Төл теңгеміздің тарихы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің т.ғ.к., профессор Гүлнар Қозғамбаева
Тәуелсіз еліміздің ұлттық валютасы – теңгенің дүниеге келгеніне биыл 30 жыл толып отыр. Ұлттық валюта теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Көп ғасырлық тарихы бар қазақ халқының тарихында айырбас пен сауда қатынасында қолданылған теңгенің тарихы тереңде жатыр. «Теңге» атауы ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарынан шыққан, олар өз кезегінде орыс ақшаларының атауы «ақша» (жарты тиын) және «ақша» сөзі де пайда болған. Теңге қазақ халқының тарихындағы алғашқы айналымға енген ақша бірлігі емес екендігі сонау өткен тарихымыздан белгілі.
Кеңестік билік тұсында кеңестік ақшалар мен тиындар қолданыста болып, Қазақстан біртұтас рубль аймағына болды. Ресей 1992 жылы 26 шілдеде өзінің төл валютасын енгізді, сол кезден бастап, рубль аймағындағы елдер Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда қаржылық жүйелерін бөліп жіберді. Қазақстанға Ресей Орталық банкі қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан рубльді пайдалану үшін Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі керек және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек деген талаптар қойды. Қорыта айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды.
Қазақстанға КСРО-ның рубльдері ғана емес, рубль аймағынан шыққан елдерден де рубльдер келіп жатты. Айналымдағы рубль күннен күнге құнсызданып сол кезде халықтың айтуынша «сабан ақшаға» айналды. Осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстаннын, төл валютасын шығаруға еріксіз жол ашты.
Англияның атақты «Харрисон және ұлдары» компаниясымен ұлттық валюта – теңге жасау туралы келісімшарт жасалып, 1993 жылы теңгенің алғашқы партиясы басылып шықты, теңге сол жылы қарашаның 15 күні айналымға енді. Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталарында еліміздің саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі, ал сыртында кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары басылды. Мәселен, 1 теңге – Әбу Наср әл-Фарабидің суреті, 3 теңге – ақын Сүйінбай Аронұлының суреті, 5 теңге – композитор Құрманғазы Сағырбайұлының портреті, 10 теңге – шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың, 20 теңге – ақын Абай Құнанбаев, 50 теңге – Әбілқайыр ханның суреті, 100 теңге – Абылай ханның портреті берілген болатын.
1993 жылы басылған «Портреттер» айналымында қазақ тарихындағы орны бар тарихи тұлғалар бейнеленді. Ал одан кейін төл валютамызға басылған «әл-Фараби» сериясы шықты. 1993 жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеттермен алмасты. Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы 1995 жылы 19 мамырда толық аяқталып, ресми ашылды. Ал монеттер Өскеменде орналасқан монета сарайында дайындалады. Бүгінге Қазақ елінің төл валютасы республикамыздың өзіне басылып шығады. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте дүниеге келген ұлттық валютамыз 30 жыл уақыт ішінде Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Бүгінде тәуелсіздігіміздің символына айналған ұлттық валютамыз – теңге уақыт талабына сай оның дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп, халықтың қажетін өтеп келеді. Төл теңгеміз 30 жыл ішінде дизайны, сапасы, сонымен қатар, әлемнің валюталары арасындағы 18 қорғаныс дәрежесі бар ең қорғалатын валюталардың бірі. Үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 – әлемдегі ең әдемі ақша деп танылды. Бүгінде қазақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие.
Қазақстан Республикасы 1997 жылдан бастап 15 қараша -Ұлттық валюта күні деп атап өтетін болды. Сонымен қатар бұл күнде қаржыгерлер мен банк қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өту дәстүрі қалыптасты.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718