Менің ерекше досым – Дәмелі

Жүнісхан Айсара
Астана қаласы, Есіл ауданы
“Seed  educational complex” ЖШС
4-сынып оқушысының мақаласы

Сынып жетекшісі: Досаева Сауле Сериковна


       Адамның өмірінде жақын досының болуы – үлкен бақыт. Мен үшін сондай қымбат жанның бірі – Дәмелі. Ол – ақылының тереңдігімен, мінезінің жайдарлығымен, жүзіне нұр шашқан әдемілігімен ерекшеленетін 5-сынып оқушысы. Оның әр сөзі мен ісінен мейірім сезіліп тұрады, сондықтан да онымен достасу бір ғанибет.

      Мен Дәмелінің үйіне қонаққа барған сайын уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Біз бірге түрлі ойындар ойнаймыз, қызықты әңгіме құрып, көңіл көтереміз. Далаға серуендеуге де жиі шығамыз: табиғат тамаша көрінген сәттерді бірге тамашалау – біздің ең жақсы көретін ісіміздің бірі.

     Бізді жақындата түсетін ортақ хоббиіміз бар – кітап оқу. Әсіресе «Қобыланды батыр» жыры екеуіміздің жүрегімізге ерекше жақын. Батырдың ерліктері мен халық даналығы бойымызға күш-қуат беріп, қиялымызды байыта түседі. Кітап оқыған соң ой бөлісу, талдау жасау – біздің әдетімізге айналған.

        Қаладағы демалыс орындарына да бірге барамыз. Кейде үлкендердің рұқсатымен жақын кафеге барып тамақтанамыз, кейде кинотеатрдан жаңа фильм көріп, әсерімізбен бөлісеміз. Жаз мезгілінде бассейнге барып шомылғанды ұнатамыз. Ал үйде болғанда теледидар көріп, аулада жүрген сүйкімді мысықпен ойнағанды жақсы көреміз.

          Дәмелі – достықтың қадірін білетін жан. Оның жанындағы әрбір сәт көңілге қуаныш сыйлайды. Осындай ақылды, мейірімді, әзілге жақын құрбым бар болғанына мен өзімді өте бақытты сезінемін.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх