«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Данат ЖАНАТАЕВ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
философия ғылымдарының кандидаты
Бекет ӨТЕГЕН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1-курс магистранты
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы.
«Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – «Мәңгі ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегі, жаңа тарихи дәуірдегі заңды жалғасы» деп есептейді тарихшы Хангелді Әбжанов мақаласында. Мәңгілік ұғым-түсінігі – барша адамзатқа ортақ қазына. Оның негізінде саналы-санасыз тіршілік иесінің өмірге, қоршаған ортаны игеруге құштарлығы жатыр. Мәңгілікке ұмтылған арман-мақсаттың нышанына, ескерткішіне Египет пирамидаларын, мәңгі қала Рим тәмсілін, суға батпайтын, отқа жанбайтын батырлар жайлы тарихқа дейінгі аңыз-ертегілерді жатқызуға болады. Біздің пайымдауымызша, әлемдік және дәстүрлі діндердің бастау-бұлағында да мәңгілікті бейнелейтін түпжаратушы тұр. Оның есімі – Тәңірі, Құдай, Алла, Бог, т.б.[1]
«Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея…» — екендігін жазған [2, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда. «Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін…» — деген жолдар бар [3, 63 б.]. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйінін аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
Елбасының 2014 жылғы 17 қантардағы Қазақстан халқына жолдаған жолдауында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық». Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек»[4] деп нақты атап көрсетті.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған « Мәңгілік Ел » салтанат қақпасының салынуы « Мәңгілік Ел » идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай », « Алла » сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, « Мәңгілік Ел » «Алла Тағаланың елі, халқы » дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени – рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.
Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен діліне нұқсан келтірмей, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осыны біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз. Мәңгілік елдің қағидалары ҚР Конституциясынан бастау алады. Олар: қазақстанның тәуелсіздігі; ұлттық бірлік, бейбітшілік және қоғамдағы келісім; зайырлы қоғам және жоғары имандылық; индустриализация және инновация негізінде экономикалық өсу; Жалпы Енбек Қоғамы; тарих, мәдениет және тіл бірлігі; ұлттық қаупсіздік және жалпыәлемдік және аймақтық мәселелерді шешуде жахандық қатысу [5]. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Әрине, қазіргі тәуелсіз демократиялық Қазақстан қыруар жетістіктерге жетті. Біздің ел әлемдік қауымдастықта лайықты орын алды. Халықаралық қатынастарда біздің елді іскер және беделді әріптес ретінде қабылдайды. Қоғам мен мемлекет құрылымын белгілейтін біздің Ата заңымыз бар. ҚР Конституциясы халықтың бірлігін белгіледі, ортақ тарихи тағдыры бар барлық ұлттарды Қазақстан жерінде біріктірді. Ең алдымен ҚР Конституциясы қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, реформаның жүргізілуі, демократияның дамуы, жаңа ұрпақтың идеологиясының қалыптасуы, барлық азаматтардың өмір сүруге лайықты жағдайлар жасалуы қоғамдық тұрақтылықсыз мүмкін емес. Осы тұрғыда айтып кету керек, Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері өмір суреді, сондықтан Конституцияда қоғамдық келісіммен саяси тұрақтылық сияқты негізгі қағидалар белгіленген. Көпұлттық мемлекет жағдайында азаматтардың тендігі, бірлігі, бейбіт өмір сүрудің негізі болып табылады.
Әдебиеттер:
- Ханкелді Әбжанов. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі.
Источник: https://e-history.kz/kz/publications/view/2590 © e-history.kz
- Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми- көпшілік тарихи журналы, Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. 108 бет.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/2416 © e-history.kz
- Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли.) – Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. – 144 бет.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/2416© e-history.kz
- Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы. 17 қантар 2014 жыл.
- Қазақстан Республикасы Конституциясы. 1995 жыл 30 тамыз. – Алматы, 2015.