Көптілеуова Гүлназ Жарасқанқызы
№15 “Жидек” бөбекжай балабақшасы
Тәрбиеші
Кіріспе
Мемлекеттің дамуы ең алдымен жас ұрпақтың алған сапалы тәрбиесіне тікелей байланысты. Болашақтағы адал азамат пен кәсіби маманның қалыптасуы мектеп қабырғасынан емес, ең алғашқы қадам – балабақша тәрбиесінен бастау алады. Мектепке дейінгі кезең – адамның мінез-құлқы, дүниетанымы, адамгершілік құндылықтары мен кәсіби бағдарға алғашқы бейімділігі қалыптасатын ерекше уақыт. Осы тұрғыдан алғанда тәрбиешінің еңбегі ерен.
Тәрбиенің өзегі – адалдық
Халқымыз «Адалдық – ардың ісі» деп бекер айтпаса керек. Баланың кішкентай кезінен бастап адал болуға үйренуі оның бүкіл ғұмырлық жолын айқындайды. Балабақшада біз балаларға қарапайым, бірақ өмірлік мәні зор ұғымдарды сіңіруге тырысамыз: өтірік айтпау, еңбекті бағалау, достарына көмектесу, үлкенді құрметтеу. Бұл қасиеттер – болашақта оның адал азамат болып қалыптасуының негізі болары анық.
Адалдық тек моральдық ұстаным ғана емес, ол кәсіби этиканың да өзегі болып табылады. Ертеңгі күні дәрігер де, ұстаз да, инженер де – ең алдымен адамдық қасиеттерімен бағаланады. Тәрбиеленушілеріме әрқашан: «Өтірік атйпа, шыншыл бол!» деп айтып отырамын.
Кәсіби маманға бастар жол
Кәсіби маман болу– ең алдымен өз ісіне жауапкершілікпен қарау, үнемі іздену және өзін-өзі дамыту. Балабақшадағы тәрбиенің мақсаты – бүлдіршінге болашақ мамандыққа нақты бағдар беру емес, керісінше, кез келген кәсіптің қоғамға пайдалы екенін ұқтыру.
Ойын арқылы үйрету әдісінде біз балаларды түрлі рөлдерге бөлеміз: дәрігер, құрылысшы, мұғалім, жүргізуші т.с.с. Осындай қарапайым ойындар арқылы олар еңбекке құрметпен қарауды, әр мамандықтың маңызын түсінуді ерте жастан -аө үйренеді. Кейде бала «Мен өскенде ұстаз боламын» десе, енді бірі «Мен дәрігер боламын» дейді. Бірақ ең бастысы – олардың әрқайсысының жүрегінде еңбектің қадірін түсіну сезімі қалыптасып жатады.
Тәрбиешінің рөлі
Балабақша тәрбиешісі тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге баланың алғашқы әлеуметтік ұстазы. Біз олардың бойына тек әріп танытып, сана үйретіп ғана қоймай, адамгершілік қағидаларын дарытамыз. Бұл жауапкершілікті терең сезінемін.
Тәрбиеші еңбегі – көзге көп көрінбейтін, бірақ болашаққа қаланған мықты іргетас. Егер іргетас берік болса, үй де ұзаққа шыдайды. Сол сияқты, бала бойына кішкентайынан дұрыс тәрбие берілсе, ол болашақта қоғамға пайдасын тигізетін кәсіби білікті маман болып өседі.
Халқымыздың ұлы ойшылы, философ Абай Құнанбайұлының «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, ар, мінезбен» деген сөзі біздің тәрбие жұмысымыздың негізгі қағидаларының бірі. Балабақшадағы әрбір күн осы төрт құндылықты балалардың бойына дарытумен өтеді. Мысалы, бір-біріне көмектескен бүлдіршінді көргенде, оның бойынан болашақ адал азаматтың бейнесін аңғарамын.
Сонымен бірге М.Әуезовтің «Халықты халықпен теңестіретін – білім» деген ұлағатты ойы да тәрбиешілер үшін бағдаршам іспетті. Білімді, парасатты, адал ұрпақ қана елді өрге сүйрейді.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, «Білім келешегі – адал азамат және кәсіби маман» деген тақырып тек мектеп немесе университет деңгейінде қарастырылатын мәселе емес. Бұл – ең әуелі балабақшадан басталатын ұзақ жол. Тәрбиеші – осы жолдың алғашқы жетекшісі. Біздің еңбегіміздің нәтижесі ертеңгі күні адал да арлы, кәсіби тұрғыда білікті азамат болып қалыптасатын жас буыннан көрінеді.
Болашақ Қазақстанның тірегі – дәл осы адалдық пен кәсібилік үйлескен ұрпақ. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие – ел болашағына салынған алғашқы инвестиция деп сеніммен айта аламын.