Тарихтан әдебиет тудырған тарланбоз
Тарихтан әдебиет тудырған тарланбоз
Қабдеш Жұмаділов – өлеңде жүріп, прозаға өріс ауыстырған бесаспап қаламгер. Егіз сүрлеуді еңсеру – кейқуат таланттар жасай алмайтын қарекет іспеттес. Қазақ әдебиеті алпысыншы жылдары тарих цивилизациясының төңірегінде қалам тербеп, цензураға қарсы ашық толқу білдірген жезайыр жазушымен толықты. Оның өзгелерден ерек мұғжизасы – еркіндігі. Ол қалам ұшымен-ақ десакрализацияға ұшыраған тарихи деректерді жаңғыртты. Бір ғана «Дарабоз» дилогиясы – осы пайымыма дәнекер дәйек. Балаң шақтан кеудесіне ұя салған тақырыпты қаузаған автор абстракциясы Қабанбайды насихаттаумен ғана шектелмейді. Баһадүр батыр шығарманың негізгі желісіне арқау болғанымен, түпкі миссия – қазақ халқының жаугершілік замандағы дегдарлы шағын әспеттеу. Жоңғарларға, ойраттарға қарсы ұрыстардың сюжеті, Қабанбай батырдың гиперболизациядан ада ерліктері, қазақ халқының бейнетті ғұмыры баяндалған дилогия қазақ әдебиетінің дүр-жауһар шығармасына айналды. Фабулалық оқиға желісімен жазылған туынды афоризмдік аспектілерге де жұтаң емес. Би-шешендердің татымды сөздері тізбектеліп, қазақ хандығында елеулі орны бар прототиптердің түгелі дерлік қамтылған. Автор Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Барақ, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай сынды тарихи тұлғалардың есімін атап қана қоймай, оларды жеке индивид ретінде суреттейді. Сондай-ақ Қабанбайдың болмысын өзі арқылы емес, Абылайдың психологиялық композициясымен айшықтайды. Қабанбайды көргенде, бода-бода жас төккен хан Абылайды эмоциялық призмада суреттей келе, романдағы негізгі қаһарманның характерін дөп басады. Қабдеш Жұмаділовтің бұл романы Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған «Көшпенділер» трилогиясының желісімен сәйкес. Тарихи деректер мен кей детальдардың ұқсастығын автордың өзі де растайды. Туындыгердің «Таңғажайып дүние» романында «Көшпенділерге» редакциялық жұмыс жасағаны жайлы жазылған. Ақиқатында, тарих – ортақ. Қабырғалы қаламгер бұл хақында: «Тарих – қайталауды сүйеді. Тарихтың қозғаушы күші халық екені рас болса, сол халықты бастайтын серкесі бар емес пе?!» дейді. Даусыз, осы тұста халықшыл жазушының сөзі орынды. Тарихи объектіні еш бұрмалаусыз, реалистік бағытта жазудың өзі ерлікпен парапар. «Дарабоздан» кейін «Абылайдың ақырғы өлімі» секілді әңгімелер туды. Әдебиет практикасында көпшілік мойындаған шығармалардың дені бір-біріне ұласып, түп тамыры бір катализатор болады. «Көшпенділердің» әдеби көші түгесілмесе, оның не сөкеттігі бар? Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы да әлеуметтік маңызға ие шығарма. Автор Қытай мен Ресей арасындағы 1884 жылғы шекара бөлінісін қаузайтын еңбекте бұқараның сортаң күйіне үңіледі. Тасыр қоғамдағы түрлі типтердің болмысын психологиялық параллелизм арқылы айқындап, оқырманға тоғышарлық өмір салтынан ада ғұмыр кешуге үндеу тастайды. Қабдеш Жұмаділовтің осы еңбекте марксизмге қарсы кереғар позициясы байқалады. Азаттықты аңсаған мұқым қазақ даласының арманы «Тағдыр» романында астыртын былай деп баяндалады: «Өлетін жерін білмейтін аңғалдығы болғанымен, қамсыз жұрттың мезгілінен не ерте, не кеш туатын, өмірге екі келмес есіл Дәмежандай ұлдары бар». Расында, қытымыр уақта шовинистік тоталитаримзге қарсы қалам ұшы қарсылық білдіріп, қараша халықтың күйреуік көңіліңе үміт сыйлаған апайтөс тұлғаның еңбегі телегей. Қабдеш Жұмаділов бұл турасында: «Мен 22 жасымда «ұлтшыл» атандым. Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйреніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақшы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәубе! Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді» дейді. Сөз зергерінің автоцензуралық құбылысқа негізделген шығармалары мұнымен тамамдалмайды. «Қаздар қайтып барады» туындысы да қазақ халқының ауыр тұрмысынан туған, отарлау саясаты тұсында атамекеннен жыраққа қоныс аударған кейіпкердің тағдырын шебер суреттейді. Шекара асқан қауымның қырық жылдан кейін туған жеріне оралуы, романдағы пейзаждық сипатқа ие детальдардың сәтті қолданылуы сана түкпіріне көркем катарсис сезімін тудырады. Шарасыздықтан бас сауғалаған жұрттың кіндік отанына орала алмауы, сағыныштан дәруіштің күйін кешіп жүруі күні бүгінге дейін өзектілігін жоймады. Ең өкініштісі де, ең ауыры да – осы. Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің тарихи танымын кеңейткен феномен! Ол – поэзияны прозаға жалғаған иллюзионист. Жазушылық жолда штамп жоқ. Әр қаламгердің өзіне тән соқпағы һәм ізі бар. Оның шығармаларындағы иісі қазаққа ортақ рух инерциясы, бір призмаға сыймайтын қатқыл катаклизмдері ұлт руханиятының құмыққан деміне жан бітірді. Маргинал шала жазушы емес, Әуезов мектебінің ілімді ізбасары атанды. Тарбағатайдан түлеп ұшқан озық таланттардың үркердей шоғырының бастауына айналды. Сөз магиясын жетік меңгеріп, артына өміршең еңбектер қалдырды. Әдебиет пен тарихты ұштастырған көксеңгір тұлғаның культі ешқашан жойылмайды. Тарихтан әдебиет тудырып, рухани эволюция жасаған Қабдеш Жұмаділовтің есімі өшпейтіні хақ!
Ерасыл САЙЛАУҒАЛИ