Тәрбие тал бесіктен басталады.
Тәрбие тал бесіктен басталады. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой–өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.
Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі–өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс–әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс–тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Сондықтан да, ата–ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс–әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады. Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Ал психологиялық–педагогикалық тұрғыдан алғанда құндылықтар адамның жеке тұлға ретінде өз өміріне деген жауапкершілігін қалыптастыру, рухани әлемін байыту, әрбір адамның ерекшелігін түсіндіру, адамдар арасындағы жағымды қарым–қатынастардың маңыздылығын көрсету үшін қолданылады. Сондықтан әр ата–ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.
Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата–ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан–жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарым–қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі. «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні бар. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл–кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі–өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат–міндеттерімен байланысты болуы керек. Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы! Қай заманда болсын, ата–ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді.Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет–ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым–қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.
«Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа үлкен инвестиция» деп жалғастыра келе, «баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмек көрсету, олардың икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызу керек. Әйел адам ең алдымен – ана. Ал ана – отбасының, мемлекеттің шамшырағы» деп баса назар аударады. Бұл тұжырымды ойлар әйел мен бала тағдырының мемлекет үшiн маңызды мәселе екенін ескере отырып, қоғамдық және отбасылық тұрғыдан нақты қадамдар жасау болып табылады.
Қазіргі мақсатымыз «Мәңгілік Елдің» ертеңгі болашағын ойлайтын азаматтарды тәрбиелеу.Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым–қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін–өзі ұстаудың нормалары мен мінез–құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді.Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасы тәрбиесінің мәселелерi көптеген педагогикалық зерттеулерде де қарастырылған. «Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» – дейді кемеңгер халқымыз. Осы арқылы тәрбиелі отбасынан тек жақсылық күт десе, шырқы бұзылған отбасын да «Шығады қисық үйден қисық түтін» деп түйреп өтеді ата–бабаларымыз. Халқымыздың ұлы ақыны Абай баланың өмірді танып–білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата–ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Қазір мектеп жасына дейінгі балалар бірыңғай бұрынғыдай тыңдаушы ғана емес, оқырман да. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында оқу қызметін меңгерту басты бағыты болып саналады. Ересек адам мектепке дейінгі балаға күшті педагогикалық әсер етеді, ол өзара әрекет үрдісінде кешенді әдістер мен тәсілдердің көмегімен танымдық белсенділікті қалыптастыруға, балалардың психикалық ойлау, қабылдау, ес, зейін, сөйлеуді, өзіне сенімділікті және ынталықты дамыта отырып, олардың белсенді танымдық іс–әрекетпен шығармашылыққа бой алуына көмектеседі. Сонымен, отбасылық тәрбие арқылы балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана–сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс–тәсілдерін іздестіреді, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырады. Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет болса да оның төл мәдениеті мен ұлттық құндылықтары оны мекендеген басқа ұлттардың дәстүрлеріне қайшы келмейді. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасының ең үлкен байлығы – бала. «Шешеге қарап ұл өсер, әкеге қарап қыз өсер» дейді қазақ халқы. Әке мен шешенің жаман үлгісі балаға тәрбие болып табылады. Қазақ отбасындағы тәрбиенің ең бірінші ережесі — әкесін сыйлау, анасын құрметтеу. Бұл – балаға берілетін ең бірінші баға. Ата – анасын сыйлап өткен бала өзгелерді де құрметтеуге үйренеді. Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата–бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің үлесіміз болып табылар еді. Ата–ана тәрбиесі – қазақ халқы үшін толассыз таусылмайтын қазына.Ата–бабаларымыз өзінің жүріп өткен сан ғасырлық өмір жолы арқылы ұрпағын тәрбиелейтін ұлттық педагогиканың сарқылмайтын мол қазынасын қалдырып отыр. Бүгінгі таңда нағыз ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды тәрбиелеу үшін ата–ана тәрбиесі ең басты, ең маңызды, ең қажетті тәрбие болып саналуы тиіс.
«Адам тәрбиелеу, өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – азаматтың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы» – деп В.А. Сухамлинский айтқандай, бала тәрбиесі отбасынан басталатынын ата-ана әрдайым жадында ұстауы тиіс.
Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс–тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс–тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.
Н.Мейірманов атындағы жалпы білім беретін мектебі
Мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Тулендина Асел Бауыржанқызы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718