Атырау өңірі ақындары және азаматтық лирикасы

Атырау өңірі ақындары және азаматтық лирикасы

Қазақ әдебиетінің өзіндік бейнелеу құралдарымен, өлшем-өрнектерімен өзгешеленетін, кең тынысты, сан-салалы тармағы – халық поэзиясы. Қазақ поэзиясы – ғасырлар, заманалар сарабынан өткен, сол кезеңдердің куәсі болған, түр мен мазмұн, көркемдік қуаты жағынан тоқырамай дамып отырған рухани мұра.

Адамзаттың күйініш- сүйінішін, іштегі толқыныс пен бұлқынысын, қасірет пен қайғыны, халықтың қуанышы мен дертін, мұң мұқтажын, іштегі буырқанған асау сезімдерді өлеңге сыйдырып, қазақ әдебиетіне өзіндік үнімен келіп, ерекше қолтаңбасын қалдырған ақындар шоғыры қай дәуірде де аз болмады. Солардың қатарына Атырау топырағында туған Қазтуған Сүйінішұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы сынды жыраулардан бастап Махамбет Өтемісұлы,  Шернияз Жарылғасұлы,Қашқынбай Қожамбетұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды дүлдүлдердің ізін жалғаған Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова,  , Марат Отарәлиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Нұралы Әжіғалиев, Табылды Досымов сынды ақындарды атаған жөн.

Ұлт тағдыры, азаттық идеясы — мейлінше кеңдікті тілейтін тақырып дейтін болсақ, әрбір тарихи бетбұрыста бұл тақырыптың шешімі ақындар поэзиясында əр түрлі сипат алып отырды. Əр заман поэзиясының өзіне лайық үні болды.

Мәселен, Отан соғысы аяқталысымен майдангер ақын Әбу Сәрсенбаев «Ақша бұлттар» атты әйгілі өлең кітабын ұсынды. Ол 40-жылдар межесі үшін әдебиеттегі ерекше құбылыс болып бағаланды. Мұнымен бірге ақын «Ұлым туралы ой», «Аяқталмаған дастан» атты поэмаларын жазып, оқырмандардың ықыласына ие болып жатты.

Ақынның:

Сен құрметте оны!
Түсіндін, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын,

-деген өлең жолдары соғыстан қайтқан солдаттың құрметке лайық бейнесін сомдауда сол кезеңдегі шынайы, әрі боямасыз туындыға айналып, ел арасына таралып үлгерді.

Сәл ұмытсам қарға мені, кешірме,
Қайда жүрсем өзің тұрдың есімде.
Өзің тұрдың қарлы окоптан сығалап
Сонау қатаң қаhарлы жыл кешінде [1,23].

Әбу Сәрсенбаевтің өлеңдерінен туған жерін шексіз ықыласпен сүйгенін, Отанға ыстық махаббатының жалыны шоққа айналып сөнбейтінін байқаймыз.

Ақын Хамит Ерғалиев те бұл жылдары ерекше шығармашылық қуатын танытты. Ол «Әке сыры», «Жас ана», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Үлкен жолдың үстінде», «Құрманғазы» поэмалары сияқты туындыларын жазды.

Хамит Ерғалиев Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер ақын, сондықтан оның елуден астам өлең кітаптарының барлығында да екінші дүние жүзілік соғыс майданының қатігез шындығы жайында тебіреністер үнемі сыр шертіп отырады. Ақын соғыстың қанды апатын ұмыта алмайды.

Ұмытпан фашизмнің мені атқанын,

Жендетке бала өлігін санатқанын,

Мектепте бізді оқыған мал қамады,

Өлді ана құлағымда оны атқан үн –

Бұл сонау сұрапыл соғыста жеңіспен аяқталған жауынгер жүрегіндегі шынайы сезім еді.

Х.Ерғалиев Отан соғысынан кейін нағыз шын ақын ретінде жаңа белестерге көтеріліп, әдебиетімізден өз орнын еркін ойып алды. Поэзияға алғаш қалам тартуы біраз жыл бұрын бола тұра, өз алдында өзін-өзі шын ақын ретінде жауапты сезінуі соғыс жылдарымен тұтас келетінін ақынның өзі де сыр ғып шертеді.

Қаламгердің ерлік қиялға ғана емес, лирикалы сезімге, түйінді ойға құрылған, терең философиялық толғау ретінде жазылған өте серпінді поэмасы «Әке сыры». Тақырып тұтастығы жағынан орыс ақыны П. Антокольскийдің «Ұлым» дейтін тамаша поэмасынымен үндесіп жатқандай. Оның ақынға тигізген әсері поэмадан айқын байқалып-ақ тұр. «Әке сырының» басты кейіпкері ақынның өзі, оның сәбиі. Екеуі де совет адамдарының парасатты, қоғамдық- әлеуметтік ортаның үлкен тәрбиесін көрсететін, эстетикалық та, рухани да биік мақсатта суреттелген. Мейірімді, ойлы әке бөбегін алдына алып терең, мағыналы ойға шомады. Сол ой толқынының үстінде екі ұрпақтың бүтін бүгіні мен ертеңін қиял сапарлары қызықты қамтиды.

Бастапқы әке монологінен оның үлкен сырын, ұрпағына қояр нақ талап-тілегін түсінеміз. Майданнан жеңіспен, жарақатты оралған солдат әке бөбегіне нені міндеттеп отыр? Жеңіспен оралған солдат туған ауылға, өскен жерге қаншалықты асықты? Поэмада ақын мұны сондай нәзік, әрі тебірене жазады. Шалқып шыққан сұлу жолдарды қызыға, құмарлана оқисың. Ұлы жеңістен кейінгі өмірді, бөбегінің бұдан былайғы алаңсыз тыныштығын, қамын ойлайды.

«… Жас арманым, шыр етіп жерге түстің,

Тереземнен ең алғаш сәуле құштың;

Сен әкеңді танып ал!

Кімге ұқсайды?

Десе, көрсет бұлт кесер нажағайды»… [2 ,31].

Сұрапыл соғыстан сүрінбей өткен салмақты да байсалды, ойлы да ақылды, қуанышты да бақытты әке. Бейбіт еңбекке оралған, болашағына сенімі зор, қоғам үшін бойындағы бар асылын аянбай жұмсауға әзір еңбекқор әкенің бейнесін көреміз.

Поэманы оқығанда біздің көз алдымызға ойы айқын, сезімтал, өз заманының  сипатына, ізгі нышанына өнебойы толы жас совет адамы келеді. Ол туған еліне өмірін, күш қабілетін түгелдей бағыттауды арман етеді. «Әке сырындағы» сезімнің шыншыл, адалдығы, өлең жолдарының жігерге, албырт қайратқа толы қасиеттерді, әлеуметтік маңызы бар үлкен оқиғаларды автордың тебірене айта алуын елеулі табысы демекпіз. Бұл поэманың бір ерекшелігі болса, екіншісі және оның ең бастысы – «Әке сыры» Ерғалиевті келесі поэмаларға, әбден піскен, есейген шығармаларға әкелді.

«Әке сыры»  күрделі поэзиялық жанрға батыл кіріскен Х.Ерғалиевтің алғашқы еркін алған қамалы. Дастан басынан аяғына дейін жүрек толқытқан лирикалық мотивтерге толы.

Соғыстың жалынын сезіп, қалам мен қаруды қатар ұстаған ақындардың ізін ала 60- жылдары қазақ әдебиетінің адуынды, ағысты дариясының суы кенересінен асып- тасыған шақта  Жұмекен Нәжімеденов, Марат Отарәлиев,Нұралы Әжіғалиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Жүсіп сынды тұлғалар әдебиет айдынына еніп кетті. Олар шығармашылықта еркін көсіліп жазды. Тіпті, өлеңдерінің негізгі тақырыбы мен өзегі мынау деп айшықтап айтып беруде қиынға соғады.

Мәселен, өткен ғасырдың 60-70-інші жылдарында поэзия әлемінде шолпан жұлдыздай жарқ етіп, ерте жанып, дүниеден небәрі 48 жасында кеткен қазақтың талантты ақындарының бірі- Жұмекен Нәжімеденов. Оның өлеңдері табиғилығымен, сыршылдығымен, көркемдігімен, пафоссыз шынайы сезімдерімен-ақ оқырманды баурады. Өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланды. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері «Жазушы», «Жалын» баспаларынан кітап тұрінде жарық көрді: «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, үмытуға болмайды» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мен туған күн» (1972).

Оның ең алғаш жарық көрген жинағындағы туындыларынан туған жерге деген саф сезімі мен кіршіксіз махаббатын білдіретін Қошалақ, Ел-жұрт, Менің елім, Салмақ, Туған жер секілді өлеңдері адам жанын бей- жай күйде қалдырмайды.

Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңмін:
тұла бойым тұтас құйған төзіммін!

Сен секілді мен де күнге күйіппін,
сен секілді жұпар жұттым, сүйіп гүл.
Сен секілді аласамын тап-тайпақ,
Сен секілді, таласамын — биікпін![3,37]

-деген бейнелі сөз бен сезімнің тұма бастауындай асқақтығын мынау ой тұтастығы шебер қабысып, оқырман ойы мен сезімін қым-қуыт әрекетке жетелер таза, саф, өлеңнің табиғатына сүйсінбеу мүмкін емес.

Толғансам, Туған жер, сен сиынарым,
тірлігім сиынбасам қиын әлі.
Немесе

Тек саған, саған ғана сүйенемін,
топырақ қасиетті, киелі елім.
Бұталар, етегімнен іліп, тартпа,
шоқалдар, қолтығымнан сүйе мені… [3,49]

-деген тармақтардан, ақынның сиынары да, табынары да кіндік қаны тамған туған жері мен елі екенін түсінеміз.

Қаламгердің тілі сондай көркем, әрі лирикалары шынайылыққа, философиялық түйінге толы. Сондықтан болар, Әбіш Кекілбаев: «Тұңғыш кітабынын өзінде ешқандай фальш жоқ» деп баға береді[4,83].

Жалпы, Атырау өңірі ақындыры бүгінгі таңға дейін тұтас әрі толық зерттеліп үлгермеді.Біздің мақсат, яғни тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жас ұрпақ өлкемізде дүниеге келген бір топ ақындар шығармашылығын сол тəуелсіздіктің арқасында жаңаша пайымдап, олардың шығармаларының танымдық, идеялық ерекшеліктеріне, азаматтық лирикасына талдау жасап, өшкенімзді жандырып, өлгенімзді тірілту болмақ.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Cәрсенбаев Ә. «Ақша бұлт».

2.Ерғалиев Х. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1954 ж.

  1. Нәжімеденов Ж. II томдық шы,армалар жинағы. «Жазушы», 2005 ж.
  2. Кекілбаев Ә. «Дәуірмен бетпе-бет». «Жазушы» 1972 ж.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *