Сасық бай, дәулетті бай
Көп уақыттан бері санамызда қалыптасып, ойымызға кеңінен таралған ақша, дүние мәселесі ешқашан актуалды тақырыптар қатарынан түскен емес. Сонау Кеңес Одағынан бастап “ақша қолдың кірі”, “ақша – адамның санасын улаушы” деген сияқты тағысын тағы идеологияны ұстанып келеміз. Бұл ойымыз қаншалықты дұрыс? Дүние, байлық мәселесін Абай тұрғысынан қарастыратын болсақ, қазақтың бас ақыны ” Егіннің ебін, сауданың тегін, ойланып ойлап мал ізде, адам бол бай тап, адал бол мал тап, қуансаң қуан сол кезде демеп пе еді?! Түрік тілінде бай сөзі бірінші деген мағынаны білдіреді екен. Қазақта ең бірінші шыққан гүлді де бәйшешек дейді, яғни бірінші шыққаны үшін. Кез-келген адам бай, қуатты бола алмайды. Оны мойындау керек. Ол еңбекқорлық, білімділік, ақыл сияқты қасиеттерді талап етеді. Қарап отырсам байларды екі топқа бөліп қарастырсақ болады екен. Біріншісі – сасық бай. Оған ақшаның қандай жолмен келгені, қандай іске жұмсалатыны маңызды емес, әйтеуір мақсатсыз, ойсыз дүниеге құнығып кеткен адам. Ал екіншісі – дәулетті бай. Ол ақшаны өзінің жаны үшін жұмсайтын адам. Осы орайда қазақта ” малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” деген керемет сөз бар. Бір қызығы ата- бабамыз “бай жақсы ма, әлде жаман ба деген сұраққа, “жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы” деп жауап берген екен. Неге олай айтқан? Белгілі Абайтанушы, ғалым Омар Жәлелдің айтуы бойынша, “байлық – адамның өсуі, толуы, қалыптасуы, былайша айтқанда салтанат”. Ал кедейлік деген неге жаман дегенде, Абай кедейліктің адамды хайуандандырып жіберетінін айтады. Алла тағала барлық адамға байлықты берді. Кедей, дәулетті деп бөліп жарған жоқ. Бірақ оны бәрі бірдей көре бермейді. Мәселен, орыстың белгілі жазушысы Иван Андреевич Крыловтың ” Мысық және бұлбұл” әңгімесін мысалға алайық. Бұл әңгімеде мысыққа көзілдірік беріледі. Бірақ ол көзілдірікті көзіне тағудың орнына құйрығына тағып алады. Адамдармен де тура солай. Берілген денсаулықты, бойдағы қуатты дұрыс қолдана алмай, білмей дал болады. Нәтижесінде кінәні өзінен емес өзгеден іздейді. Түйіні байлық жаман емес. Алайда сасық бай боласың ба немесе дәулетті бай боласың ба ол сенің қолыңда.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718