“Ертегі әлемі”

ҰІӘ тақырыбы: «Ертегілер әлемі» 

Автор: Махатова Гүлжан Бәйтемірқызы

балабақша тәрбиешісі, жоғары білімді, «педагог-сарапшы»

Мекеме атауы: «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің  «Балапан» бөбекжай балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны

e-mail поштасы: makhatova.gulzhan@mail.ru

 

 

Білім беру саласы:«Қатынас», «Таным», «Шығармашылық»

Ұйымдастырылған оқу қызметі: Сөйлеуді дамыту.

Тақырыбы: «Ертегілер әлемі»

Мақсаты:

а) Тәрбиелік: ертегідегі кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы балаларды тапқырлыққа, мейірімділікке, достыққа тәрбиелеу.

ә) Білімділік: Ертегі мазмұнын еске түсіру.

Тілдің грамматикалық құрылымы:

-зат есімдер мен көмекші есімдерді байланыстырып қолдануға үйрету (үстелдің астында, орындықтың артында, төсектің астына, отынның артына);

Байланыстырып сөйлеу:

– сөзді тыңдап және оны түсіну, әңгімеге араласып, өзіне қойылған сұрақтарға жауап беруге;

 Шығармашылық тілдік дамыту:

– шағын тақпақтар мен өлеңдерді жатқа айтуға үйрету;

б)Дамытушылық:балалардың білетін ертегілерін еске түсіру арқылы сөздік қорын байытып, сөйлеу барысында қолдану дағдыларын және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Әдіс-тәсілдері:Синквейн әдісі, АКТ және ойын технологиясы.

Көрнекіліктері: Проектор арқылы ертегіден үзінді көрсету, тантамерлік театр, «Лақтарды жасыр» ойын құралдары(бизиборд тақтасын негізге ала отырып, фетра материалынан жасалған)

Алдын-ала жүргізілетін жұмыс:«Қасқыр мен жеті лақ» ертегісінің мазмұнын сюжетті сурет арқылы айтып беру, әңгімелесу, І. Жансүгіровтің, Н. Ораздың «Лақ» өлеңін, халық ауыз әдебиетінің қасқыр, лақ жайлы өлеңдерін жаттату.

Сөздік жұмыс: қасқыр, ешкі, артында, астында.

 

ҰОҚ барысы:

 1.Ұйымдастыру кезең:

(Балалар түс көріп, ұйқысынан оянғандай кейіп танытады)

Музыка терапиясы:

Балалар тәрбиешімен бірге жартылай шеңбер болып отырады. «Ертегілер әлемінде» өлеңін бірге айтады.

Ғажайып түс көрдім,

Таң ата мен бүгін,

Ертегі әлемнің құшағында жүрдім,

Нұрына шомылдым бүгін.

Жұлдыз айы-көктем!

Әдемі еді неткен,

Құстары сөйлейді,

Бұлттары тербейді,

Мен оянып кеттім- әттең!

-Балалар, көңіл-күйлерің қалай?

-Тамаша! Керемет!

-Ендеше, керемет, тамаша көңіл-күймен бүгінгі күнімізді бастайық!  Сендер ертегі әлеміне барғыларың келеді ме?

-Ия! Әрине!

-Олай болса, мына сиқырлы шам бізді сол ертегі әлеміне апарады екен.

Бір, екі, үш!

Сиқырлы шам, бізді ертегілер әлеміне бізді апара түс!

 

2.Негізгі кезең:

Лазерлі сәулелер ойнап, жарықтар жағылып, балалар ертегі әлеміне енеді.

 

 

 «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісінен үзінді көрсетіледі.

-Балалар, есімізге түсірейік, бұл қандай ертегі?(«Қасқыр мен жеті лақ» ертегісі)

Ертегінің мазмұны бойынша сұрақтар қойылады.

-Ертегіде ешкі қайда кетеді?(Орманға, лақтарына тамақ әкелуге кетеді)

-Кетерінде ешкі лақтарына не дейді?( Лақтарым, шұнақтарым, қасқыр келсе есікті ашпаңдар, мен келгенде ғана ашыңдар,- дейді)

-Ешкінің лақтарына айтатын өлеңі қандай?( Лақтарым, шұнақтарым, Анаң келді келіңдер, Сүт әкелді көріңдер, деп ән салады)

-Қасқыр келгенде лақтар есікті бірден ашты ма?( Жоқ, лақтар қасқыр екенін даусынан танып қояды, ұстаға барып тамағын ешкінің даусына келтіріп жасатып алады)

-Содан кейін лақтар есік ашады ма?(Жоқ, қасқыр екенін аяғынан танып қояды. Наубайханашыға барып, ұн сатып алып, аяғына жағып алады. Сосын лақтар ешкі екен деп ойлап қалады)

-Қасқыр не істеді? ( Балалар ертегі желісі бойынша әрі қарай жауап береді)

-Балалар, біз қазір ертегі әлемінде жүрміз.Біз қазір лақтарды қасқырдан құтқарудың жолын табайық! Қасқыр келем дегенше лақтарды жасырып қояйық.

Ол үшін сиқырлы сөзді айту арқылы лақтарды жасыра түсеміз.

Бір, екі, үш!

Лақтарым, жасырына түс! Сен лағым отынның артына жасырын.

Сиқырлы тақтада лақтарды жасырады, баламен жеке жұмыс жасалады.

Үстел-үстінде ойын: «Лақтарды жасыру»

Мақсаты: Балалардың қол моторикасын дамыту. Лақтарды қасқырдан құтқару жолын таба отырып, «Отынның артына», «Төсектің астына» сөздерін айта отырып сөздік қорын молайту.

Ғажайып сәт: Лақтарды іздеп қасқыр келеді.

Лақтарым, шұнақтарым, есікті аш,

Анаң келді келіңдер,

Сүт әкелді көріңдер!

-Ой мына есік ашық тұр екен. Лақтарым қайдасыңдар!

Балаларға қарап:

-Мұнда лақтар болу керек еді. Балалар, сендер көрмедіңдер ме?

-Жоқ, сен лақтарды таба алмайсың!

-Неге? Мен лақтарды тауып аламын.

-Жоқ, сен бәрібір таба алмайсың! Біз сені қуып шығамыз!

Сергіту сәті:

Қыр-қыр-қыр,

Бұл көкжал қасқыр.

-Ыр-ыр- ыр,- деп

Ырылдайды қасқыр,

-У-у-у-у, – деп

Ұлиды қасқыр,

Бір екі үш

Бойға жина күш!

Ал енді қасқыр,

Орманыңа қаш!

Қасқыр:

Адам мені Қасқыр деп,

Қас албасты басқыр деп,

Қатал үкім шығарған:

Қасқыр көрсең, басқа ұр деп!-деп, тағы да мені қуып жатырсыңдар ма?Қап, бәлем, ылғи жолым болмай қойды –ау, қарным ашатын болды-ау, -деп кетіп қалады.

-Алақай! Біз лақтарды қасқырдан құтқарып қалдық. Жарайсыңдар, сендердің арқаларыңда лақтар аман қалды. Енді қазір ертегі әлемінен тобымызға оралайық.

-Бір, екі, үш!

Тобымызға апара түс!

-Балалар, біз қайда бардық?

-Ертегі әлеміне!

-Жарайсыңдар, ертегілер әлемінде сендер лақтарды қасқырдан аман алып қалдыңдар. Енді қазір тантамерлік театр арқылы жаттаған тақпағымызды айтып берейік.

Ешкі:

Шөре – шөре, лағым,

Тентек болма, шырағым!

Секектеме, деміңді ал,

Селтеңдемей құлағың.  (І.Жансүгіров)

Лақтар:

1.-Мен тентектеу-лақпын.

Мүйізі жоқ шұнақпын.

Қой бастайтын серке боп,

Жолын өтем сынақтың.

2.Маған ерсең бекініп,

Қойдан маза кетіріп,

Кел ойнайық жарға шық,

Тастан тасқа секіріп.           (Н.Ораз)

3.Жар басында жүремін,

Тау басына шығамын.

Шапқылаймын үнемі,

Ақ ешкінің лағымын.

Қасқыр:

Қаңғырамын үйім жоқ,

Ауылдардың иті жоқ.

Ұрлық, зорлық-кәсібім,

Тамақтанар несібім-

Қорқынышты атағым,

Қалың қопа жатағым,

Қой кораға түсетін,

Бар ғой аздап шатағым.(Халық ауыз әдебиетінен)

 

-Жарайсыңдар, балалар!

 

3.Қорытынды кезең:

Синквейн әдісі.

-Бұл не? (Ешкі)

-Ешкі қандай? (Түсі- ақ, жүні- жұмсақ, т.б)

-Ешкі не істейді? ( Маңырайды, шөп жейді, сүт береді, ет береді)

-Ешкіні кімдер күтіп, баптайды?( Ешкіні адамдар күтіп баптайды)

-Ешкі қандай жануар? (Ешкі үй жануары)

 

-Бұл не?(Қасқыр)

-Қасқыр қандай? (Түсі сұр, зұлым, жыртқыш аң )

– Қасқыр не істейді? (Қасқыр ұлиды, ет жейді)

-Қасқыр қайда жүреді?(Қасқыр орманда жүреді)

-Қасқыр қандай жануар?(Қасқыр жабайы жануар)

Балалардан сұрақтарға жауап алып, оқу қызметін қорытындылайды. Мадақтап, сыйлықтар береді.

 

Күтілетін нәтиже:

– ертегі мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді;

– қажетті сөздер мен сөз тіркестерін түсінеді;

-зат есімдер мен көмекші сөздерді қолданады ( «төсектің астында», «отынның артында»)

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *