Ойшыл Ахмет Йүгнекидің этикалық-философиялық ойлары

Қай заманның болсын халықтың қамын ойлаған ғұламалары ой-толғаныстарын сөз жүзінде қалдырған. Олардың барлығының этикалық тұжырымдамалары сараңдық пен жомарттық, қатыгездік пен қайырымдылық, ашу мен сабырлылық арасалмағын айқындауға арналады. Осы жұп категориялардың ішкі байланысы Ахмед Йүгнекидің де этикалық-философиялық ойлары арқылы ашылып көрсетіледі. Ғұлама осы қайшылықтардың түпкі шешімін ақиқат заңдылығына жақындата түсетін тұлғалық жетілуден іздейді. Оның ойынша адамдар бір-біріне мейірімді болуға тиіс. Ал мейірімділік пен жомарттық бірлессе сараңдыққа орын қалмайды. Ойшыл «жомарттық», «сараңдық» туралы ұғымдарды салыстырады. Ел ішінде абырой, атақ мәртебеге мейірімді, қайырымды жебеушілер лайықты дейді. Оларда ең бастысы жүрек жылуы бар. Адамдар арасын жақындатушы көпірлердің бірі жомарттық. Жомарттық мінез-құлық өлшемі ғана емес, бүкіл қоғамның имандылығын, адамгершілігін білдіреді. Осы этикалық құндылықтар ойшыл шығармашылығында қарапайым сөзбен былай деп суреттеліпті:

Мал жинап бақыл аш көз дірілдеген,

Күні жоқ бірін ішіп, бірін жеген,

Досына тірісінде дәм татырмай –

Өлген соң жаулары жеп дүрілдеген.

 

Бүгінгі күні де өзінің мәнін жоймаған мәтін жолдарынан қоғамда ашкөз, надандардың әрқашан жолы болатынын көреміз. Ашкөздік, сараңдық адамды руханилықтан жаттандырып, достарынан алыстататын жаман қасиеттер. Әдиб Ахмед – адам таза болса ол Алланың нұрына бөленетіндігін айтады.

Жалпы түркі дүниетанымы этикасының ең негізгі ұғым-концептерінің бірі – адам өмірінің өнегелі мазмұнының категориялық императиві ретіндегі «адамгершілік» ұғымы. Адамгершілік адамдар арасында ғана емес, әлеммен, табиғатпен және өзімен өзі қатынас жасағанда да басшылыққа алынуы тиіс.

Рухани кемелденудің негізгі жағдаяты адам үшін нәпсіні тиюден басталатындығы сопылық ілімде бастаулардың бастауы ретінде айтылады. Дегенмен нәпсіні тию деген қоғамнан шеттеп қалу емес және дүниенің барлық қиындықтарынан қашу емес, ол ерекше түсініктегі рухани жетілуге ұмтылу. Бірақ қәзіргі заманда адамның өмірдегі қойған мақсаты тіршіліктің үлкен нарықтың заңдылығынан шыға алмайтын деңгейіне жеткен десе де болады. Бұл жерде рухани жетілуден гөрі тіршілік үшін күрес басымдау ма деген пікір туындайды. Әрине, әр заманның өзіндік құндылықтар басымдылықтары болады және ол да қатып қалған жүйе емес. Уақыты келгенде өзгеріске ұшырайтын нәрселер қатарына жатады. Бұл да әлеуметтік болмыстың заңдылықтарына жатады. Дегенмен тұрақтылық танытатын, адамдық өмірдің іргетасы болатын рухани құндылықтар болатынын ескеруіміз қажет. Міне, Ахмед Йүгнеки ілімі негізінен осы бағыттарды өрбіген дүние.

Ал құндылықтар әлемі адамды, қоғамды жетілдіру жолына жетелейтіні белгілі. Бірақ адам да, қоғам да кейбір жағдайда алдамшы, жалған құндылықтар әлеміне беріліп кетуі мүмкін. Сондықтан ойшыл Аллаға сенімнің ең биік құндылық екенін айта отырып, бірақ оның өзі адамның білімге деген ұмтылысы арқылы құндылықтардың биігіне жететініне меңзейді. Ахмед Йүгнекидің білімге деген құрметін оның мына жыр жолдарынан білуге болады:

Атақпен білген өтер ірі жүріп,

Білместі «өлген» – дей бер тірі жүріп.

Білгеннің өзі өлгенмен аты өлмейді,

Аты өшер білмегеннің құры жүріп.

Біліммен ғылым өсіп, көкке жетер,

Адамды наданшылық төмен етер.

Ерінбе білім іздеп, Расул хақ

«Қәдірле білгендерді» – деп көрсетер.

 

Білімді – аса құнтты, ерінбей үйреніп, жалықпай еңбек еткен адам ғана игереді. Ойшыл-ақын білімсіздікті сүйексіз етке теңейді. Білімсіздікті надандықпен қатар қояды, құнын қара бақырға теңеген. Білімдінің аты өлмейді, ал білімсіз адам тірі жүрсе де оны «өлік», құр жүріп аты өшеді деп дәл болжайды. Қоғамдағы мәселелердің ең маңыздысы ретінде білімнің әр адамның дүниетанымында жинақталуын келтіріп, оны ойшыл үнемі өмір салтының күн тәртібіне қойып отырады. Бұл дүниетанымдық көзқарастан аңғарылатын нәрсе ортағасырлық қоғамдық болмыс үшін шынайы білім жинақтау, дүниенің сыры туралы негіздерді күшейту адам үшін өте өзекті болғанын танытады.

Ахмед Йүгнеки заманындағы діни-этикалық құндылықтарға деген сұраныс ойшылдың шығармашылығынан анық байқалады. Исламдық айшықтарды өзінің философиялық дүниеге көзқарасын пайымдауда шебер пайдалана білуінің өзі ойшылдың өз дәуірінің озық ойлы азаматы болғанын білдіреді. Ахмед Йүгнеки өз ілімінде адам тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайды және ол үгіттеген философиялық идеялар өзінің терең гуманистігімен, тереңдігімен, халық болашағына деген алаңдаушылығымен ерекшеленеді.

Жоғарғы рухтың терең тамырлары адам үшін әлдеқайда маңыздырақ екенін байқайды, сонымен қатар жай ғана байқап қана қоймайды, соны замандастарына және кейінгі ұрпаққа рухани мұра етуге тырысады. Мәселен, Ахмед Йүгнекидің шығармасында мынандай замандастарына, кең мағынада ұғынатын болсақ ғасырлардан кейін келетін ұрпаққа да арналған сөздер бар:

Ей досым, жаздым кітап түркішелеп,

Мейлің сөк, мейлі қала ерекше елеп.

Артымда ат қалсын деп жаздым мұны

Ғажайып таңсық сөзбен ерекшелеп.

Жас ұрпақ тыңда мені, ұғасың көп:

Атымды дұғаңда айтып шығасың деп,

Өзіңе сирек сөзді сыйлық еттім,

«Маған да тарту етсін дұғасын», — деп.

Осы арнаудан ойшылдың рухани сабақтастыққа деген көзқарасы байқалады және бұл байланыстың тылсымдық астары барына толық сенетіні де байқалады. Дұғаны тарту ету арқылы өткен дүниемен байланыстың сақталатынын Ахмед Йүгнеки толық сеніммен өз шығармасында білдіріп отыр. Бұл түсінік тек орта ғасырларда ғана емес кейінгі кезеңде де өзінің маңыздылығын түркілік мұсылмандар үшін жойған емес.

Ахмед Йүгнекидің өзінің түркілік сипатта жазған еңбектерін философиялық тұрғыдан пайымдауға тырыссақ, онда ойшылдың өз заманының өткір мәселелерін жете түсінгенін байқаймыз және оны әлеуметке, баршаға барынша ойлы тілмен жеткізе білген. Ал бұл ойшылдың жеке тұлғасындағы шығыстық даналықтың көрінісі. Сонымен қатар ол өз шығармасында әлеуметтік болмыстың барлық жағынан алғанда субстанциялық кіндігі адамның өзі бола алатындығын айта біледі. Бұл ғұламаның мұсылмандық көзқарастың шеңберін барынша кеңейтуі болып табылады, антропологиялық мәселелерді өз дүниетанымына діңгек ете алуын атай аламыз. Міне осындай қызметі үшін қәзіргі ұрпақ, рухани мұраны сараптаушы гуманитарлық сала орта ғасырлық терең ойшылдың даналыққа толы тұжырымдарын құндылығы мол дүние деп есептейді. Табиғаттың мәңгілікпен қайталанатын заңдылығының жаратушысы бар екенін ескере отырып, оның бәрін жәй ғана ауысу, немесе өзгеру екен деп түсінбеу қажет екендігін олардың құдыретті күштің бұл дүниеде көрініс беру екендігіне меңзейді. Бұл құдіретті заңдылықты жоғарғы жаратушы күштер бостан босқа жасай салған жоқ, адам оны Ақиқат сыйы ретінде қабылдауы керек және әрбір сәтінде ұлы көріністің сипаты бар сияқты делінген.

Құдайым (сен үшін) күн мен түнді жаратты,

Кезегімен алмасып, бірінен соң бірі өтіп жатады.

Күніңді кетіріп қараңғы түн етеді.

Күніңді кетіріп қайтадан жарық етеді, — деп пайымдайды.

Ахмед Йүгнекидің дүниетанымы жоғарыдағы тұжырымдардан діни онтологияға негізделгенін байқаймыз, яғни біртұтас Ғаламды, дүниені жасаушы да, жаратушы бір құдірет күш бар екенін мойындап, оның Абсолюттік қасиетіне мойынсұну қажет екендігін тұжырымдайды. Бұған күмәндану, шек келтіру жөнсіз және мардымды нәрсе емес екендігіне меізейді. Тіпті, ондай әрекеттер түбінде  адамды күнәға батыруымүмкін екенін де ескертеді. Адам өзінің әрбір қимылын, қадамын осы үлкен үйлесімділікке сай жасағанын қалайды және осы заңдылықтың сырын біліп тұрып, оны бұзуға тырыссақ, онда «пенде ретінде сен күнәға батасың» дегендей өзінің айтулы шығармасындағы тұжырымдар.

Ахмед Йүгнеки – ақын, философ, сөз шебері, қоғам қайраткері, ақиқаттың мәнін анықтауға өмірін сарп еткен жан. Өзінің жеке өміріндегі шектеулі мүмкіндіктерге қарамай, ойшылдың дүниетанымдық құрылымын лайықты деңгейде әлеуметке жеткізе білуі рухани ерліктің белгісіндей қадам болатын. Руханилыққа адам өз ғұмырында «ерте ме, кеш пе, әйтеуір келуі тиіс» дегені ойшылдың таза қисынды тұжырымы деген ойда ғалымдар. Өйткені, әлемді құтқаратын күш адамның өзінің ішінде жатыр. Мәселе тек соның тетігін тауып, жалықпастан, қажымастан, шыдамдылықпен іске қосу керек. Адам өз болмысын жете білуге, кемшіліктерін батыл айқындауға ұмтылуы тиіс. Тек өз қателіктерін жөндеген адам ғана өз ғұмырында елеулі бір рухани жетістіктерге жете алады. «Ақиқат сыйы» дастаны өз заманының көкейкесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ әдеби мұра болып табылады. Түркі әлемінің мәдениетіне ұланғайыр үлес қосқан Ахмед Йүгнекидің рухани мұрасы еліміздің ғана емес сонымен қатар түркі әлемінің әдебиет тарихында да лайықты орын алатыны анық.

Дидар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультетінің 1 курс магистранты

Жетекшісі: Д.Жанатаев

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *