды ғой» [4, 87 б] деп жазып, болыстың парақорлығы арқылы қоғамға тигізетін зиянын ашып көрсетеді. Бұл сөздер болыстық институттың халыққа әділдік ұсынбай, тек ресми билік өкілі ретінде әрекет еткенін айқын көрсетеді.
Сонымен бірге, Дулат Бабатайұлының жырларында «Ел билеген әкімдер, әділдіктен тайды енді» деп атап өтеді [5, 64 б.]. Осындай мағынадағы шығармалар ХІХ ғасырдағы көптеген ақын-жырауларда кездеседі. Бұл қоғамдағы моральдық тұрақтылық пен әділеттіліктің әлсірегенін анық көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орнына, тек билік пен жеке мүддеге бағытталған болыстық қызметтің теріс әлеуметтік және моральдық салдары пайда болды.
Е. Бекмаханов болыстық қызметтің саяси мәнін терең талдай отырып, «Болыстық басқару арқылы патша өкіметі қазақ қоғамын өз бақылауына алды, дәстүрлі билік әлсіреді» [6, 205 б] деген пікір білдіреді. Нәтижесінде, болыстық институт халық мүддесін қорғаудан гөрі, патша үкіметінің бақылау құралына айналды. Болыстық қызметтің патша үкіметіне бағынышты құрылымы халық арасындағы сенім мен әлеуметтік келісімді әлсіретті, руаралық тартыс пен парақорлықты күшейтті.
М. Қойгелдиевтің зерттеулеріне сүйенсек, болыс институты дәстүрлі қазақ басқару жүйесі мен Ресей империясының әкімшілік жүйесі арасындағы өткел кезеңнің басты буыны болған. Ол болыстық қызметті былай сипаттайды: «Болыс институты XIX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамындағы рулық басқарудан ресми әкімшілік билікке өтудің ең басты тетігі болған. Болыстың міндеті — жергілікті халықты бақылап, империялық билік талаптарын орындаумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болды» [7, 52 б].
Ә. Бөкейхан болыстық сайлауға қатысты былай жазады: «Болыс сайлауы халық мүддесіне емес, патша өкіметінің талабына сәйкес жүргізілді, сайлаушы билік емес, биліктің өкілі болды» [8, 120 б]. Бұл болыстық сайлаудың халық сеніміне емес, патшалық құрылымға тәуелділігін көрсетеді. Сайлаудың формальды сипаты болғанымен, оның мазмұны халыққа әділ қызмет көрсетуге бағытталмаған. Болыстық сайлау әлеуметтік шиеленістерді күшейтті. Көп жағдайда сайлауға ұсынылатын үміткерлерру басыларының ықпалы, байлығы немесе патша әкімшілігімен байланысы бойынша таңдалды. Бұл қоғамдағы әділетсіздіктің, руаралық бәсекенің және парақорлықтың таралуына әкелді. Міржақып Дулатұлы болыстық сайлау жүйесін сынға алып, оны қоғамдағы тұрақсыздықтың бір себебі деп сипаттайды: «Болыс сайлауында әділдік жоқ, тек күш пен байлық үстемдік етеді, сондықтан ел бірлігі бұзылады» [9, 155 б.]. Бұл дерек болыстық сайлаудың дәстүрлі билік жүйесінің орнына келген жаңа әкімшілік құрылымның әлеуметтік рөлін тереңірек түсіндіреді.
Болыстардың нақты әлеуметтік рөлі мен функцияларын қарасақ, олар тек әкімшілік өкіл емес, кейде ауылдағы дауларды шешетін, руаралық келісімді сақтайтын, қоғамдағы тәртіпті реттейтін тұлға болды. Бұл олардың дәстүрлі билікпен салыстырғанда әлеуметтік функцияларын күрделендірді: олар халыққа қызмет көрсетуден гөрі, патша үкіметінің бақылаушысы ретінде әрекет етті. Міржақып Дулатұлы «Болыс сайлауы елді ел қылмай, елді елге жау қылды» [9, 156 б] деп жазып, сайлау рәсімдері халық мүддесіне емес, патша үкіметіне бағынышты өткенін көрсетеді.
Қоғамдық қарсылыққа қарамастан, XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы болыстық басқару жүйесі халықтың күнделікті өміріне әсер ететін маңызды әкімшілік құрылымдардың бірі болды. Болыстар патша әкімшілігінің талаптарын орындауға жауапты тұлға ретінде әрекет етті. Болыстық басқару халық үшін кейде формалды, кейде әділетсіздікке айналды. Бұл мәселені Ә. Бөкейханов«Ыхтиятты болыс» мақаласы арқылы көрсеткен: «Арызқор кедей бағанадан босағада отыр еді, арыз айтатын уақыт болды ғой деп сорлы қуанып, еңбектеп төрге таман жылжыды. Болысқа жақындап, төмен қарап болыстың бетіне тік қарауға бата алмай, арызын айта бастады. Айтып отырғанда аз уақыттан соң… кедей басын көтеріп маңайына қаранып, бір іске қайран қалыпты: қараса, алдындағы болысы ұйықтап жатыр дейді» [10, 67 б]. Бұл бірнеше маңызды әлеуметтік және әкімшілік аспектіні көрсетеді. Біріншіден, кедейдің «еңбектеп төрге жылжуы» оның әлеуметтік дәрменсіздігін, билікке тәуелділігін білдіреді. Ол арызын айту үшін барлық ұсақ-түйек жолдарға мойынсұнған, өз құқығын қорғай алмайтын жағдайда болған. Екіншіден, болыстың ұйықтап отыруы – бұл халық мүддесіне немқұрайлы қараған биліктің символы. Ә. Бөкейханов болыстың халыққа қызмет ететін емес, тек әкімшілік тәртіпті орындаушы рөлін атқарғанын дәлелдейді. Болыстық қызмет патша әкімшілігінің өкілі ретінде әрекет еткендіктен, қазақ қоғамының саяси дербестігі әлсіреп, әлеуметтік теңсіздік күшейді.
«Ыхтиятты болыс» шығармасында кездескен әлеуметтік мәселе — әділетсіздік. Қарапайым халықтың арыз-шағымы болыс тарапынан, назарға алынбады. Бұл басқару жүйесінде әділеттен гөрі билік пен статус басты рөлде екендігінің айқын көрінісі. Болыс билікті өз беделі мен ықпалын күшейту үшін пайдаланды.
Е. Бекмаханов болыстық институтты Ресей империясының әкімшілік басқаруын түзу механизмдерінің бірі ретінде қарастырады. Ол XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамында хандық билік институтының әлсіреуі мен патша әкімшілігінің әсерінің артуы арасындағы байланысқа назар аударады. Оның пікірінше: «Болыстық басқару арқылы патша өкіметі қазақ қоғамын біртіндеп өзінің әкімшілік бақылауына алды. Бұл дәстүрлі билік институттарының әлсіреуіне әкелді және болыстық қызметтің ресми сипат алуына себепші болды» [6, 205 б]. Бұл тұжырым болыстық институттың тарихи қалыптасуындағы саяси контекстін ашады: ол дәстүрлі билік формасын толық жоймай, оның үстіне ресми әкімшілік функцияны қосты. Болыс бұрынғыдай әділдік пен әлеуметтік келісім орнатудан бұрын, отарлық биліктің жергілікті басқарушы өкіліне айналды.
Қазақ қоғамындағы кез келген басқару институты — бұл дәстүрлі басқару жүйесінің маңызды бөлігі. Ол тек әкімшілік қызметпен шектелмей, әлеуметтік, моральдық және саяси рөлдерді де атқарған. Басқару жүйесінің өкілі жергілікті халыққа билік жүргізуші ретінде ғана емес, дау-дамайларды реттейтін, тәртіп пен әділдікті сақтаушы тұлға ретінде де маңызды болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында билеушінің беделі оның әділдігіне, моральдық қасиеттеріне және руаралық келісімді сақтауға қабілетіне байланысты қалыптасқан. Халық оны тек басқару жүйесінің өкілі ретінде емес, қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі ретінде қабылдаған.
Бірақ, XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейдің әкімшілік жүйесінің Орта жүзде енгізілуі басқару институттарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Соның бір мысалы, болыс институты. Болыс енді халыққа қызмет көрсетуге емес, империялық бұйрықтарды орындауға бейімделген ресми қызметкерге айналды. Ол салық жинау, әкімшілік есеп жүргізу, патша әкімшілігіне есеп беру сияқты міндеттер атқарды. Мұндай өзгеріс дәстүрлі билік институтын әлсіретіп, болыстың беделін халық арасындағы моральдық және әлеуметтік рөлінен алыстатты.
Дәстүрлі жүйеде басқарушыға халық сенімі жоғары болғандықтан, дау-дамайлар салыстырмалы түрде реттеліп отырған. Ал, ресейлік әкімшілік жүйеде болыс халық мүддесін екінші орынға қойып, орталық билікке бағынғандықтан, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер мен әділетсіздік ұлғайды. Бұл жағдай руаралық шиеленістерді күшейтіп, жергілікті билік құрылымдарының тұрақтылығына әсер етті.
Қазақ қоғамындағы болыстық институт тек әділетсіздік пен патша әкімшілігіне бағынудан ғана тұрмаған. Құнанбай сияқты әділетті болыстар да болған, олар өз билігін халық мүддесін қорғау, руаралық дау-дамайды әділ шешу және қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін пайдаланған. Мұндай болыстар дәстүрлі қазақ басқару жүйесінің қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін сақтап, халықтың сенімін жоғалтпай, биліктің әділеттілігін көрсетуге тырысқан. Әділетті болыстардың бар болуы дәстүрлі институттардың әлсіздігіне қарамастан, қазақ қоғамының ішкі тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берген. Олар билік пен халық арасындағы сенімділікті қамтамасыз етіп, қоғамның моральдық құрылымын қорғаған. Бұл факт ресейлік әкімшілік жүйесінің енгізілуіне қарамастан, қазақ даласындағы әлеуметтік әділеттің үздіксіз жалғасуын көрсетеді.
Құнанбай сияқты болыстардың тәжірибесі арқылы болыстық институттың тек патша үкіметінің талаптарына бағынған орган ғана емес, халық мүддесін қорғауға, әділеттілікті сақтауға және дәстүрлі басқару мәдениетін жалғастыруға қызмет еткенін аңғаруға болады.
Қорытындылай келегенде, Ә. Бөкейханов өз жазбаларында болысты тек әкімшілік қызметкер ретінде емес, оның қоғамдағы әлеуметтік және құқықтық рөліне байланысты бағалады. Оның «Ыхтиятты болыс» мақаласы болыстық қызметтің ХІХ ғасырдағы тарихи рөлін, оның әлеуметтік және саяси мәнін толық көрсетуге мүмкіндік берді.
Жалпы, қазақ қоғамының дәстүрлі басқару жүйесінде билік институты ерекше орын алған. Хан, рубасы, ақсақал — бұл тек әкімшілік қызметкерлер емес, сонымен қатар әлеуметтік, моральдық және саяси рөлдерді біріктірген күрделі институт. Ол қоғамдағы тәртіпті сақтауға, дау-дамайларды шешуге, руаралық келісімді қолдауға және биліктің үйлесімділігін қамтамасыз етуге жауапты болған.
ХІХ ғасырдағы орыс әкімшілігінің енгізген басқару заңдары қазақ қоғамының билікке деген дүниетанымын өзгертіп жіберді. Соның бір мысалы – болыстық басқару. Ол жүйе жиі сынға алынды, өйткені ол XIX ғасырдағы қазақ қоғамының әкімшілік құрылымындағы көптеген әлеуметтік қайшылықтар тудырған еді. Болыстың қызметіндегі басты кемшілік — оның тек ресми міндеттерді орындауға мүдделі болғандығы. Болыс тек патша үкіметінің бұйрығын орындаушы ретінде қарастырылып, өз билігін халық мүддесіне қолдануға құлықсыз болды. Бұл — болыстық басқарудың әлеуметтік жүйемен байланысының әлсіреуіне алып келген маңызды фактор. Болыстың міндеттері кең ауқымды болса да, дау-жанжалдарды әділ шешу, қауымдастықтардың әлеуметтік проблемаларын шешу сияқты функцияларды орындамай, әкімшілік тапсырмаларды механикалық түрде орындаумен ғана шектелді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Материалы по истории политического строя Казахстана (со времени присоединения Казахстана к России до Великой Октябрьской социалистической революции) (Том I). – Алма-Ата. — – 91 б.
- Құнанбайұлы А. Болыс болдым, мінеки… – Алматы. — – 32 б.
- Бөкейхан Ә. Таңдамалы шығармалар. – Алматы. — – 132 б.
- Шортанбай Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы. — – 87 б.
- Дулат Б. Өсиетнама. – Алматы. — – 64 б.
- Бекмаханов Е. 19 ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан. – Алматы. — – 205 б.
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы. — – 52 б.
- Бөкейхан Ә. Таңдамалы шығармалар. – Алматы. — – 120 б.
- Дулатұлы М. Шығармалары. – Алматы. — 1991. – 155 — 156 бб.
- Бөкейхан Ә. Шығармалары. 1-том. – Астана. — – 67 б