Ұлт ұстазының өнегелі сөздері
Ұлт ұстазының өнегелі сөздері
Қай кезеңді алып қарасақ та, қоғамдағы жастардың алатын орны ерекше екені белгілі. Себебі, жастар әрбір елдің мәдени, рухани және саяси өмірінде басты рөл атқаратын белсенді топ болып саналады.
Осы жастар тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген ағартушы, қоғам қайраткерлері де аз емес екені мәлім. Сол азаматтардың бірі және бірегейі ретінде Ахмет Байтұрсынұлын айтуға болады. Міне, осыған орай болашақ әдебиетшілерге бағыт-бағдар беру мақсатында біздің өндірістік тәжірибеміз Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өтуде.
«Ұлт ұстазы» аталып, қазақ қоғамы мен мәдениеті, болшағының көркеюіне орасан зор өз үлесін қосқан. Ахмет атамыздың мына бір нақыл сөзі бар: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді».
Ұлтымыздың жанашыры қазақ балаларының ертеңі үшін алаңдап, олардың оқуында, тәрбиесінде, өз ана тілінде сауат ашуы үшін үлкен еңбек сіңірген қайраткер. Ол өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз болысымыз, басқа жұрттың болысындай, елді баға алмайтын мінін айтып жатырмыз, билерімізде содиядай әділдік жоқ, мінін айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доқтырдай ауруды емдей алмайтын мінін айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надандық мінін де айтып жатырмыз. Бұлардың мінін айтқанда бала оқытуымызда қандай мін барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та – оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзелді… Жаңалыққа жастар мойын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс, – деп жазып, жастардың сауатты, тәрбиелі болуы қоғамды өзгертуші күш, ұлт болашағы екендігін, қоғамдағы әділетсіздіктердің әсерінен дұрыс білім берілмеуінен, сауатсыздықтан туындап отырғанын тап басып көрсетті.
Жастар білімін көтеруде үлкен маңызға ие оқу құралының бірі — ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Оқу құралы» туындысы – сол заманда ұлттың ана тілінде сөйлеуі, жастардың сауатын көтеру, дүниетанымын кеңейтуде оң әсерін тигізген құнды еңбек. Бұл еңбектің басты құндылығы – ана тілінде сауат аштыру, жастарды оқыту арқылы тәрбиелеп, ұлт болашағына алаңдайтын жауапкершілігі мол азамат болуға баулу.
Жазықсыз жалаға ұшыраған Ахмет атамыздың: «Оқу құралы» бүгінгі кезеңде де өз күшін жоймаса, қазіргі ұстаздар жас ұрпаққа бұл еңбектің мән-мағынасын ашып, дұрыс бағдар берсе, білім саласында жүрген жансыз оқулықтардан арылар едік.
Біз жастар оқу-білімнің әр қоғамда үлкен маңызға ие екенін естен шығармауымыз керек. Сол оқу-білімді дер кезінде үйренсек, басқалардың алдында иілмей, өркениеті дамыған ұлт жастары болар едік. Келер ұрпаққа мұра етіп қалдырар асыл байлыққа ие болар едік. Оқу-білім адам баласын көкте құстай ұшырып, суда балықтай жүзгізген, дүниенің төрт бұрышына жол ашатын үлкен құндылық. Сол себепті, өз болашағымызға бей-жай қарамай, дұрыс білім, дұрыс тәрбие алуға үлкен ынта қойсақ, біз үшін үлкен жеңіс осы болар еді…
Жаппарбекова Камшат
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті
Мекебаева Лейла
ф. ғ. к. аға оқытушы