«Аутизмі бар балаға дидактикалық ойынды қолданудың әдіс-тәсілдері» (1-4 сыныптарға арналған № 1 арнайы мектеп интернатының аутистік ауытқулары бар оқушыларына арналған жиынтық кітапшасы)

Тлеужанова Айнагуль Ноурозбаевна

Ақмола облысы білім басқармасының “Көкшетау қаласы, №1 арнайы түзету мектеп-интернаты”коммуналдық мемлекеттік мекемесі

 

Коммунальное государственное учреждение “Областная специальная коррекционная школа-интернат №1 город Кокшетау” управления образования Акмолинской области

 

 

 

 

 

 

 

 

«Аутизмі бар балаға  дидактикалық ойынды қолданудың  әдіс-тәсілдері»

 

 

«1-4 сыныптарға арналған № 1 арнайы мектеп интернатының аутистік ауытқулары бар оқушыларына арналған жиынтық кітапшасы»

 

 

 

 

 

 

Құрастырушы: Тлеужанова А.Н.

 

 

 

Кокшетау 2021

 

Құрастырушы:

Көкшетау қаласы  №1 арнайы түзету мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Тлеужанова А.Н.

 

Рецензент:

 

Көкшетау қаласы  №1 арнайы түзету мектеп-интернатының басшысы Бурдинская О.В.

 

 

Жиынтық кітапшасы арнайы № 1 мектеп-интернатының аутистік ауытқуы бар балаларды оқытудың тәсілдеріне  сәйкес құрастырылды.Қазақша тілінде жазылған. Бұл кітапша балалардың деңгейіне сәйкес және 2 бөлім бағдарламасына сай құрастырылды. Кітапшада мұғалімге керек мәліметтер мен сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер, жаттығулар, тапсырмалар,  дидактикалық ойындар жинақталған.

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Бұл кітапша бастауыш сыныптың дефектолог мұғалімдеріне арнайы көмекші құрал ретінде пайдалануға құрастырылған. Білімді, дағдыларды жүйелі түрде есепке алу бастауыш мектептегі бүкіл оқу процесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Жинақтың мақсаты-оқушылардың ойлау қабілетінің, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес дағдыларын қалыптастырудың беріктігін, білімді меңгерудің негізділігін тексеру үшін мұғалімге материал ұсыну. Жинақтың алғашында  бала аутизмі туралы жалпы жазылып кеткен. Одан кейін сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер, жаттығулар, тапсырмалар,  дидактикалық ойындар жинақталған. Аутистік ауытқуы бар балаларды қалай бағалауға болатыны және аутизмі бар балаларды оқытуда кешенді əдістерді қолдану, глобальды оқыту əдістемесін қолдану, Сенсорлық интеграция əдістемесін қолдану. «Дидактикалық ойынның түрлері»

«Аутизмі бар балаға математикалық дидактикалық ойынды қолданудың

әдіс-тәсілдері» мен түрлі дидактикалық ойындар құрастырылып жазылған.

Аутисттер – ерекше жандар екенін ұмытпайық. Олар да дәл басқа қоғам мүшелері сияқты қолдау мен сүйіспеншілікті қажет етеді.

 

 

 

 

 «Аутизмі бар балаға  дидактикалық ойынды қолданудың  әдіс-тәсілдері»

 

 

 

Бала аутизімі.

Бала аутизімі – баланың психикасындағы ауыт­қу­лар. Бала аутизімі  дегеніміз шындықтан ауытқу, өзі-өзімен болу, немқұрайлық немесе сыртқы құбылыстарға қимыл әрекеттердің болмауы, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл күйі. Осы кеселмен ауратындардың мінезі тұйық, ешкіммен тілдеспей, өздерінің түсініксіз әлемінде  өмір сүреді. Мұндай ауруға шалдыққандар адамдар­мен араласу, айналасымен қарым-қатынас орнату қа­білетінен айырылады. Оның сөйлеу қабілеті бұ­зы­лып, психикасы мен ақыл-есі дұрыс жетілмейді. Бірақ аутизммен ауыратындардың интеллек­туал­дық деңгейі әртүрлі болады. Кейбірінің санасы мүлде дамымай, кенже қалса, енді біреулері білім мен өнердің жекелеген салалары бойынша дарынды болып келеді. Аутизм симптом ретінде көптеген психикалық ауруларда кездеседі. Көбінесе баланың туғаннан кейін бірінші жылы немесе бірінші айларында білінеді. Бұл ауру психикалық дамуының бұзылуының ерекше түрі болып табылады. Бұл ауруда жекеше психикалық функциялары жай дамиды, ал басқа функциялар керісінше тез дамиды. Кейде жасына сай емес сөздік қоры өте бай болса, сөйлеу қабілеті төмен болуы мүмкін. Бала аутизімі диагнозын қою үшін клиникалық көріністер көбінесе толық байқалмайды.

 

Кейде аутист бала туған кезде ерекше болады: солғын, тамақ сұрап мазаламайды, жөргек суланса және бір жері ауырса да дыбыс шығармайды, үндемейді, өскен кезде ештеңеге қызықпайды, кейбір сөздерді немесе сөйлемдерді қағып алып, түсінбей қайталай береді. Жақын адамдармен, анасымен байланысы симбиотикалық, сондықтан жақын адамдарды түсіну, аяу, көну деген ұғым жоқ.

Қазақстан Республикасында психикалық ауруға шалдыққан балалардың саны күн өткен сайын артып келеді. Бала аутизімі деп аталатын осы дерттің салдарынан жүздеген емес, мыңдаған бүлдіршіннің тағдыры қыл үстінде тұр. Бұлай деуімнің себебі, елімізде бұл қатерлі кеселді емдейтін психиатрлар тапшы. Кейбір дәрігерлер оны қатерлі ауру ретінде қарастырмай, жай ғана психологиялық дерттің түріне жатқызады, сөйтіп, психикалық ауруларға тек кеңес берумен шектеледі. Мұның соңы балалардың өсе келе әлеуметтік ортаға бейімделуін қиындатады, айналадағы адамдардың өзіне деген түсінбеушілігін тудырады.

Көбінесе аутизм 3-5 жас аралығында анық көрінеді. Соның нақты көріністері төмендегідей: аутист бала көзін бір жерге тоқтатпайды, әсіресе қарама-қарсы отырған адамның түріне ол адамның бет-әлпетіне, тіке көзіне тура қарамайды. Алғашқы жымыйуы уақытылы пайда болады, бірақ нақты адамға арнамайды және де ол бала күлмейді, қуанбайды және басқадай қуаныш белгілерін білдірмейді. Көбінесе аутист бала жанындағы адамға немқұрайлы қарайды: көтер деп сұранбайды, көбінесе өз төсегінде немесе манежде, каляскада отыра беруді жөн көреді. Өзіне ыңғайлы отырыс іздемейді. Аутист бала өзінің жақындарын таниды, бірақ ұзақ эмоционалды да іс-әрекет білдірмейді. Еркелетуге аутист бала әр түрлі қарайды, кейде немқұрайлы немесе жақтырмай, кейде ұнатса да тез жалығады. Мысалы, тамақ ішу уақыты бұзылса көтермейді немесе немқұрайлық білдіреді. Жақын адаммен қарым-қатынаста болу да әртүрлі. Кейде оны қажет етеді, кейде қарым-қатынастан қашады, әдетте күрделі жағдайда немқұрайлы мәнсіз қарайды. Немқұрайлық ойындар да пайда болады, бір іс-әрекетті неше рет қайталап, мәнсіз ойнайды. Мысалы: бос шөлмекті айналдырады, саусақтар арасынан жіпті өткізеді. Ойыншықтармен ойнаса да, мәнсіз ойнайды аутизммен ауыратын балалар бір ыдыстан бір ыдысқа суды құйғанды, құм құйылатын заттармен ойнағанды ұнатады, бірақ ойындары мәнсіз, құммен ойнағанда оны төгіп отырады, еш нәрсе жасамайды.

Қорқыныш тудыратын заттардың тізімі шексіз(қол шатыр, электр құралды жұмсақ ойыншықтар, иттер, ақ заттар, машиналар, жер асты жолдары және т.б.). Қорқыныштар әртүрлі. Кейде қорқыныш қоздырғышы шын мәнісінде қорқыныш туғызуы мүмкін. Оны аутист бала өте ауыр қабылдайды. Егерде сау балаларда қорқыныш бірте-бірте ұмытылып кетсе, керсінше аутизммен ауыратын балада ол ұмытылмайды, қайта үдейе түседі. Мысалы: емханада укол алған кезде ақ халатты медбикенің бейнесі есінде қалады, сондықтан өмір бойы ақ түстен қорқу пайда болады.

Аутист баламен жұмыс істеген дәрігердің, арнайы мұғалімнің және тәрбиешілердің алдында үлкен бір мақсат бар, ол баланың сабаққа қойылатын бағаны қабылдауға дайындау, өйткені аутист балаға төмен баға алу өте ауыр тиеді. Оқушыларға жетондар (смайлик) арқылы бағалауға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бала бағаның мағынасын дұрыс түсінбей кәбінесе ата-анасынан көмек сұрайды. Дұрыс оқушы болуға талпынысы кәбінесе нәтижесіз, өйткені баланың қорқыныш сезімі оның мүмкіндіктерін шектейді. Ол кәбінесе жаттанды білімге сүйене отырып жаңа тақырыпты мүмкін ұқпай қаламын ба деп қорқады. Егер де тырысқанына қарай нәтижесінде төменгі баға алып қалса баланың көңіл-күйі бұзылып өкініштен жылауы мүмкін. Төменгі бағаға қарамастан ол тыныштандыру ретінде ата-анасынан қолдау іздейді.

Аутизм балалармен оқу-тәрбие жұмысында зейіннің маңызы өте зор. Сондықтан да, оқу жұмысында осы психикалық үрдісті дұрыс ұйымдастырып, дамытып отыру қажет

 

Балабақша мен мектеп оған тек тәрбие мен бiлiмді ғана берiп қоймайды, сонымен бiрге ең алдымен, басқа адамдармен бiрге өмiр сүру мүмкiндiгiн де үйретеді. Сондықтан, мұндай балаларды үйде оқу түрiне көшiрмей, мектепте қалдыру өте маңызды.

Аутизмі бар баланы ауру немесе ауырады деп санаудың орнына, оның дамуы мен оқуына белгiлi бiр жайлы жағдай мен тәсiл қажеттiктен «өзгеше бала» деп санаған дұрыс.

Қоғамның мiндетi – аутист балалардың құрдастарынан қалмай  балабақшада тәрбиеленуіне, мектепте мүмкіндігіне қарай оқуына және оған қажеттi тәсiлдердi пайдалануына жағдай тудыру қажеттілігіне түсіністікпен қарау.

 

 

 

 

Аутизмі бар балаларды оқытуда кешенді əдістерді қолдану

Əрбір ата-ана баласы өмірге келгеннен кейін оның денсаулығының дұрыс болғанын қалайды. Ата-анасы баланың жасаған əрбір қимылына, оның жүзінің жадырағанын, басқан əрбір қадамын, алғашқы шығарған дыбысына, айтқан сөзіне қуанады. Əр бала қоршаған ортаның қамқорлығын қажет етеді. Бірақ кейбір балалар қоршаған ортадан алыстап, өз əлемінде өмір сүреді. Олар əр жаңа нəрсеге қызықпайды, оны танып-білуге қызығушылығы болмайды. Осындай балалар қарым-қатынас жасауда, əлеуметтік ортаға бейімделуде, ата-анасымен сөйлесуде қиындықтарға кездеседі. Осындай белгілер арқылы балада аутизмнің немесе оның кейбір белгілерін анықтауға болады.

Аутизм ми жұмысының бұзылуынан туады. Мамандар аутизмнің 300-ге жуық себебін атап отыр. Бірақ нақты тұжырым, дəйекті дəлел жоқ. Ең алғаш аутизм туралы Э. Блейлер, Лео Каннер, О.С. Никольская, Г. Аспергер, А. Ретта, К.С. Лебединская сынды ғалымдар қарастырған. Қазіргі кезеңде аутизмді зерттеу өрісі кеңейіп отыр. Аутизм ¾ бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол əлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері əсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (ЕБА) синдромы дейді. Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса, оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін [2].

Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша, аутизмі бар балалардың себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқымқуалаушылық фактордың əсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.Тұқым қуалаушылық хромосомалық өзгерістер, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті жəне туу кезінде алған жарақаттар, нейроинфекция- лар, тағы басқа жағдай лар барлығы да жағымсыз əсер ету мүмкіндігі бар.

Аутизмнің алғашқы белгілеріне тоқталатын болсақ, белгілер баланың үш жасына дейін анық байқалады. Əдетте, ер балаларда жиі кездеседі. Ата-анасы баланың құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, əлі сөйлемегенін байқайды. Алғашында бала естімейтін сияқты болып көрінеді, бірақ тексеру барысында нəтижесі олай еместігін көрсетеді. Мұндайда баланың жалпы дамуы тежеледі. Мінезі тұйықтала түседі. Атын атап шақырса, елең етпеуі де мүмкін. Өзге балалармен де ойнамайды. Танып-білуге ұмтылмайды. Тіпті жаңа ойыншық та оны қызықтыра алмайды. Яғни, мұндай балада қалау, сағыну, аяныш, өкініш, қамқорлық сияқты сезімдердің ешқайсысы болмайды. Оған бəрібір. Өз əлемінде, өзімен өзі өмір сүреді. Тəулік бойы ұйықтамай жүре беруі мүмкін. Ештеңені қажет етпейді.

Кейде бала сөйлеуді бастайды, бірақ біраз уақыт өтісімен, сөйлеу қабілетін қайта жоғалтады, күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен жəне жалғыз ойнайды. Тіпті ойыншық- тың тек бір бөлігімен ғана (мəселен, тек қолымен немесе басымен) ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын тəртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Ата-аналарының айтуынша, бала көзге тіке қарамайды.

Аутист-балаларды оқытуда кешенді түзете-оқытуда жаңа технологияларды қолданудың артықшылығы оқу материалын визуалды түрде елестете алу қабілеті болып табылады. Қоғамның жəне білім беру жүйесінің қазіргі кездегі дамуы түрлі іс-əрекеттердің интенсификациялық үрдісінің өсуіне байланысты болып келеді

Түзете-оқыту үрдісінде кешенді түзете-оқыту əдістерін қолдану бала ағзасының компенсаторлы мүмкіндіктерін белсендіріп, ауытқушылықтарды жеңуге, алдын алуға мүмкіндік туғызады. Осы толықтырудың негізінде мүмкіндігі шектеулі балалардың қабылдаудың сақталған түрін жүзеге асыру жəне баланың психикалық функцияларын дамыту қолайлы жүзеге асады.

Ақпаратты көрнекі түрде көрсету қандай іс-əрекет болсын оның əсерлілігін жоғарылатады. Арнайы білім беруде бұл əсердің маңызы зор. Заманауи құралдарды, диагностикалық əдістерді жəне технологияларды қолдану баланың тек сол кездегі ғана функциясын анықтамай, сол кезде пайда болатын объективті қиындықтарды анықтап, оларды қолжетімді тəсілмен жеңуге көмектеседі.

 
Глобалды оқыту əдістемесін қолдану.

Ерте жастағы аутист-балаларды оқытуда глобалды оқыту əдістемесін қолдану барынша тиімді болып табылады. Глобалды оқыту – баланың бүкіл сөзді толығымен қабылдауы (жазылуына қарап).

Келесі жаттығуда біз сөздерді бөліктерді бойынша глобалды оқытамыз. Сөздің бөліктері, буындар, жеке əріптер. Мысалы: ма-ма, па-па, а-ға, ал-ма,       ал-м-ұрт. Аталмыш əдіс арқылы бірте- бірте қалыпты оқуға өтуге болады деп санаймыз.

Баланы ең алдымен қандай сөздермен таныстырған жөн? Əрине, ең алдымен, біз қарапайым, күнделікті қолданыста жүрген сөздерден бастаймыз. Олар: ана, əке, аға, апке, ата, апа т.б.

Біраз уақыт өткеннен кейін ұзақ сөздерді қосуға болады. Мысалы: қуыршақ, машина, кітап, ойыншық т.с.с., яғни біз бұл кезеңде де балаларың күнделікті қолданатын, айналасындағы заттарға сүйенеміз. Келесі кезеңде біз жақын адамдардың аттарын қосып жазамыз. Мысалы, Айгүл мама, Асқар аға, Жанна тəте т.б.

Əр тапсырада 3 суреттен берілген. 1-суретті дұрыс тапқаны үшін — 2 ұпай, дұрыс жауап бермеген жағдайда 0 ұпаймен бағаланады. Сонымен қатар:

  • 7-9 ұпай — жоғарғы деңгей;
  • 3-5 ұпай — орташа деңгей;
  • 0-2 ұпай — төменгі деңгей.

 

Сенсорлық интеграция əдістемесін қолдану.

Көп адамдар денесін сезініп, сезімдерін сəйкестендіріп, қоршаған ортаны сол арқылы тануға тырысады. Ал аутизм диагнозы бар балаларға ол қиынға соғады.

Сенсорлы интеграция терапиясы баланың қоршаған орта тітіркендіргіштеріне тым қозып отырғанын немесе қоршаған ортаның аса əсер етпегенін болжап, анықтауға көмектеседі. Осылайша, сенсорлы интеграцияның мақсаты – мидың сенсорлы ақпаратты өңдеуін жүзеге асыру. Сол арқылы бала күнделікті өмірде сол ақпаратты қолдана алады.

Сенсорлы интеграцияның мысалдары:

  • гамакта тербелу (кеңістікте бағдарлану);
  • музыкаға билеу (есту жүйесі);
  • бұршақ толтырылған қораптармен ойын (тактильді сезімдерін дамыту);
  • туннельде жорғалау (кеңістікте бағдарлану жəне жанасу);
  • қозғалып тұрған шариктерге жанасу (көру сезімі мен тактильді бағдарлануы);
  • орындықта айналу (тепе-теңдік жəне көру қабілетіне əсер);
  • бөренеде тепе-теңдік ұстап тұру (тепе-теңдік сақтау)

Тренажерлар зиятында ауытқуы бар, тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар, сөйлеу бұзылысы бар балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жəне қабылдау ерекшеліктеріне сəйкес жасалады.

Аутизмі бар балалардың оқытуда, қарым-қатынасқа түсуін, əлеуметтік ортаға бейімделуін, сөйлеу тілін қалыптастыруда, психикалық үрдістерін дамытуда кешенді түзете-оқыту əдістерін жүйелі қолданып, пайдалану үдерісіне сараптаулар мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік беріп отыр:

  • тəжірибелік топтағы балалардың психикалық функцияларын қалыптастыру сапасы жоғарылады;
  • аталмыш жаттығуларды, тапсырмаларды орындауда балалардың белсенділігі, қызығушылығы арта түсті;
  • аутизмі бар балаларға жүргізілген эксперименттен кейін балалар мен педагог арасындағы қарым-қатынас жаңа қарқын алды;
  • аутизм диагнозы бар балаларға эксперимент жүргізу нəтижесінде жақсы нəтиже көрсетілді.

Түйіндей келе, біз мынандай қорытындыға келдік. Аутизмі бар балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу, өзінің қатарлас құрбыларымен қарым-қатынасқа жиі түсуін бақылау, отбасымен, арнайы мамандармен қарым-қатынасын, əлеуметтік педагог, психолог, логопед тарапынан қолдау табуы қажет. Балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету шараларын жүргізуде кешенді түзете-оқытудың, заманауи əдістердің маңызы зор. Аутизм диагнозы бар балалардың қоғамда өздерін ұстай алуын, достарымен қарым-қатынасқа түсуге əзірлігін  арттырудың маңызды тəсілі арнайы таңдап алынған түзету-педагогикалық көмек көрсетуді қолдану болып табылады.

Қорыта айтқанда, аутизмі бар балалармен жүргізілген жұмыс нəтижесі бойынша зерттеу болжамдарының дұрыс екені дəлелденіп, аутизм диагнозы бар балаларды оқытуда кешенді түзете- оқытудың, заманауи əдістерді пайдаланудың тиімділігі көрсетілді. Яғни, аутизмі бар балалармен жұмыс жүргізу барысында кешенді түрде əдістерді қолдану баланың сауығуына барынша мүмкіндік береді. Ең алдымен, баламен қарым-қатынас орнату оңайға түседі, қызығушылығы оянады.

 

 

 

 

«Дидактикалық ойынның түрлері»

«Аутизмі бар балаға математикалық дидактикалық ойынды қолданудың

әдіс-тәсілдері»

 

«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның

шығармашылық қабілетін дамытады.

Ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес»

(В.А.Сухомлинский)

 

Педагог маман балалардың жас ерекшелігімен қатар, аутизмі бар балаларға тән дамуындағы ауытқуы туралы ұмытпауы керек. Әдетте, аутизмі бар балалар болбыр, эмоциясыз болып келеді. Сондықтан баланы қызықтыратын, көңілін бөлетін әдіс-тәсілдер қажет. Аутизмі бар балалар селқос, заттармен және ойыншықтармен белсенді әрекет жасауға ынталанбайды. Ересектерге әрдайым балалардың ұсынылған қызметке жағымды, әсерлі қарым-қатынасын жасап тұру қажет. Дидактикалық ойынның мақсаты да осында.

Дидактикалық ойын мектеп жасына дейінгі балаларды оқытуда ойын әдісі, оқыту нысаны, өзіндік ойын қызметі және бала тұлғасын жан-жақты тәрбиелеудің тәсілі болып келеді. Дидактикалық ойын барысында таным процестері де дамиды.

Дидактикалық ойынның негізгі мақсаты – баланы қызықтыра отырып, жаңа сабақты немесе өткен сабақты берік меңгерту болып табылады.

Дидактикалық ойындарды сабақтың әр алуан буындарына енгізу:

  1. Сабақтың кіріспе бөлімінде;
  2. Материалды игеруге даярлық кезінде;
  3. Материалды пысықтау кезінде;
  4. Игерілген материалды қайталау кезінде дидактикалық ойындарды пайдалануға болады.

Дидактикалық ойынның негізгі түрлері. Мектепке дейінгі педагогикадағы барлық дидактикалық ойындарды үш түрге бөлуге болады: заттармен (ойыншықтармен, табиғи материалдармен) ойнау, үстел жанында ойналатын баспалық ойындар және сөздік ойындар.

  1. Заттармен ойнау.Заттармен ойнағанда ойыншықтар мен деректі заттар қолданылады. Олармен ойнағанда, балалар әр түрлі заттарды салыстырып, олардың ұсақтығын не айырмашылығын табуды үйренеді. Бұл ойындардың құндылығы: балалар заттардың түр-сипатымен танысып, түсін, көлемін, пішіні мен сапасын ажыратуды үйренеді. Бұл ойындарда салыстыру, сараптау-жіктеу, қойылған мақсаттарының шешілу кезегін айқындау мәселелері шешіледі. Заттар әлеміндегі өздерінің білімдерін арттыру кезінде ойын шарты күрделенеді: затты бір ерекше сипатына қарай табуды, осы сипатқа қарай заттарды біріктіруді үйренеді. (түсі,пішіні,сапасы мен нысаны т.б.бойынша)
  2. Үстел жанында ойналатын баспалық ойындар.

Үстел жанында ойналатын баспалық ойындар – балалардың қызықты ойыны. Олар әр түрлі болады: қима суреттер, лото, домино т.б. Бұларды қолдану арқылы дамыту ойындары да әр алуан болады.

Суреттерді жұптастыру. Бұл ойындағы ең онай тапсырма-әртүрлі суреттердің ішінен екі мүлдем бірдейін табу. Суреттерді ұқсас жерлеріне қарай табу (классификациялау). Бұнда-жалпылау, заттар арасында байланыс табу.

Суреттердің құрамын, санын, орналасуын есте сақтап қалу. Бұл ойындардың дидактикалық тапсырмаларына, реттік және есептік сандарды, үстел үстіндегі суреттердің орындарын (оң-сол, жоғары-төмен, жанында-алдында т.б.) есте сақтаулары жатады, суреттерді қозғағаннан кейін қалай өзгергендерін айтып бере алуы.

Кеспе суреттер мен текшелерді (кубиктерді) құрастыру. Бұл ойындардың мақсаты – бөлшектерден тұтас зат құрастыруды меңгерту.

  1. Сөздік ойындар.Сөздік ойындар балалардың сөздері мен әрекеттеріне негізделген. Балалар бастапқы білімдерін қолдана отырып, заттар туралы өз білімдерін тереңдетеді.

 

Осы айтылған дидактикалық ойын түрлерін қарастыра келе, өз іс-тәжірибемнен жұмыс бағыттарымның бірі қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыру болғандықтан, түрлі математикалық дидактикалық ойындар түрлеріне тоқталғым келеді.

 

Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар

«Дәл осындай пішінді тап»

Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, түстерін анықтауға, дұрыс тауып орналастыруға және салыстыруға үйрету.

Көрнекілігі: қағазға салынған және бөлек әртүрлі геометриялық пішіндер.

Мазмұны: Бала әртүрлі пішіндерді ажыратып, түстерін айтып немесе көрсету арқылы орналастырады. Үлгі ретінде суреттен бір пішінді көрсетіп, дәл осындай жұбын табуды ұсыну, пішіннің дұрыстығын тексеру үшін оларды салыстыру.

«Үй салу»

Мақсаты: таным процестерін дамыту, түстерді ажыратуға жаттықтыру.

Көрнекілігі: үй суретінің үлгісі, әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер.

Мазмұны: Балаға үйдің суретінің үлгісін көрсету, оған әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.

«Бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр»

Мақсаты: Геометриялық пішіндерді танып, атай білуге үйрету. Бос торларды сәйкес пішіндермен сәйкестендіру.

Көрнекілігі: Сеген тақтасы

Мазмұны: Балаға Сеген тақтасы беріледі. Тақтадағы бос торларды сәйкес пішіндермен толықтыруы керек.

 

Өлшемдер туралы дидактикалық ойындар

«Қай қолымда көп»

Мақсаты: аз және көп заттарды ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру. Көрнекілігі: әртүрлі ұсақ заттар–моншақтар, түймелер т.б.

Мазмұны: балаға оң және сол қолына көп және аз заттарды ұстатады. Бала алдымен көз мөлшерімен қай қолда зат көп, қай қолында аз зат бар екенін анықтайды. Одан кейін заттарды қатарымен қойып, қай қатарда көп, қай қатарда аз зат тұрғанын салыстырады.

«Көп және біреу»    

Мақсаты: көп және біреу қатынастарын білуге үйрету, заттардың тең, тең емес топтарын салыстыру.

Көрнекілігі: көп және бір зат бейнеленген суреттер.

Мазмұны: бала берілген суреттерді қарастырады. Көп зат және бір зат бейнеленген суреттерді көрсету арқылы бөліп, екі жаққа қояды.

«Ұзын және қысқа»

Мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету, тапсырманы орындауға жаттықтыру.

Көрнекілігі: ұзын және қысқа жолақшалар.

Мазмұны: балаға ұзын және қысқа жолақшаны көрсету. Өлшемін анықтау. Жолақшаларды таратып беру. Үстелдің үстіндегі жолақшалардың ішінен ұқсас жолақшаны табуға тапсырма беру.

 

Кеңістіктер туралы дидактикалық ойындар

«Биік-аласа және үлкен-кіші»

Мақсаты: кеңістікті бағдарлай білуге, биік – аласа және үлкен – кіші ұғымдарын, айырмашылықтарын түсіндіру.

Көрнекілігі: биік-аласа үстел және үлкен-кіші кесе бейнеленген суреттер.

Мазмұны: балаға биік-аласа үстел және үлкен-кіші кесе бейнеленген суреттерді көрсету. Бала айырмашылығын тауып орналастыруы қажет.

«Жоғары-төменде, алдында-артында, ішінде-үстінде»

Мақсаты: кеңістікті бағдарлай білуге, жоғары-төменде, алдында-артында, ішінде-үстінде ұғымдарын ажыратуға дағдыландыру.

Көрнекілігі: жоғары-төменде, алдында-артында, ішінде-үстінде бейнеленген суреттер.

Мазмұны: балаға бейнеленген суреттерді көрсету, тусіндіру арқылы айырмашылықтарын түсіндіріп, кеңістікті бағдарлай білуге қалыптастыру.

 

Сандық құрамды ажыратуға арналған ойындар

«Заттарды сана»

Мақсаты: баланың зейінін аудару арқылы байқағыштығын арттыру.

Суреттен көрсетіп, аттарын атап және санау арқылы қарапайым математикалық білімдерін бекіту.

Көрнекілігі: көкөністер, үйлер, саңырауқұлақтар суреттері.

Мазмұны: балаға аталған суреттерді көрсете отырып, санауды үйрету. Бір суретте бірнеше түрлері болуға тиіс. Балаға қойылатын талап санын анықтау.

 

 «Артығын тап» жаттығуы.

Ойын барысы: нұсқаушы берілген суреттердің ішінен артығын табуды тапсырады. Мысалы, банан, киви, ананас, картоп Артығы: картоп. Себебеі ол көкөніс. Ал киви, ананас, банан – жемістер.

Сабақта қолданылатын тапсырмалар

Баладан қайсысы сықырлайтынын және қайсысы қытырлайтынын түсіндіру оны тәжірибе жүзінде өзіне көрсету.

Сықырлайды                  қытырлайды

 

 

 

Жануарларды жол бойымен өткіз

 

 

Бақаға неше рет секіру керек? Қадамдар санын анықтап, түсіп қалған сандарды жапырақтарға жаз.Бос торкөзге сандарды кері ретпен жаз.

 

Суретті боя

Кім нені жақсы көреді? Бағыт бойынша көрсет

 

 

Баспамоторикаға арналған тапсырмалар

Сызба бойынша жалғастыру

 

 

 

Суретті боя

Суретте ыстық және суық затты тауып оларды қар мен

немесе отпен сәйкестендір

 

Жасыл түстегі заттарды табу

 

Мына тапсырма түске байланысты жасалған. Сол жақтағы түстен бастап сызықтың үстінен саусақпен өтіп, оң жаққа әкелгенде дәл сондай түсті таңдап төрт бұрыштың үстінен жабыстыру керек.

 

Әр затқа бағыт бойынша дәл сондай затты бос дөңгелектің ішіне салу.

 

 

 

 

 

 

 

Бейненің үстінен бастырып сызу

Сыңарын тап

 

 

 

 

 

 

Әр қатардағы заттың өзгешесін боя

 

Жануарлар мен заттардың несі жетіспейді?

 

 

Сабақта жыл мезгілдеріне байланысты фетрдан жасалған көрнекілікті қолдануға болады. Оның бөлшектері жабыстырмалы көрнекіліктен жасалады. Яғни мысалы, жапырақтар, құстар алынып –салынып жабыстырылады. Оқушының өзі сол кішірек алынбалы –жабыстырмаларды өзі жабыстырады. Сабақ мына көрнекілік әдісі ретінде өте тиімді, әрі қызықты болмақ.

Фигураларды түсіне қарай өз ұяшығына орналастыр.

Үлгіге қарап қима бөлшектер арқылы жануардың немесе кез келген заттың бейнесін ретке келтіріп қосқанда суреттің шығуы.

 

Әр түрлі кілттің бейнесіне сәйкес қай кілт бір-біріне ұқсайды? Және кілттер суреттің үстіне дәл-ме дәл болуы керек.

 

Фетрдан жасалған көрнекі-құралды математика пәнінен пайдаланған жөн. Баланың қызығушылығы дамып, санау қабілеті арта түседі.

 

Сандар бойынша сәйкестендіру.

Мына суретте геометриялық фигуралар қанша? Түсіне және көлеміне қарап ажыратып, санап шық.

 

Ата-аналармен жұмыс

Ата-аналармен жұмыс

Ата-аналарға сауалнама

  1. Балаңыздың бос уақытын қадағалайсыз ба?
  2. Балаңыз бос уақытта немен айналысады?
  3. Ғаламторда балаңыз қаншалықты отырады?
  4. Сіз балаңызға қоршаған орта айтарлықтай әсер етеді дегенге келісесіз бе?
  5. Сіз балаңызды бос уақытында қандай жерлерге апарасыз?

 

 

Қорыта келгенде, бірінші деңгейдегі мақсат-ойын үрдісінен рахаттану. Егер ойын балаға қуаныш әкелетін болса, онда бала кез-келген белсенділікке дайын болады. Дидактикалық ойын балаға білім берудегі әсер етудегі ең негізгі бір түрі, өйткені ойын балалардың негізгі іс әрекеті. Балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше. Балаларды ойынға қатыстыру арқылы маман алынған тәжірибенің белсенділігін сипаттап ескермесе, онда ойынды үйретудің әдістемелік тәсілдері мен ойынды басқаруы өз деңгейінде практикалық мақсатына жете қоймайды. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді.

Өз іс-тәжірибемнен дидактикалық ойындар нәтижесінде балалардың таным әрекеттері, күрделі және ұсақ моторикалары және қарапайым математикалық түсініктері аздап болсада қалыптасып келеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны:

 

Кіріспе                                                                                                                       3

Бала аутизімі.                                                                              5

 

Аутизмі бар балаларды оқытуда кешенді əдістерді қолдану                     

«Аутизмі бар балаға  дидактикалық ойынды қолданудың

әдіс-тәсілдері                                                               

 

Ата-аналармен жұмыс                                                                                                  31

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі                                    

Ғаламтор желісіндегі аутизм тақырыбындағы кейбір мәлімет көздері

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *