“Ұлт ұстазының” еңбегі
«Қазір бой жарыстыратын заман емес,ой жарыстыратын заман.» Расында әлемнің алдыңғы қатарлы қай мемлекетін алып қарасаңыз да, білім беру саласын басты назарда ұстап отыр. Себебі,олар болашақтың кілті білімде екендігін жақсы түсінеді. Біздің елімізде көштен қалып келе жатыр деп айта алмаймыз. Бәсекеге қабілетті маман дайындауда еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі таңда мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің студентімін. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – еліміздің ең үздік жоғары оқу орны қатарында, яғни жетекші университет болып табылады. ҚазҰУ QS “World University Rankings” халықаралық рейтингісінде топ-165 қатарына кірген. Сонымен қатар,мемлекеттік оқу гранттары бойынша көшбасшы болып келеді. Біздің факультетімізде алты кафедра бар және факультет студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе аясында үш бағытты негізге алып келеді.
Қашықтан оқудың машақатын біз де көрдік. Індет жайлаған кезде онлайн форматты да байқап көрдік. Десе де экранның ар жағында отырып, қарап қала алмадық. Бұл орайда біздің факультетіміз «Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығымен” келісімшартқа отырып, бізге үлкен мүмкіншілік жасады. Өндірістік тәжірибе студенттерге жаңа тыныс бергендей. Себебі, оқудан бөлек біздер зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа тың мәліметтермен жұмыс жасаудамыз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларын, прозалық туындыларын мерзімді басылым беттерінен жинастырып, түрлі конференция материалдарын қарастырып, бұрын-соңды кездестірмеген жаңа мәліметтерді топтастырып жатырмыз. Сонымен қатар, республика бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептермен, ескерткіштермен және ол туралы түсірген фильмдермен таныс болдық. Бұл тапсырмаларды орындау арқылы біз өзімізге керемет тәжірибе алдық. Ғылыми зерттеу жұмыстарын өткізу барысында факультетімізден бөлінген Имаханбет Райхан, Шортанбаев Шоқан, Есентаева Айжан, Мекебаева Ләйлә сынды ұстаздарымыз бізге түрлі көмек беріп, бағыт-бағдар көрсетіп тұрды.
Өзге емес, ұлт ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды еңбек жолын зерттеу – біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ даласында тыңнан түрен салып, ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмір жолы кім-кімге де үлгі-өнеге. Оның «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» еңбектері қазақ тілі мен әдебиетінің алтын қорында сақталары сөзсіз. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны жөнінде көптеген еңбектер жазылды. Мысалы, Райхан Сахыбекқызының “Ғасыр саңлағы:Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны” және Амантай Ахметовтың “Рух әміршісі” секілді кітаптарды атап өтуімізге болады. Енді осы даңғыл жолды болашақта біз жалғаймыз деген сенімдемін.
Гүлнұр СЕРІКБАЙ
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология және әлем тілдері
факультетінің 4-курс студенті
Райхан ИМАХАНБЕТ
Филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы