Сулеймбекова Сулушаш
№52 «Еркетай» балабақшасының тәрбиешісі
Аннотация. Мақалада мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамытудағы зерттеу іс-әрекетінің орны мен маңызы қарастырылады. Тіл дамыту үдерісінде зерттеу әрекеттері баланың ойлау қабілетін, сөздік қорын, коммуникативтік мәдениетін жетілдіруге ықпал ететіні ғылыми тұрғыдан негізделеді. Сонымен қатар, балалардың зерттеушілік қабілеттерін арттыру арқылы тілдік белсенділігін дамытудың әдіс-тәсілдері ұсынылады.
Түйін сөздер: зерттеу іс-әрекеті, тіл дамыту, мектепке дейінгі тәрбие, ойлау қабілеті, коммуникативтік құзыреттілік.
Қазіргі білім беру жүйесінде балалардың танымдық қабілеттерін дамыту мен тілдік құзыреттілігін арттыру басты міндеттердің бірі болып табылады. Мектепке дейінгі кезеңде баланың тілі ойлау, қабылдау және қиялмен тығыз байланысты дамиды. Осы орайда зерттеу іс-әрекеті баланың белсенділігін арттырып, тілдік қарым-қатынас жасау қабілетін кеңейтудің тиімді құралы ретінде балалардың сөйлеу тілін дамыту — басты міндеттердің бірі. Сөйлеу тілі — баланың танымдық және әлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіші.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде әртүрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды қарастырады [1].
Мектеп жасына дейінгі бала айналасын танып-білу барысында тілін де қатар дамытады. Сондықтан тәрбиеші міндеті -зерттеу іс-әрекеті арқылы балаға қоршаған орта құбылыстарын түсіндіріп қана қоймай, өз ойын жеткізуге үйретеді.
Зерттеу іс-әрекеті — балалардың қоршаған ортамен танысуына, сұрақтар қоюына, себеп-салдарлық байланыстарды анықтауына және ой қорытуына бағытталған танымдық процесс. Бұл іс-әрекет барысында балалар өз ойын сөзбен жеткізуге үйренеді.
Белгілі педагог — ғалым Савенков А.И. зерттеушілік іс-әрекетті баланың шығармашылық әлеуетін дамытудың тиімді құралы деп есептейді. Оның пікірінше, зерттеу әрекеті балаларды тек ақпаратты қабылдауға ғана емес, оны талдауға, салыстыруға, қорытынды шығаруға үйретеді. Бұл үрдісте сөйлеу тілі табиғи түрде дамиды – деп атап көрсеткен [2].
Тіл дамытудағы зерттеу іс-әрекетінің рөлі өзе маңызды. Атап айтқанда:
- сөздік қордың кеңеюі: балалар жаңа ұғымдарды меңгеріп, оларды сөйлеу барысында қолданады;
- сөйлем құрау дағдыларының дамуы: бақылау, тәжірибе жасау нәтижелерін баяндау арқылы баланың байланыстырып сөйлеуі жетіледі.
— коммуникативтік қабілеттер: топтық зерттеу кезінде балалар пікір алмасып, бір-бірін тыңдап, сұрақтарға жауап береді.
Тәрбиеші зерттеу іс-әрекетін ұйымдастыруда төмендегідей әдістері қолданады:
Бақылау: табиғат құбылыстарын, тұрмыстық заттарды бақылау арқылы балалар жаңа сөздерді меңгереді.
Тәжірибе жасауда сипаттау әдісі – зерттеу нысанын сипаттап айтуға үйретеді. Тәжірибе жасау арқылы қарапайым тәжірибелер арқылы себеп-салдарлық байланыстарды түсіндіру.
Әңгімелеу әдісі — тәжірибе нәтижесін баяндап, байланыстырып сөйлеуге баулиды.
Сұрақ-жауап әдісі-балаларды ойлануға, өз ойын сөзбен жеткізуге жетелейді. «Неге?», «Қалай?», «Қайда?» сияқты сұрақтар арқылы балалардың ойлауын белсендіру.
Шығармашылық тапсырмалар: сурет салу, әңгіме құрастыру, драмаландыру арқылы тілдік белсенділікті дамыту.
Дидактикалық ойындар-тілдік материалды бекітуге көмектеседі «Қайсысы артық?», «Салыстыр» т.б. [3].
Аталған әдістерді пайдаланып зерттеу іс-әрекеті балалардың тілді меңгеруін ғана емес, сонымен қатар олардың тұлғалық дамуына, әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Бұл әдіс арқылы балалардың танымдық белсенділігі артып, логикалық ойлауы мен сөйлеу мәдениеті қалыптасады.
Балалардың тілін дамытуда зерттеу әрекеті мынадай бағыттарда маңызды:
- Сөздік қорды байытады зерттеу барысында балалар жаңа сөздермен танысып, оларды іс жүзінде қолданады.
- Байланыстырып сөйлеуді дамыту. Зерттеу нәтижесін ауызша айту, әңгімелеу барысында бала ойды жүйелі жеткізуді үйренеді.
- Коммуникативтік қабілеттерді жетілдіру. Топпен жұмыс кезінде балалар бір-бірімен пікірлесіп, сұрақ қоюға, жауап беруге дағдыланады.
- Ұсақ моториканы дамыту арқылы тілге әсер ету. Қолмен тәжірибе жасау сөйлеу мүшелерінің белсенділігін арттырады.
- Логикалық ойлау мен тілдік дәйектілікті қалыптастыру. Бала себеп-салдарлық байланыстарды түсіндіріп, сөйлеу мәдениетін дамытады.
Тәрбиеші балалармен қарапайым тәжірибелік жұмыстар жүргізуде балалармен бірге бөлмеде өсіп тұрған гүлді бақылайды. Сұрақтар қойылады:
«Бұл гүлдің түсі қандай?», «Ол неге күнге қарай бұрылады?»
Балалар жауап бере отырып, жаңа сөздер үйренеді «жапырақ», «сабағы», «күнге бұрылу». Бұл әдіс байланыстырып сөйлеуді дамытады. Тәжірибе жасау арқылы сөйлеуді дамытуда балаларға суға әртүрлі заттарды (ағаш, тас, пластмасса) салу ұсынылады. Нәтижесінде олар: «Тас батады, ағаш қалқып тұрады» деген қорытынды жасайды. Мұнда салыстыру, себеп-салдарлық байланысты түсіндіру, сөйлем құрау дағдылары дамиды.
Балаларға «Бұлт қайдан пайда болады?» деген сұрақ қойылып, мақта мен ыдыстағы суды қолдану арқылы тәжірибе жасалады. Бала көргенін өз сөзімен әңгімелейді: «Бұлт — судан пайда болады, ол аспанға көтеріледі». Бұл әдіс қиялды да, сөздік қорды да байытады.
Топпен жұмыс кезінде балалар «Құм мен саздың айырмашылығы қандай?» деген сұраққа жауап іздейді. Олар қолымен ұстап көреді, суда араластырады, нәтижесін талқылайды. Әр бала өз ойын ортаға салады, пікірталасқа қатысады. Бұл — диалогтық сөйлеудің дамуына ықпал етеді.
Тәжірибе арқылы судың қасиеттерімен танысамыз.
- Судың түсін ажырату және судың түсі қандай болатынын тәжірибе арқылы көреміз.
1 стақан суға шай қасықты салу. Қасығымыз көріне ме? (көрінеді)
1 стақан сүтке шай қасықты саламыз. Сүттің ішіндегі қасық көрінді ме?
(жоқ көрінбейді).
Балаларға суы бар стақан және бояу жағылған таяқшалар. Бояу жағылған таяқшалар арқылы суды балалар бояйды. Тәрбиеші: Судың түсін өзгертуге болама екен? (болады).
- Менде екі түрлі ыдыс бар, пішіндері әр түрлі. Бұлардың ішінде су бар. Судың пішіні қандай? (әр түрлі).
Су қандай ыдысқа құйылса, сол ыдыстың пішініндей пішінге айналады.
Су қандай зат екен? (су – сұйық зат екен).
- Ал, балалар, ыдысқа құм саламын. Ол да ыдыстың пішініндей пішінге айналады. Сонда құм сұйық зат болғаны ма?
Осыны тексеріп көз жеткізейік.
Суды жайпақ табаққа құямыз, су жайылып кетті. Яғни, су – сұйық зат.
Ал, енді құмды төгейік, ол үйіліп тұр. Олай болса, құм сұйық зат емес екен, сусымалы зат екен. Демек, су мен құм әр түрлі заттар екен. Құм — сусымалы зат. Су — сұйық зат.
- Тәжірибеміз мұз, жылы су, ыстық су, салқын су.
Мұзды еріту. Суды ысытуға, мұздатуға және оны ерітуге болатынын көрсету. Қайнаған ыстық суы бар шәйнектің қақпағын ашсақ, бу шығады. Бұл бу су тамшыларына айналады [3].
Балалар зерттеу іс — әрекетін қорытындылап, өз ойларын айтып, тәжірибелердің қызықты болғандарын, не көргендерін айтып береді.
Зерттеу іс-әрекеті — мектепке дейінгі балалардың тілін дамытудың тиімді тәсілдерінің бірі. Ол баланың сөздік қорын молайтып, ойлау қабілетін арттырады және коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырады. Сондықтан педагогтар зерттеу іс-әрекетін жүйелі түрде ұйымдастырып, балалардың танымдық және тілдік белсенділігін арттыруға жағдай жасауы қажет [4].
Ойымызды қорытындалй келе, зерттеу іс-әрекеті — балалардың тілін дамытудың теориялық тұрғыдан негізделген әрі тәжірибеде дәлелденген тиімді тәсіл. Ол сөздік қорды байытып қана қоймай, байланыстырып сөйлеу қабілетін жетілдіреді, ойлау логикасын дамытады, коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастырады. Педагогтар зерттеу іс-әрекетін сабақта және күнделікті өмірде жүйелі қолданғанда, баланың тілдік белсенділігі артып, шығармашылық ойлауы жетіледі. Зерттеу іс-әрекеті — баланың табиғи қызығушылығына сүйенетін, оны белсенді ойлануға жетелейтін әдіс. Мұндай әрекет барысында балалардың сөздік қоры кеңейіп, байланыстырып сөйлеу дағдысы дамиды, ойын еркін жеткізе білу қабілеті артады. Сонымен бірге зерттеу іс-әрекеті коммуникативтік мәдениетті қалыптастырып, шығармашылық әлеуетін арттырады. Осыған орай, зерттеу іс-әрекетін мектепке дейінгі ұйымдардың күнделікті тәрбие процесіне жүйелі енгізу — бала тілін дамытудың тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Астана, 2022.
- Савенков. А.И.Методика провеления учебных исследований в детском саду.”Учебная литература. Самара. 2004.”
- Мартынова Е.А, Сучкова И.М. Организация опытно-экспериментальной деятельности детей 2-7 лет: тематичекое планирование, рекомендации, конспекты занятий. Волгоград.Учитель. 2009.
- Савенков А.И. Исследовательская деятельность дошкольников и младших школьников. – Москва, 2006.