Найман ас
Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу – елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы. Сол дәстүрлердің ішінде бүгінде жұрт арасынан көп естіле бермейтін салтымыз-Найман ас. Бұл жарық дүниеден өткен жақындары мен жайсандарын еске алып аруағына бағыштап ас беру халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұғыммен тамырлас бұл үдірістің мазмұны – бақиға көшкен ата-баба рухына өзінің қайырлығын білдіруге сырттай желеп жебеп жүрулерін тілек етуге саяды. Сондықтан да болар өлінің рухына арнап берілетін басқа садақаларға қарағанда аста салтанаттылық нысаны басым қарарлық сипаты жоққа тән.
Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертеңнің кірпіші қаланбайды демекші, бүгінде еліміздің солтүстік өңірінде бұл дәстүрді ұстанатындарда бар. Мысалы, Ақмола обылысы,Жақсы ауданының Жаңа Қима ауылдық округі, Үкі ауылында ағымдағы жылдың қараша айының жиырма үшінші жұлдызы күні Найман Жабай руының еске алу асы берілді. Тамыры кеңге жайылған Найман Бағаналы-Жабай ата ұрпақтары, бабалар рухына бағытталған іс-шараға Қазақстанның барлық обылыстарынан Жабай ата ұрпақтары ғана емес, ерте кезде сол ауылда тұрған тұрғындарда жиналды, оны келген қонақтардың саны қалың болғанынан-ақ байқауға болады.
Жиының ашылуын Жақсы аудандық Уәли мешітнің бас имамы Райымбек Қадырбайұлы ашып, «Сыйға сый, сыраға бал» – деп сөз кезегін Сейт Мұратұлына берді. Әкесінің арманы ағайын-туған, құда-жекжат, көрші-қолаңның басын қосып ас беру екен. Әке арманын орындаған Сейт ағамыз жиналған қауымға барша ат салысқан азаматтарға алғысын айта отырып, жас ұрпаққа өнеге көрсетті. Ұлытау обылысындағы Жабай ата ұрпақтарының Президентті, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы,қоғам қайреткері Асқар ЕРМЕКБАЕВ-тің құттықтау хатын Сейт ағамыз оқып берді.
Ас беріліп болған соң, ұлттық төл спортымыз қазақша күреске кезек берілді. 38 палуан 60, 70, 80 салмақ бойынша боз кілемде бақтарын сынасты. Тартысты жарыстың нәтижесінде: Ғайып Төрехан (60кг), Абишев Бахтияр (70 кг), Бейсеков Асылхан (80 кг) бірінші орында жеңіп алды.
Ал, екінші орынды: Қуаныш Әліби (60 кг), Сыздыкпаев Ержан (70 кг), Аманжолов Арлан (80кг) иеленсе, Өтегенов Олжас (60кг), Серікбай Жарас (70кг), Султанбеков Сунғат (80 кг) үшінші орынды қанжығалады. Барлық жүлдегерлер арнайы тағайындалған ақшалай сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды. Түйе палуан белдесуінде қарсыластарын айқын басымдылықпен Сейтенов Жандос бас жүлдені жеңіп, 100мың теңгені қанжығасына байлады. Екінші орынды Алтынбаев Бекзат иеленсе, үшінші орын Журнусов Асетке бұйырды.
Күрес тамашалап болған соң, қазағымыздың ұлттық спортының ішіндегі ең көркемі, бәйгені тамашалауға шақырып, жазық далада болып жатқан жылқылар жарысын назарымызға ұсынды. Жылқы бар жерде бәйге бар демекші, бәйге десе, делебесі қозбайтын қазақ баласы жоқ шығар. Тіпті, бұл туралы ақиық ақын Ілияс Жансүгіров: «Бәйгенің куәсі болып, жүрегіміз лүпілге, көңіліміз қуанышқа толды.» деген болатын. Жиналған барша жұрттың делебесін қоздырып, патша көңілін тасытқан Бұл тартысты ат жарысында шабандоздарымыз біраз тер төгіп, шабысты нәтижесінде Тай жарысынан Атбасар қаласынан келген Санжардың «Майбах» атты аты бірінші болып мәреге жетсе, Ширен ауылынан келген Сайлаубайдың «Толғанай» атты аты екінші орынды қанжығасына байлады, үшінші орынды Державинск қаласынан ат терлетіп келген «Ойнақ» атты аттың шабандозы Жанагенов Дидар иеленді.
«Тайың өсіп – тұлпар болсын, құнаның өсіп дүлділ болсын!» демекші құнан жарысында Ширен ауылынан келген «Болашақ» атты ат бірінші келсе, екінші орынды Амангелді ауданынынан «Керім» атты ат, ал үшінші орынды Кеңарал ауылынан «Наурыз қасқа» атты аты шауып келді.
Көп күттірген Аламан бәйгеде Бірінші орынды Соркен Дархан «Елтаңба», Екінші орынды Искенов Сакен «Загдан», үшінші орынды Шанбарбай , «Сухарь» атты аттар мен шабандоздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бәйге тамашалап болған соң жаппай көкпар назарға ұсынылды. Жаппай көкпарға үш шабандоз бақ сынасты. Осылайша бұл дәстүрді ұстанғандардан, дүркіреген ас болды. Біз халқымыздың ұлттық санасын қалай оята аламыз, ұлттық дәстүрлерімізді қалай дәріптейміз? Бұл мақсатты әркім әрқалай жүзеге асырады. Ал мен осы жазбам арқылы сіздердің бойларыңызға қазақтың салт-дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып және адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыра алдым деп ойлаймын. Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беру – кез-келгеніміздің парызымыз. Менің айтқан ойым біреуге жай сөз болып қалар, ал біреулерге қамшы болып тиетініне көзім жетеді. Әр қазақтың санасына сәуле шашып, аз да болса ой тастасам – бұл менің ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеудегі бастапқы жетістіктерімнің бірі.
Жансая Сағынбай