Элубаева Базаргүл Үсеновна
«№8 «Алтын сақа» бөбекжайы» МКҚК
Педагог – модератор, тәрбиеші
Тіл – халықтың жаны, ұлттың тұтаст миңығын сақтайтын ең басты құндылықтардың бірі. Сондықтан да жас ұрпақтың бойына тілге деген құрметті балабақша қабырғасынан бастап сіңіру – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Бала қандай тәрбиені балабақшада алса, болашақта соны алып жүреді. Сондықтан балабақшадағы тәрбие мен білім беру үдерісінде мемлекеттік тілді құрметтеу мен дамыту – ең өзекті бағыттардың бірі.
“Тіл туралы” заңның талаптарын орындау – тек ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізумен шектелмейді, ол ең алдымен балалардың тілдік ортасын қалыптастыру, күнделікті қарым-қатынаста мемлекеттік тілді қолдану арқылы жүзеге асады.
Балабақшада тәрбиешілер мен қызметкерлер қазақ тілінде сөйлеп, балаларға үлгі көрсетеді. Күн тәртібіндегі барлық оқу іс-әрекеттері, ойындар, таныстырылымдар, іс-шаралар мемлекеттік тілде өтеді. Бұл – сәбилердің тілін дамытуға, сөздік қорын молайтуға, қазақтың ұлттық дүниетанымын танып-білуге үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балабақшаларда өзге тілді де үйрену мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ басты талап – әр бала алдымен өз ана тілін еркін меңгеруі. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” қағидаты дәл осы жерде өз мәнін табады. Ана тілін құрметтеген бала ғана өзге тілді қызығушылықпен үйренеді.
Барлық құжаттар, ақпараттық бұрыштар, ата-анамен байланыс – мемлекеттік тілде. Отбасы мен балабақша бір бағытта жұмыс істегенде ғана нәтиже жоғары болатыны анық.
Қорытындылай келе, “Тіл туралы” заңның орындалуы – ұлттық болмысты сақтаудың жолы. Балабақшадағы тілдік тәрбие – келешек ұрпақтың санасына тілге деген сүйіспеншілікті сіңіреді. Балалардың сөздік қорын байытуға арналған әдебиеттер оқу, ертегілер тыңдату, әңгіме құрастыру, ұлттық ойындар, мерекелік іс-шаралар кеңінен қолданылады. “Тіл мерекесі”, “Ана тілі – ардағым” сияқты апталықтар да маңызды рөл атқарады.