Сабақ-білімді тексеру емес, дамыту
Сабақ- білімді тексеру емес, дамыту
« Әлемді танып, адам болуға ұмтыл»
Психолог- педагог Ш.Амонашвили
Қазіргі орта білім беру саласындағы жаңартылған білім беру мазмұны туралы қоғамда қызу тартыстар жүріп жатыр.Көпшілік ата- аналар әлі де дәстүрлі білім беру маңызының артықшылығын айтып талас тудырып жүр.Қай заман болмасын халқымыз бала тәрбиесіне өте кірпияздықпен қарап келеді.Оны қазір деректер келтіріп айтып жатудың аса қажеттігі жоқ сияқты.Себебі қанымызда бар дүние баршаңызға аян жайт.
О бастан қаріп танитын, оқыған азаматтың зиялылығы басым.Сондықтан ата-ана ретінде баламыздың білімді, жан-жақты, саналы болып ержетуі баршамыздың негізгі арман – мақсатымыз екенін мойындаймын. Бұрынғы бағдарламада оқудан тыс оқушылармен қоғамдық жұмыстар, шығармашылық шаралар ұйымдастыруымен қатар, мұғалімдер 45 минуттық сабақ бойында өзі сөйлейді, түсіндіреді,бағалайды.Оқушы тек – орындаушы,Мұғалімнен жақсы баға алу үшін оқитын обьект болды.
Осы орайда психолог Д.Б.Елькониннің афоризмге айналып кеткен мына фразасы ойға келеді: «Баға баланың маңдайына тақаған қару»-« отметка есть нацеленная в лоб ребенку винтовка».
Ал Шалва Амонашвилидің « Отметка- стимул?Нет наказание!» кітабында : –« Өз өмірін уландыратыны мен тығырыққа әкелетініне қарамастан нашақордың нашаға тәуелділігі сияқты , бағаға оқыған бала да бағаға тәуелді бола түседі.Оның үстіне олар кез-келген бағаға емес ,тек бестік бағаға ұмтылады.Оның жолында олар неше түрлі шпаргалка, мұғалімге көрсетпей көшіріп алудың түрлі жолдарын, сыбыс айтудың өзіне тиімді неше түрін ойлап тауып алады»,- дейді. Расымен де ,ол алдына саналы түрде, өзіне керек білімді қабылдау ,сол жолдағы өзінің жұмысын бағалау,талдау, саралау ,іздеу сияқты мақсат қоймайды. Керісінше, мұғалім дәріханашының нақты есебі сияқты , бала білімін бағамен өзі есептейді. Оқушының деңгейі, талабы ескерілмеген күйі ол мәжбүрлі түрде жақсы оқуға, шуламауға ,бұзақылық жасамауға ,өзгеге кедергі келтірмеуге , былайша айтқанда, мұғалімнің қарулы күшіне тәуелді болады. Жақсы бағаға оқитын бала да, оған шамасы келмеген , төмен бағадан көз ашпаған бала да өзіне бақылау мен бағалау жасай алмайды. Себебі ол үрдіс тек мұғалім құзіретінде қалып қойды. Мұғалім өзі бақылайды, тексереді, қателерін көрсетеді,бағалайды,нәтиже туралы тұжырымын айтады.Бұл жерде тек мұғалім тарапынан ғана біржақты еркіндік , артық айтпасам, диктаторлық шешім болады. Ал мұғалімнің бағалауы мен бағасының балаға нақты мәні де жоқ болуы мүмкін.Ол өз жұмысының нақты қандай критерий арқылы бағаланып отырғанын,өз жұмысына өзі баға беруден айырылып қалған.Оның өзіне баға беруі көбінесе ,ешкімге қажетсіз де .Бұдан оқушының өз- өзіне сенімсіздігі, өз ісіне деген жауапкершілігің жоғалуы, жасық, пассивті, ойлау жүйесі толық қалыптаспаған нәтижесін көру алыс еместігі көрініп тұрған жоқ па?!
Осыған орай , жаңа мазмұнға келетін болсам, бұл бағдарлама негізінен оқушыны жан-жақты дамытуға, өмірге бейімдеуге құрылған.Оқушылардың өзін өзі жетілдіруіне ықпал ететін, саналы түрде өзіне керек білімді алуға түрткі болатын бағдарлама.Ата-аналар тарапынан туып отырған тағы бір түсініспеушілік ,мазмұнға сәйкес. Себебі, қазіргі оқыту үдерісі де өзгеріп отыр емес пе. Мұғалім бұрынғыдай дайын білімді таратушы емес, бұл оқытудағы мұғалімнің функциясы – «үйлестіруші», «бағыт беруші».Оқушылар түрлі әрекеттестікте бір-бірінен білім жинаушы, бір-бірін бағалаушы.Бұл тұста оқушы әрекеті басым.
Осы тұста, ел аузында көп айтылатын Қожекең туралы әпсананы келтіре кетсем болар. Қырсыққан есекті орнынан қозғап жүргізу үшін Әпенде ұзын сырыққа бір сәбізді сабағымен бірге байлап, ерге отырады да сырықты тақымына қысып, жануардың тұмсығының алдына қылтитып қояды. Тура алдынан дәмді сәбізді көрген есек оны жеймін деп алға ұмтылады. Осылайша жүргісі келмеген жануарды Қожекең алдап жүргізген екен.
Әрине, дәстүрліден осы жүйеге өту оңай емес. Баланы сабақтың басты тұлғасы етіп қалыптастыру үшін көп еңбектенесіз. Белсенді оқу мен оқытудың жеке адамның дамуында ,анығын айтқанда, тұлға ретінде қалыптасуында үлесі зор екені ғылымда дәлелденген. Бала баға үшін емес,білім алу үшін оқиды.Саналы түрде әр сабақтан не үйренді? Оның тиімділігі қандай болды? кемшілігі неде ? қай тұсы қиын? қай тұсы жеңіл болды?Өзінің үйренуі үшін не жетпеді?деген сияқты сұрақ төңірегінде мұғаліммен кері байланыс болады.Баланың жұмысы арнайы өлшеммен, сабақта орындалатын әр тапсырмаға құрылған нақты дескрипторлармен тексеріледі. Бұл күнделікті бағалау өзінің мақсатына сай (ынталандырушы, дамытушы, түзетуші) бөлім бойынша бағалауға, тоқсандық жиынтық бағалауға дайындық ретінде жүзеге асып жатыр.Бұл жерде алдымызда отырған әр оқушының қабілеті, жас ерекшелігі , белсенділігі назардан тыс қалмайды.
Шалма Амонашвили тағы бір сөзінде –« … бала табиғаттың бір бөлшегі.Ол да табиғаттың өзі сияқты өзгеруге, өсуге ұмтылады.Оның үш құштарлығы бар: тезірек жетілу,ержетуге асығу,еркіндікке деген талпыныс» – дейді. Жоғарыда алдымыздағы баланың қабілеті мен жас ерекшелігі ескеріледі дедік. Онда үлкендерге осы жағдайда, мынадай талап болу керек сияқты: Баламен тең сөйлес ,сенім білдір.Үлкендерге тән істі сеніп тапсыру, оған жауапкершілік арту,оған өзіңнің мұқтаждығыңды байқату.Бала мектепке ойынын жалғастыруға емес, ержетуге, аяқтан тұруға, қоғамдағы орнын табуды үйренуге келеді.Сондықтан оған берілетін тапсырмалар да жауапкершілікті талап ететін ,салмақты , белгілі мақсатпен қойылады. Бұл жерде бала емес ,керісінше мұғалімнің тамаша ,әдіскер ойыншы болғаны жөн.Яғни , әр сабақ – зерттеу болса , әрбір оқушы – зерттеуші. Біз бүгінгі қазақтың еңбекқорлығымен, жаңа білімді игеруімен, жаңашыл технологияларды меңгеруімен , балаларымыздың жаңалық пен білімге деген құлшынысымен мақтануымыз керек болар.
Н.Б. Баймұханбетова
№2 Орта мектеп КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718