Ұлт ұстазын ұмытпау — міндет!

ХХ ғасыр — қазақ халқының ешқашан жадынан кетпейтін ұлы оқиғаларға куәгер болған ғасыр. Сан түрлі соқпақты басынан өткерген қазақ қай қиындыққа болмасын қасқайып қарсы тұра алды, соның нәтижесінде қазіргі егемендікке жетті. Себебі қазақтың үміті мен үрейін арқалаған, “оян, қазақ!” деп ұрандатып, халқын “маса” болып оятқан зиялы ұлт қауымы болды. Ол — Алаш зиялылары, Алаш ардақтылары, ұлт үшін жанын пида еткен ұлы азаматтар! Халқының болашағы үшін бар күш-жігерін салып, бастарын бәйгеге тікті. Ұлтының ұлы көшбасшылары бола білді. Алаш зиялыларының қайсыбірін айтсақ та, кеудеде “ Мен — қазақпын” деген үлкен мақтаныш сезімі орнайды.

Алаш арыстарының ішінде қазақтың саяси өміріне ғана емес, мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне, ғылымына зор үлесін тигізіп, ұлттың ұлы кітапханасының бір бұрышын қалаған — Ахмет Байтұрсынұлы. Ол — ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор! Ол — тіл табиғатын сақтау үшін аянбай тер төккен ғалым! Ол — сан түрлі ғылымды бір бойына жинай алған әмбебап тұлға! Ол — халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Ахмет Байтұрсынұлы! Заманындағы алып тұлғалар да оның ұлтжандылығын асқан мақтанышпен суреттейді. Бұған дәлел — замандасы, жалынды ақын Сәкен Сейфуллиннің мына бір сөздері: “… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.”

Ғалымның ерен еңбегі қай ғасырда болмасын халқы үшін құнды, бағалы. Бүгін де ұлт зиялысына арнап ашылған орындар өте көп: институт, мұражай-үй, ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік орталық, аты берілген түрлі оқу орындары және мектептер, тағысын тағы. Тағы бір мақтанышпен айта кететін жайт — елімізге елеулі жоғары оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттері өндірістік тәжірибе барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «ТІЛ – ҚҰРАЛ» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығымен келісімшарт жасап, ұлт зиялысының ғылымдағы ғұмырымен, рухани мұрасымен жете танысуда. Өндірістік тәжірибедегі басты мақсат — ұлт ұстазының ұлы істерін ұрпақтарына көрсету және ұстаздың салған сара жолын жалғастырар шәкірттер қалыптыру. Ахмет Байтұрсынұлының бүгінгі күнге қалдырған мол мұрасын біреу білсе, біреу білмейді. Ал оның зерттелмеген қазыналары әлі де жетерлік. Сондықтан да, халқымыздың тілі мен әдебиетіне айтарлықтай зор үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының ұшан теңіз еңбектерін зерттеп, оларды көпшілікке танытып, дәріптеуіміз керек.

Айберген НҰРАЛЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті.

Райхан ИМАХАНБЕТ
ф.ғ.к., аға оқытушы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *