ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕГІ ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕГІ

ҰСТАЗДАРДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕР

«Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің

№2 мектеп-лицейі» ҚММ қазақ тілі

мен әдебиет мұғалімі Г.Б.Рақымжанова

 

Қазақстан Республикасының  бірінші Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» – деп атап айтқан болатын. Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында және әліпбиді сараптауға мүмкіндігі бар маман ретінде ғалымдар мен ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндет – қазақ тілін, тиімді нұсқасын таңдау арқылы, латын әліпбиіне көшіру үрдісі болып отыр. Ал, Ахмет Байтұрсынов: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық» – дей келе, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуының бірден-бір жолы екенін меңзегендей болып көрінеді. Латынға көшу арқылы тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеміз. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени 20 деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Тарихқа жүгінсек, түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті екен. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын… Иә, қазір біз ХХІ ғасырда, яғни жаһандану дәуірінде, ақпарат әлемінде, компьютер заманында, интернет желісінде өмір сүрудеміз. Ал, бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін күнделікті өмірде көріп және қолданып отырмыз. Мысалы, бәріміздің электрондық поштамыз бар. Көліктеріміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда, кез-келген пайдаланып жүрген карточкаларымызда латын әліпбиі тұр. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Яғни латын әліпбиі қоғамға еніп кеткен, қолданыста жүр. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ. Латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйретуде орта мектеп ұстаздарының алдындағы міндет орасан зор болмақ. Оқу үдерісінде латын қарпін үйретуде төрт дағдыға негізделген көптеген тапсырмалар ұйымдастыруға болады. Мысалы, мақал-мәтелдердің басы жазылған парақшаларды оқушыларға таратады, олар ойды жалғастырып, мақалмәтелдердің жалғасын латын қарпімен толықтырып жазады. Бұл әдісті жаңа сабақты бекітуге немесе үй тапсырмасын сұрауға да пайдалануға болады. Оқушының логикалық ойлауы дамиды, жылдам ой түйіндейді. Әр топ оқушылары басқа топтарға бағыттап параққа латын қарпінде жазылған сұрақ жазып лақтырады. Сұрақтармен кезек-кезек алмасады. Оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым дағдылары қалыптасады, қарым-қатынас түзеледі. Жылдамдыққа тәрбиелейді. Интерактивті тақтаға әр түрлі сөздер жазылады, сол сөздердің әр әріптері бойынша латын қарпінде тақырыпқа байланысты мағыналы сөйлем құрады. Сөздер бастапқы әріптен басталады. Ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры молаяды, жазылым  дағдысы қалыптасады, шапшаңдыққа тәрбиелейді. Латын графикасына негізделген әліпби бойынша жазу дағдысын қалыптастыруда алдымен сауаттылыққа қатысты дағдыларды қарастырған жөн. Сауатты жазу дағдысын қалыптастыру үшін ең әуелі әліпбидегі әріптердің қай дыбысты беретіндігін есте сақтау қажет. Әліпбиде өздерінің жуан-жіңішкелігімен бір-біріне қарама-қарсы қойылатын дауысты дыбыстар «А» мен «Ә», «О» мен «Ө», «Ұ» мен «Ү» тек әріпүсті белгілермен ажыратылып, бірдей әріптермен берілуі өте дұрыс жасалған деп есептейміз. Бірақ жуанжіңішкелі «Ы» мен «І» дауыстыларының I i -[і], Y y- [ы] болып екі түрлі таңбамен берілуі жазуда оңай болмайды. Латын негізді әліпбимен жазу дағдысын қалыптастырудың шарттары: – Ережені білу; – Ережені қолдану тәсілдерін білу; – Дағды қалыптастыратын жаттығуларды орындау. Жазу дағдыларын қалыптастыру жолдары:

  • Лайық ережелерді пайдалану;
  • Тұрақты түрде жазу;
  • Қаламмен жазу;
  • Жиі жазу.

Белгілі педагог А. Коменский ереже жөнінде: «Әрбір ғылым өте тұжырымды, дәл ереже арқылы берілуі тиіс; әрбір ереже қысқа, бірақ өте айқын сөздермен баяндалуы тиіс»,- дейді.  Ендеше сауатты жазып үйрену және үйрету үшін 2018 жылдың 6 желтоқсанында бекітілген «Емле ережелеріне» сүйенеміз. Латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал дүниежүзі халықтарының 80%- ы осы әліпбиге көшкен. Осының есебінен басқа тілдерді үйренуге мүмкіндігіміз артады. Әрбір жаңа тіл – жаңа әлем. Оның үстіне, латын тілі – жаңа технология тілі, ғаламтор тілі. 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде жаздық. Сол замандағы ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын келер ұрпақ қиындықсыз оқи алуы керек. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Қандастарымызбен жақындасудың маңызы айтпаса да түсінікті. Әліпби өзгерту төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді. Қорыта айтқанда,  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз— қорқақ, қол—батыр», – деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты нық қадаммен алға басайық! Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймыз. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз. Ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамыз.

 

Әдебиет тізімі:

  1. Аханов К.А. Тіл білімінің негіздері. –Алматы: Мектеп, 2010. -390б.
  2. Мергенбаев Е. Қазақ тілінің сөзөзгерім жүйесі. –Алматы: Санат,2014. -228б.
  3. Маманов Ы.Е. Қазақ тілі (лекциялардың текстері). – Алматы:ҚазМУ баспасы, 2013. – 90б.
  4. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.–Алматы: Рауан, 2001. -304б.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *