Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің тәрбиелік мәнін ұғындыру әдістемесі

Мейрашова Мөлдір
Мусурманов Джасур
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 3-курс студенттері
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті

Ғылыми жетекші: Ахметова Жанар Балтабайовна


Қазақ халқының рухани әлемінде ерекше орын алатын тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол қазақ қоғамындағы ағартушылық қозғалыстың негізін қалаған, ұлттық мектептердің жүйесін құрған, педагогикалық ойдың дамуына бағыт берген бірегей қайраткер. Ыбырай шығармашылығы тек әдеби құндылықпен ғана емес, адамгершілік тәрбиенің нақты жүйесін ұсынуымен де маңызды. Оның әңгімелері, өлеңдері жас ұрпақтың кісілік келбетін қалыптастыру, еңбекке баулу, ата-анаға құрмет, адалдық пен имандылық сияқты мәңгілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Қазіргі білім беру жүйесі оқушының тұлғалық дамуына, құндылықтық бағдарын қалыптастыруға ерекше назар аударып отырған кезеңде Ыбырай мұрасының өзектілігі одан сайын арта түсуде. Жаһандану дәуірінде ұлттық тәрбиенің маңызы, рухани құндылықтардың қоғамдағы орны қайта қаралып жатқанда, Ыбырай Алтынсарин ұсынған ойлар бүгінгі педагогикамен үндес келеді [1].

Ы.Алтынсарин әңгімелерінің негізгі өзегі — адам бойындағы ізгі қасиеттерді насихаттау. Оның «Бақша ағаштары», «Әке мен бала» сияқты туындылары оқушыларды адалдық пен әділеттілікке шақыра отырып, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттердің өзі үлкен тәрбиелік мағынаға ие екенін көрсетеді. Мәселен, «Әке мен бала» әңгімесінде әке еңбектің қадірін баласына іс жүзінде түсіндіреді. Еңбектің нәтижесін сезінген балада жауапкершілік, табандылық, еңбектеу арқылы мақсатқа жету жолының мәні қалыптасады. Ыбырай Алтынсарин үшін адамгершілік – тәрбиенің өзегі. Ол адамды өз ортасына пайдалы, айналасына ізгілік тарата алатын тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат етті. Сондықтан оның шығармаларындағы кейіпкерлер көп жағдайда қарапайым, еңбекқор, шыншыл адамдар болып суреттеледі [2].

Ы.Алтынсарин әңгімелерінде еңбекке баулу ерекше орын алады. «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесі — соның айқын дәлелі. Бұл шығармада екі баланың өмірге көзқарасы, еңбекке қатынасы арқылы олардың болашақтағы орны қалай анықталатыны көрсетіледі. Автор еңбекті адамның өмір сүруінің басты шарты ретінде танытады. Еңбек ету арқылы адам өзіне де, қоғамға да пайда тигізеді, ал еңбексіздік адамды жалқаулыққа, тәуелділікке, қиындықтан қашуға итермелейді. Қазіргі педагогикада «еңбек дағдыларын қалыптастыру», «өзін-өзі басқару», «жобалық жұмысқа қатысу» сияқты ұғымдар жиі айтылады.  әңгімелерінде осы ұстанымдардың табиғи түрде көрініс табуы оның педагогикалық ойының уақыттан озық болғанын көрсетеді. Тәрбиелік идеяны терең меңгерту үшін шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды интеграциялау маңызды. Оқушылар әңгімеге иллюстрация салу, кейіпкерге мейірімді хат жазу, оқиғаның басқа нұсқасын құрастыру сияқты жұмыстарды орындай алады. Бұл шығармашылық іс-әрекеттер баланың қиялын дамытып қана қоймай, мәтіндегі моральдық тұжырымды терең сезінуге мүмкіндік береді. Әсіресе, балалар өз көзқарасы мен сезімін сурет, өлең немесе шағын эссе арқылы білдіргенде тәрбиелік мазмұн эмоционалдық деңгейде бекітіледі.

Ағартушының ең басты мақсаттарының бірі — қазақ баласын оқуға, ғылымға тарту. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде техника, ғылым, мәдениет игіліктерін игерудің қажеттігін уағыздайды. Оның әңгімелерінде де оқуға деген ынта, білім алуға деген құштарлық әрқашан оң қасиет ретінде бағаланады. Қазіргі білім беру стандарты оқушыны ақпаратты өз бетінше іздейтін, талдайтын, жауапкершілікпен қолданатын тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Алтынсариннің білім туралы үндеулері бүгінгі заман талаптарымен үйлеседі. Ыбырай Алтынсарин шығармаларын оқу үдерісінде қолдану – оқушылардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды педагогикалық құралдардың бірі. Оның қысқа да нұсқа әңгімелері оқушының жас ерекшелігіне сай жазылғандықтан, бастауыш және орта буында қолдануға өте қолайлы. Әңгімелерді талдау барысында мұғалім оқушыларға жақсылық пен жамандықты салыстыру, өмірлік жағдаяттарды бағалау және кейіпкерлер іс-әрекетінің себеп-салдарын түсіндіру дағдыларын дамытады. Осылайша, Алтынсарин мәтіндері арқылы оқушылардың сыни ойлау, сезімдік мәдениет және адамгершілік ұстанымдары біртіндеп қалыптасады [3].

Ы.Алтынсарин әңгімелері оқушыларға тек әдеби шығарма ретінде емес, тәрбиелік құрал ретінде де оқу үдерісіне енгізіледі. Мұғалім сабақ жоспарын құру барысында:

–әңгіменің негізгі моральдық идеясын,
–оқушыға беретін құндылықтық бағдарды,
–мәтіндегі мінез-құлық үлгілерін
алдын ала анықтауы қажет.

Қазақстанның жаңартылған білім беру жүйесінде «адамгершілік-рухани тәрбие» негізгі құндылықтар қатарында. Ыбырай әңгімелері осы құндылықтарды табиғи түрде қамтиды:
–азаматтық жауапкершілік;
–ұлттық болмысты құрметтеу;
–еңбексүйгіштік;
–мейірімділік;
– әділдік [4].

Ыбырай әңгімелерінің тәрбиелік мәнін ашу үшін мұғалім түрлі әдістемелік тәсілдерді қолдануы қажет. Соның ішінде сұрақ-жауап, салыстырмалы талдау, рөлдік ойын, жағдаяттық тапсырма және шығармашылық жұмыс тәсілдері ерекше нәтиже береді. Әсіресе, рөлдік ойын арқылы оқушылар кейіпкерлердің ішкі дүниесін сезініп, олардың әрекетіне баға беруді үйренеді. Сонымен бірге, оқушының мәтінмен өздігінен жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін тәсілдер (мәтінді бөліктерге бөлу, кіші топтағы талдау, өз ойымен аяқтау) тәрбиелік идеяны тереңірек түсінуге ықпал етеді. Осы тұста, мұғалімнің негізгі мақсаты – әңгіменің тәрбиелік идеясын бала санасына жеткізумен қатар, оны оның күнделікті өміріндегі дағдыға айналдыру. Ол үшін мұғалім сабақта үйренген құндылықтарды мектептен тыс жерде қолдануға бағытталған тапсырмалар береді. Мысалы, оқушылар бір күн бойы жақсылық жасау челленджіне қатысып, кейін ол туралы ойымен бөліседі. Немесе «өз отбасы мүшесіне көмектесу жоспарын» құруы мүмкін. Осындай әрекеттер мәтіндегі тәрбиені шынайы өмірмен байланыстырып, оқушының құндылықтық бағдарын нығайтады.

Ыбырай Алтынсарин әңгімелері тәрбиенің барлық саласын қамтиды: адамгершілік, еңбек, имандылық, жауапкершілік, білімге құштарлық. Бұл құндылықтар қандай тарихи кезең болмасын, өз мәнін жоғалтпайды. Бүгінгі білім беру жүйесінде оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды меңгеруіне ерекше мән беріліп отырған кезде, Алтынсарин мұрасы мұғалім үшін таптырмас әдістемелік құрал болып табылады. Ыбырай Алтынсарин әңгімелері арқылы оқушыларға дарытылатын негізгі құндылықтарға еңбекке адалдық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, мейірімділік, қарапайымдылық сияқты қасиеттер жатады. Бұл құндылықтар оқу-тәрбие жұмыстарында тұлғалық дамудың алтын арқауы ретінде қарастырылады. Сабақта осы құндылықтарды меңгерту жүйелі жүргізілгенде оқушылардың мінез-құлқы, қарым-қатынасы және ішкі мәдениеті өзгеріп, өзін-өзі реттеу қабілеті қалыптаса түседі. Сондықтан Алтынсарин мұрасын мектеп тәжірибесінде пайдалану тәрбиелік үдерістің тиімділігін арттырады [5].

Ыбырай Алтынсарин әңгімелердің ықшам, мазмұнының айқын әрі өмір шындығымен тікелей байланысты болуы оларды оқу-тәрбие үдерісінде әмбебап құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мұғалімнің басты міндеттерінің бірі – оқушыны тек мәтінді түсінуге емес, сонымен қатар ондағы өнеге мен құндылықты саналы түрде қабылдауға бағыттау. Бұл міндетті жүзеге асыруда жүйелі әдістемелік тәсілдер қажет. Алтынсарин әңгімелерін оқыту барысында қолданылатын бұл тәсілдер баланың рухани дамуын қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік жауапкершілігін, қоғамға бейімділігін қалыптастыруға қызмет етеді. Әңгімелерді оқытудың заманауи әдістерін қолдану, мәтінді өмірмен байланыстыра талдау, интерактивті тәсілдерге жүгіну — оқушыға шығарма идеясын терең түсінуге мүмкіндік береді. Алтынсарин айтқан еңбекқорлық, адалдық, ізгілік секілді адамдық қасиеттер қазіргі қоғамда да өзекті, сондықтан оның шығармалары мектептегі тәрбиелік үдерістің ажырамас бөлігі ретінде қала береді [6].

Қорыта айтқанда, Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің тәрбиелік әлеуетін толық ашу үшін мұғалімнен жүйелі, әдістемелік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған жұмыс талап етіледі. Балаларға әңгіменің мазмұнын түсіндіру – тәрбиелік жұмыстың алғашқы қадамы ғана. Ал, негізгі нәтиже оқушы мәтіндегі құндылықты өз іс-әрекетімен ұштастыра алған кезде байқалады. Сондықтан оқыту процесінде проблемалық оқыту, диалогтік талдау, рефлексия, интерактивті әдістер, шығармашылық тапсырмалар, өмірмен байланыстыру сияқты әдістемелерді қолдану – тәрбиелік мақсатқа жетудің ең тиімді жолдары. Ы.Алтынсарин мұрасын осылайша жүйелі пайдалану оқушылардың адамгершілік келбетін қалыптастырып, олардың жауапты, саналы азамат болып өсуіне ықпал етеді [7].

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Алтынсарин, Ы. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 2018. – 73 б.
  2. Алтынсарин, Ы. Қазақ хрестоматиясы. – Алматы: Атамұра, 2020. – 84 б.
  3. Қирабаев, С. Қазақ әдебиеті тарихы. – Алматы: Білім, 2019. – 102 б.
  4. Ералин, Ж. Ыбырай Алтынсарин педагогикасы және оның қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызы. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020. – 115 б.
  5. Айталы, Амангелді. Ұлы ағартушы [Мәтін]: [Ыбырай Алтынсарин] /А. Айталы // EGEMEN QAZAQSTAN. – 2021. – 14 маусым. – Б. 13.
  6. Шолқыбаева, Райжан. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық көзқарастары [Мәтін] / Р. Шолқыбаева // Учительская плюс. – 2021. – 19 ақпан. – Б. 19.
  7. Шағырбаева, М.Д. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұралары [Мәтін] / М. Д. Шағырбаева // Открытая школа. – 2014. № 4. – Б. 15-21.

 

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх