Ауелбекова Бағлан Тілеукеқызы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
Тарих факультетінің студенті
Ғылыми жетекшісі: Тлегенова Лора Толеутаевна, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор
Жырлар – қазақ халқының тарихи жадын, рухани болмысын сақтаған аса құнды мұра. Олар ғасырлар бойы ауызша таралып, халықтың өткен өмірі, ел қорғаған батырлары, әлеуметтік қатынастары мен дүниетанымы туралы маңызды мәлімет жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда, жырлар тек көркем шығарма ғана емес, тарихи сананы қалыптастырушы дереккөз болып табылады. Сонымен қатар жырлар тәрбиелік қызмет атқарады. Батырлар бейнесі арқылы ерлік, отансүйгіштік, адалдық, намыс сияқты ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Бұл жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда ерекше рөл атқарад. Жырлар – ұлттық бірегейлікті нығайтатын, мәдени сабақтастықты сақтайтын рухани феномен. Сондықтан жырларды ғылыми тұрғыдан зерттеу өзекті мәселе болып қала береді.
Солардың ішінде эпикалық және лирикалық жырлар ерекше назар аудартады. Халық арасында кең таралған жырлардың бірі – «Қобыланды батыр» жыры [1,132 б]. Жыр қазақтар мен қалмақтар арасындағы соғыстар кезеңінде қалыптасқан. Жырда көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, ислам дінінің ену кезеңіндегі рухани өзгерістер мен, сондай-ақ көне сенімдер мен мұсылмандық дүниетанымның тоғысуы көрініс табады. Ә. Бөкейхан 1899 жылы «Түркістан уәлаятының газеті» бетінде жарияланған «Қырғыздың Қобыланды жырындағы әйел бейнесі» атты мақаласында жырды тарихи әлеуметтік тұрғыдан талдап, қазақ қоғамындағы әйелдің орнына ерекше назар аударады [2,4 б]. Оның пікірінше, көшпелі өмір салты әйел рөлінің өзінді ерекшелігін қалыптастырған. Ғалым Ә. Марғұлан да көшпелі қоғамдағы әйелдің орнына ерекше мән бере отырып, оны тек отбасы ұйытқысы ғана емес, қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы ретінде сипаттайды: «Көшпелі тұрмыс жағдайында әйелдер ерлермен қатар шаруашылыққа раласып, мал бағу, көші-қон ұйымдастыру, үй шаруасын жүргізу, бала тәрбиелеу сияқты маңызды міндеттерді атқарған» [3,132 б]. Осы көрініс «Қобыланды жырында» да кездеседі.
Қазақ қоғамында әйел ерге толық тәуелді деп қарастырылғанымен, ол мүлде құқықсыз болғаны жоқ. Керісінше, дәстүрлі құқықтық нормаларда әйелдің әлеуметтік мәртебесі белгілі бір дәрежеде қорғалды. Соның айқын көрінісі – «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Бұл заң жүйесінде әйелдің ар – намысына қол сұққан жағдайда қатаң жаза қолданылған, зорлық-зомбылық жасаған адамға құн төлеу міндеттелген. Сонымен қатар, әйелдің қалыңмал, жасау, мирас мәселелеріндегі үлесі нақты белгіленген. Жесір қалған әйелдің белгілі бір таңдау құқығы болғаны, оның әмеңгерлік жолымен тұрмысқа шығуы да дәстүрлі нормалармен реттелген. Кей жағдайларда әйел өзіне жасалған әділетсіздікке қарсы билер сотына жүгіну мүмкіндігіне ие болған. Бұл қазақ қоғамында әйелдің құқықтық санатының бар екенін аңғартады.
Қобыланды жыры негізінен қазақтар мұсылмандықты қабылдаған кезеңде туғанымен, әлі де болса пұтқа табынушылықтың белгілері сақталып қалуын көрсетеді. Осы арқылы қазақтардың пұтқа табынушылықтан исламға өту кезеңін баяндайды. Жырда төрт түрлі әйел бейнесі көрінеді: Аналық, Қарлығаш, Құртқа және Қарлыға.
«Пұтқа табынушылықтың бірі ретінде батырдың жары Құртқаның анасы бейнеленген. Ол өмір жағдайында ислам ықпалымен өзгерген қызына яғни қызының тағдырына да араласпайды. Олар еріксіз түрде мұсылмандық бағытқа бет бұрғанымен, ескі сенімдеріне деген қызығушылығын жоймады» [2,8 б]. Жыр халықтың сенімі пұтқа табынушылық пен исламның тоғысқан тұсында тұрғандықтан, ондағы әйел мұсылман мен пұтқа табынушы бейнелеріде көрсетіледі.
Алғашқы әйел бейнесі Аналықтың өмір тұрмысынан басталады. Ол Орта жүз қыпшақтарының ықпалды, лауазымды ақсақалының әйелі болады. Ол тек беделді ерге деген құрметімен шексіз мойынсынуымен қатар, сол кездегі қалмақ ханының да, хан сарайында да үлкен беделге ие болады. Ол жақсы тұрмыс кешіп, сән-салтанатқа, әшекей бұйымдарға деген құмарлығын толыққанды түрде қанағаттанып, өмір рахатын көре алды және Аналық күйеуінің де ісіне араласып, халық ісіне ақыл-кеңес беріп нұсқауларда жасап отырды. Алайда, «Аналыққа Құдайдың рақымы бұйырмады. Оларды Құдай жазалағандай болды: олар қартайып бара жатсада балалары болмады. Бай Аналықты құрметтей отырып, екінші рет үйленуден бас тартады. Бірақ байдың тағдырға мойынсынуына қарамастан барлық жерде молдалардың дұғалары оқытылып, халықтың байға бала беруін сұрап, бұрындары болмаған үлкен құрбандық шалады. Бірақ ештеңеде шықпайды» [4,210 б]. Күйеуі осындай тағдырды таңдағанымен Аналыққа тағдырдың, қайғының бар ауыртпалығы ар-ұжданына тиеді. Аналықтың жеке мүддені білмейтін, өзгенің қайғысы мен қуанышына ортақтасып өмір сүрген әйел. Ол жеке бақытын артқа қойып, қоғам мен отбасы алдындағы міндетін атқаратын, өзінің беделі мен ықпалы арқылы әйелдің рухани күшін, қабілетін айқын көрсетеді. Аналықтың бар ғұмыры өзін құрбан етіп, қызмет ету болды.
Аналық ата-анасының еркі мен мүддесі арқылы өмір сүріп, соларды жақсы көрді, кейін оны тұрмысқа беріп, күйеуін Құдайдай сыйлады. Аналық осы тұста ешқандай нарсе жасай алмайтын қауқарсыз бір жаратылыстың көрінісі ретінде ғана қала берді. Ел арасында әулиелерге табынуды олардың кесенесіне бару кеңесі беріледі: құрбандық шалып, аян күтіп, қабір басында түнейді. Әулие баба аян береді, осы қуанышты бүкіл халыққа қуаныш сыйлағаны баяндалады. Қобыландының дүниеге келуі тоймен аталып өтіп, құрбандыққа шалынған малдар саны мыңға жуық болды [4, 220 б]. Осы кезден бастап Аналық өзін ұмытып ұлы мен күйеуі үшін өмір сүре бастайды. Олар үшін жанын беретін, ешкімге сенбейтін, ешкімнің соңынанда ермейтін, ендігі бар ерекше мейірімін баласына арнай отырып бар аналық сезімін көрсете отыра өсіреді.
Екінші әйел бейнесі Қобыландының қарындасы – Қарлығаш. Оның қыз бала болып туылуы, ұлдың дүниеге келуіндей үлкен қуанышпен салтанатпен қарсы алынбауы және жалғастырушы ретінде саналуы айқын көрінеді. Ә. Бөкейханов Қобыланды жырын зерттеу барысында қазақ қоғамындағы ұл балаға қарағанда қыз балаға деген көзқарастың басқаша болуын, ұл бала дүниеге келгеніндей қуанбаудың жоқ екеніне назар аудара отырып, мынадай пікір білдіреді: «Рожденіе девочки вь киргизской семье и не можеть быть встречено такь радостно, торжественно и шумно, какь роженіе сына, который является продалжателемь рода и культа его. Дочь же уходить изь родительского дома за своимь мужемь и становится чужой, входя,как собственность,вь составь другого рода,темь более при дальныхь еиргизскихь бракахь» [2, 10 б].
Өмірге келген күнінен бастап ол отбасында екінші орын алды. Барша жұрт ағасын еркелетіп жатқанда ол көлеңкеде қалды. Оған ата-анасы да, туыстарыда ағасына қарағандай көңіл бөлмеді. Қарлығаш өзіне лайықты мейірім мен назардан айырылды. Сонымен қатар, одан мойынсұнғыш, басқа адамдармен жолыққанда басын төмен түсіріп,сөз айтылса қызарып кете беретін тәрбие оны жаншып тастады. Қарлығаш та, анасы секілді, оның өзіне тән арманы да, жеке мақсаты да байқалмады [5, 98 б]. Қарлығаштың іс-әрекеті мен мінез-құлқында дербестік байқалмады, жеке өмірі де өз алдына бөлек әлем ретінде қалыптасқан жоқ. Ол өмірін бастапқыда ата-анасының қалауына арнады, кейін ағасының ыңғайына бейімделді, ал ақырында күйеуінің еркіне тәуелді болды. Қарлығаш әрдайым үнсіз, жуас болып, қарсы пікір айтуға батылдық көрсетпеді. Ол өз жағдайын тағдырдың жазуы деп қабылдады және басқа өмірдің мүмкін екендігіне сенбеді. Ағасы оны серігі Ораққа тұрмысқа берді, сол арқылы Қарлығаш анасының тағдырын қайталап, жаңа иесіне бас ию арқылы өмірінің жаңа кезеңіне қадам басты.
Үшінші бейне – Құртқа. Ол өзінің сұлулығымен, ақылымен, шешендігімен көзге түсіп, Қобыландыны өзіне қаратады. Құртқа бірнеше жыл бойы қалындық күйінде болды, қарттарға құрмет көрсетіп ерекше көзге түсе қоймады. Кейінен оған үлкендер қатты бауыр басып, оны қыздары Қарлығаштан да артық жақсы көріп, құрметтеді. Қобыланды Құртқаның кеңесіне құлақ асты. «Бірақ Қараман оны «әйеліне бағынышты» деп мазақтап шамына тиеді» [3,138 б]. Ол мазаққа қатты намыстанып, Қазан жеріне соғысқа аттанады. Мұсылмандық өмір салты әйелдің жеке болмысын әлсіретіп, ер адамның оған деген үстем әрі менсінбейтін көзқарасын күшейткені соншалық — Құртқа Қобыландыдан тұңғыш ұлын қасында қалдыруға сұрауға да батылы бармады. Уақыт өте келе Құртқа халық ісіне белсене араласпай тек нұсқау бағыт бағдар ғана беріп отырды. Өз тұрмысына мойынсұнып, мазасыздыққа толы өміріне разы болады». Оның ендігі рөлі үйдегі мейірімі мен ақыл айту ғана, ең басты міндеті — әулетті жалғастырушыны дүниеге әкелу. Құртқа бойындағы ерекше қабілеттеріне қарамастан, ерінің әдемі де болмашы ойыншығына айналды. Ерінің санасындағы «мыс басты еркек алтын басты әйелден жоғары» дегенді есіне ұстап әйелінің кеңесі де, білімі де пайдаланбады. Ол осындай тағдырмен келісуге мәжбүр болды.
Жырдағы төртінші кейіпкер — Қобыландының жорықтарда серігі, күрестерде бірге болған Қарлыға. «Қазанға бара жатқанда қалмақ батыры Көбіктінің жылқысын айдап әкетеді, оны естіп оларды дереу қолға түсіріп, Көбікті қызы Қарлығаның алдына тастайды. Қарлыға оларды сасық қапасқа қамайды. Махаббатқа зәру жүрегі сұлу жас қыз Қобыландыға жанашырлықпен қарайды. Қарлыға Қобыландыға тілдесуге қаншама рет келсе де, Қараманның қашу жайлы сөздеріде оған әсер етпеді» [1, 158 б]. Ол өзінің де түсінбейтін сезімінің жетегінде болып тұтқындарды босатуды ойлай бастайды. Тайбұрылдың зарға толы кісінеген үні Қобыландыны селқостығынан оятып, батыр қапастан қашып артынан Қараман да олармен бірге Қарлыға да қашады. «Қуғын боларын білген Қарлыға жоспар құрады, Қарлыға әкесіне жылап, қашқындар күштеп алып қашты деп шағымданады. Жоспарлары бойынша Қобыланды мен Қараман Көбіктімен, ал Қарлыға әкесін тежеп тұрғанда Қобыланды найзасымен жаншып өлтіреді» [4,217 б]. Әкесін өлтіріп, ауылын тонап Қарлыға Қобыландымен бірге кетеді.
Алғашқы махабатының жалын — жігеріне ерген Қарлыға Қобыландының қасынан кетпей, одан жүрек жылуын күтеді. Бірақ батыр оның еңбегінде, шынайы сезімін де елемейтіндей көрінді. Қорланған Қарлығаның жүрегіндегі кек оның Қобыландыға деген махаббатынан басым түседі. Ол жау жағына шығып, Қобыландыны жеңіп, қалмақ ханына тұтқынға тапсырады да, өз еліне кетеді. Кейін Құртқаның өтінішімен қайта оралып, Қобыланды, Қараман, Орақпен бірге қалмақтарға қарсы соғысады. Қараман Қарлығаның кегінің себебін-жауапсыз махаббаттан екен түсінеді. Ол Қобыландыға Қарлығаға үйленуді ұсынады, батыр келіседі, бірақ неге оның сезімін қабылдамағанын айтады. Оның себебі: Қарлығаның қаталдығынан сескенгенін, одан жақсылық күтпегенін, тіпті сатқынды жасайды деп те алдын ала білгенін айтады. Себебі Қарлығаның өзі ұшін әкесі мен ағасын өлтіргенін, абыройын сақтау үшін жиендерін қорлыққа бергенін, кейін өзін қалмақтарға ұстап беріп масқаралағанын көргенін алға тартады [6,140 б].
Қобыланды Қарлығаның әрекеттерінен тек қатыгездік пен салтты бұзуды ғана көрді. Ол оның шынайы әрі жауапсыз сезімін түсіне алмай одан әйелдік табиғатты көре алмады. Қарлығаның әрекеттерін Қобыланды ауыр қылмыс деп санағанымен, халық оны махаббаттан туған, таза әрі табиғи сезімнің көрінісі деп бағалады. Керісінше, Қобыландыны кінәлады ол рухани азғындықтан, адал, турашыл Қарлығаның құндылығын түсіне алмады. Қарлыға өз бақытын аңсайтын, ессіз әрі жалынды мінезді әйел. Кейде жолына кедергі болғандарға қатал болса да, халық оның бақытқа ұмтылу құқығын мойындады. Ә. Бөкейханның пікірі бойынша, әйелдің күшті рухы осы бейнеде анық көрінеді: «… Қарлыға бейнесі эпоста қатыгез әрі салтты бұзатын бейне ретінде көрінгенімен, халық оны … өзінің болашағы үшін күрескен әйел ретінде қабылдады… халық оған бақытқа ұмтылу құқығын берді…» [2,9 б]. Қарлыға – батыл әрі тәуелсіз әйел образы ретінде көрініс табады. Ол өз бостандығы мен құқығын қалпына келтіру үшін ешқандай кедергі мен қауіптен қорықпай әрекет етеді. Оның қаталдығы мен батылдығы кейде шектен тыс көрінгенімен, халық оны қатыгездік ретінде емес, әділетсіздікке қарсы тұрған тұлға ретінде бағалайды [6, 318 б]. Бұл сурет эпоста әйелдің екіжақты рөлін ашады: бір жағынан патриархалдық дәстүрге бағынышты, тәуелді бола тұра, екінші жағынан рухани күшке, шешім қабылдауға және әлеуметтік ықпал жасауға қабілетті. Қарлығаның әрекеттері оның жеке бастамашылдығын, ішкі еркіндігін және қоғамдағы маңызды рөлін көрсетеді.
Қорыта келгенде, «Қобыланды батыр» жыры – қазақ қоғамының тарихи болмысын ғана емес, ондағы гендерлік қатынастар жүйесін де терең бейнелейтін эпикалық мұра. Жырдағы әйел бейнелері арқылы көшпелі өмір салтының ерекшелігі, ислам дінінің орнығу кезеңіндегі рухани өзгерістер және дәстүрлі құқықтық нормалардың сипаты айқын көрінеді. Ә. Бөкейхан өз жазбасында жырдағы әйел бейнелерін қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымымен байланыстыра талдай отырып, қыз баланың отбасындағы орны, ұл балаға берілетін басымдық және әйелдің ерге тәуелділігі сияқты құбылыстарды тарихи-мәдени контексте түсіндіреді. Ол қыз баланың өзге әулетке кетуі себепті оған деген көзқарастың өзгеше қалыптасқанын атап көрсетеді. Бұл пікір жырдағы Қарлығаш бейнесінен анық байқалады. Сонымен қатар, жырдағы Аналық образы – ана мейірімі мен құрбандықтың, Құртқа – ақыл мен парасаттың, ал Қарлыға – еркіндік пен ішкі қайшылықтың символы ретінде көрінеді.
Осы төрт бейне арқылы әйелдің біржақты емес, күрделі табиғаты ашылады. Әйел бір жағынан патриархалдық жүйеге бағынышты, тағдырға мойынсұнған тұлға ретінде суреттелсе, екінші жағынан рухани күшке ие, шешім қабылдай алатын, тарихи оқиғаларға ықпал ететін кейіпкер ретінде көрінеді. Жырдағы оқиғалардан қазақ қоғамында әйел толық құқықсыз болмағанын да байқаймыз. Дәстүрлі заң жүйелері мен қоғамдық қатынастар аясында әйелдің белгілі бір әлеуметтік мәртебесі сақталған. Бұл жағдай көшпелі ортадағы тіршіліктің ерекшелігімен тікелей байланысты болды.
Сонымен, «Қобыланды батыр» жырындағы әйелдер – тек батырдың өмірін толықтырушы қосалқы бейнелер емес, керісінше, қоғамның рухани деңгейін айқындайтын маңызды тұлғалар. Ә. Бөкейханның «Қырғыздың Қобыланды жырындағы әйел бейнесі» атты мақаласы тарихи құбылыстарды түсінуде, басты тұлғамен қатар, оның маңайындағы адамдардың ықпалының маңызды екендігіне бағытталған. Әсіресе, Құртқа мен Қарлыға бейнелері арқылы әйелдің ақыл-парасаты мен еркіндікке ұмтылысына ерекше назар аударған. Қобыландының өзін кей жағдайда әйелдің ішкі жан дүниесін түсіне алмайтын, дәстүрлі түсінік шеңберінен аса алмайтын тұлға ретінде көрсетеді. Осылайша, «Қобыланды батыр» жыры қазақ қоғамындағы әйелдің екіжақты табиғатын – әрі тәуелді, әрі рухани қуатты болмысын айқындайды. Бұл ерекшелік эпостың тарихи-әлеуметтік құндылығын арттырып, оны тек батырлық жыр ғана емес, қазақ қоғамының даму сипатын бейнелейтін маңызды тарихи дерек деңгейіне көтереді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Бабалар сөзі: Жүз томдық.- Астана. «Фолиант», 2006. Т.29: Тарихи жырлар. – 2006.
- Бөкейхан Ә. Шығармалары. 1-том. – Астана: «Сарыарқа» баспасы. — 2016.
- Әуезов М. Әдебиет тарихы. — Алматы: «Ана тілі» баспасы. — 1991.
- Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар.- Алматы: «Жазушы» баспасы. — 1985.
- Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы.- Алматы: «Ғылым»баспасы. — 1984.
- Бердібаев Р. Қазақ эпосы. — Алматы: «Ғылым» баспасы. — 1982.
- Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. — Алматы: «Ғылым» баспасы. — 1973..