“ҰСАҚ МОТОРИКА- ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ”

 

ҰСАҚ МОТОРИКА- ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ”

 Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ қол моторикасын  дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан активті нүктелеріне әсер ете отырып массаж жасау керек.

Ерте жаста және мектепке дейінгі кіші жаста қарапайым жаттығуларды жасауда өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар өзіне -өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау, т.б. Ал ересек топтағы балалар үшін ұсақ қол моториканы дамыту және қолдың икемділігін арттыруға арналған жаттығулар мектепке дайындықтың яғни, жазу, сызуға үйренудің маңыздысы болып саналады.Физиологиялық тұрғыдан айтқанда ол қолдың  ұсақ бұлшықеттерінің қозғалысы. Сонымен қатар «қол мен көздің» тепе-теңдігін де ұмытпауымыз керек, себебі қолдың ұсақ қозғалысы көздің бақылауымен жүзеге асады. Бала қозғалысы қоршаған ортадағы заттарды танып-білу барысында қалыптасады. Ересек адам нақты бір әрекет жасағанда біздің білегіміз әртүрлі бағытта қозғалу арқылы, қол қимылын жеңілдетеді. Ал балаға білегін айналдыру әлі де қиынға соғады. Сондықтан қозғалыс жасау кезінде оның қолының иықтан төмен барлық жері қозғалады, яғни қарапайым қозғалыстың өзі баланың көп энергиясын кетіреді. Неліктен баланың ұсақ моторикасын дамытуымыз керек?

Адам миының сөйлеуге және қолдың ұсақ қозғалысына жауап беретін аумағы өте жақын орналасқан, яғни ұсақ моторикаға стимул жасау арқылы біз сөйлеу әрекетінің белсенділігін арттырамыз. Ұсақ моторика баланың өсе келе киініп шешінуіне, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларының қалыптасуына, кеңістікті бағдарлауға, заттық іс-әрекетті орындауға, өзіне деген сенімдікті нығайтуға көмектеседі.

Ұсақ моториканы дамытудың бала денсаулығына әсері

 

Ұсақ моториканы дамытудың баланың жалпы дамуында да алатын орны ерекше. В.А.Сухомлинский бала қабілетінің қайнар көзі оның саусақтарының ұшында екенін жазған. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды, яғни бала қолымен көбірек жұмыс істесе, соғұрлым қимыл-әрекеті мен белсенділігі де артады.

Ұсақ моториканы дамыту жұмыстарын бала туылған кезден бастау керек. Кішкентай сәбидің қолына массаж жасау арқылы біз алақандағы ми қыртыстарының жұмысын жақсартатын аймақтарды басамыз.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында оқыту – тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ым-ишара жасау арқылы қатынас жасауға, құлаққа таныс сөздерді күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс – әрекет кезіндегі тілдік қарым – қатынаста қолдана білуге, жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.

Ерекше оқытуды қажет ететін балалардың сөздік қорларын дамытуда, қызығушылықтарын арттыруда ойындарды, тапсырма – жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы «ерекше» балалардың ауыз екі сөйлеуі дамып, қарым-қатынас жасау, еркін де сенімді араласу машығын игереді. Таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл- ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді.

Ойын түрлері өте көп. Ойындардың бірі – саусақ ойыны. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады. Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғауларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету-тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын аталмыш орталықта және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады

Саусақ жаттығулары: Пассивті: сипау, діріл, уқалау.  Активті: дауыстың сүйемелдеуімен (түрлі тақпақпен, көрініспен т.б сүйемелдеу), сүйемелдеусіз.

Пассивті жаттығу – ұсақ моториканы дамытудың алғашқы сатысы. Саусақ жаттығуларын ең төменгі деңгейден бастаған дұрыс. Содан кейін ғана активті саусақ жаттығуларына көшу ұсынылады. Оның деңгейі баланың ұсақ моторикасының даму деңгейіне қарай таңдалады. Қол саусақтарына арналған пассивті жаттығулар жасау кезінде балаға қолайсыз жағдай туғызбауын және тітіркенбеуін қадағалаған жөн. Жаттығулардың мақсатты пайдаланылуы мынадай әдістерді ұсынады: сипау, жаймен уқалау және діріл. Массажды әрекеттер саусақ ұшынан басталып төменгі буынға қарай жалғасады. Массаж жасау кезінде жай лирикалық әуен қоюға да болады. Су-Джок терапиясының құралдарын пайдаланған дұрыс.

 

Бала саусағын ойната отырып тілін дамыту.

Адамның  он екі мүшесінің тіршілікте атқарар міндеті зор. Соның ішінде екі қолға бес – бестен біткен он саусақты күнделікті қажетті жұмыстарды атқаруға пайдаланытынымыз белгілі. Сонымен қатар ертеден бізге жеткен «Қуырмаш» ойынынан саусақ атауларын бала тәрбиелеуге, оның тілін жетілдіруге, ойын ұштауға әдемі пайдаланғанын білеміз.

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Тауықтарға тары шаш.

Балапанға бидай шаш,

Балаларға тәтті шаш  .

– дей келіп, жұмылған әр саусақты жеке-жеке ашарда:

Сен түйеңе бар,

Сен жылқыға бар.

Сен сиырға бар,

Сен қойыңа бар,    

Сен үйде отырып

Шешеңе көмектес.

– деп әр саусаққа тапсырма беріледі. Одан соң әр саусақтың басынан ұстай тұрып «қарның ашса: мына жерде нан бар, мына жерде май бар» деп әртүрлі астың атай келіп, қолтыққа жеткенде «қуырмаш»», «қуырмаш» деп қытықтайды.

 

Балалардың сөйлеу құзыреттілігін және қимыл әрекеттерін қалыптастыруға төмендегі ұсақ моторика жұмыстары қажет: бетті, қолды бүгу;  саусақ ойындары; театр түрлері; дидактикалық ойындар; табиғи заттармен ойындар; шығармашылық жұмыстар; оригами (қағаз бүктеу).

 

Заттық саусақ жаттығулар:

 

– түйме тағу мен оны шешу;

– аяқ киім бауын байлау;

– арнайы рамкалардағы бау;

– мозаикалармен ойын;

–  құрғақ бассейн;

– конструкторлармен ойын;

– тандап алу жаттығулары (мысалы: фасоль мен бұршақты араластыру).

Ұсақ моториканы дамыту барысында біз мынадай нәтижеге жетеміз:

  1. Сөйлеу тілі жетіледі.
  2. Қимыл қозғалыс қабілеті артады.
  3. Икемділігі арта түседі.
  4. Логикалық ойлау қабілеті дамиды.
  5. Танымдылық деңгейі артады.

Сонымен қорыта айтқанда, балабақша балаларының тілін дамытуда түрлі ойын, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, осы бағыттағы атқарылатын игі іс-шаралардың нәтижесіз қалмайтындығының айқын дәлелі деп санаймын.

 

Бухар-жырау ауданы Баймырза ауылы “Балдырған”бөбекжайы” КМҚК тәрбиешісі Егешова Гульшат Кабкеновна

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *