Бала тәрбиесі – баршаға ортақ

Қазіргі білім беру мен тәрбие жұмысының бірегей  мақсаты – жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалаулары мен қоғам талабына сай, өзін көрсете білетін жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениеті бойында қалыптастырған, бәсекеге қабілетті, шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр.

Осы мақсаттан төмендегі міндеттер туындайды:

  • тәрбиелеу және дамыту іс-әрекетін ұйымдастыру;
  • құзыреттіктерді қалыптастыру және дамыту;
  • оқушы жеке тұлғасының қалыптасуына көмектесу, оның ішкі мүмкіншілігі, бейімділігі, мақсат – мүдделері мен шығармашылық қабілеттерінің байқалуы мен қалыптасуына жағдай жасау.

 

Бұл мақсат-міндеттерді іске асыру үшін тәрбие жүйесі тұлғаны әлеуметтендіру идеяларын іске асыра отырып, оқытудың жаңа әдістерін: жеке тұлғалық қасиеттерге бағытталған оқытуды, зерттеу, жобалау әдістерін, денсаулық сақтау әдісін қолдана отырып тәрбие жұмысын ұйымдастыруы қажет.
Қазіргі жағдайларда адамның ұзақ та арнайы ұйымдастырылған өмірге тәрбиесіз араласуы өте қиын. Тек тәрбие ғана жеке тұлғаның дамуының әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыратын, оның бейімділігі мен қабілеттілігін жетілдіретін шешуші күш. В. Г. Белинский; «Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады.

Оқу мен тәрбие егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» десе, ал В. Белинский «Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» деп айтқан болатын. Бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң – мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді. Сондықтан ұстаздар қауымының мақсаты: бүгінгі ұрпақ – еліміздің болашағын – қазіргі қоғам мұратына сай жан – жақты жарасымды тұлға етіп өсіру.

Күн сәулесі өсімдік тіршілігіне қандай қажет болса, тәрбие тұлғаның дұрыс өсіп жетілуіне соншалықты қажет. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, мұғаліміне, ата – анасына, құрбы – құрдастарына, олардың іс – әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты. Бала тәрбиесі – өте күрделі процесс.

Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Тәрбие негізінен баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанына дейін тәні мен жанына бірнеше арнамен құйылады: отбасы, мектеп, қоршаған орта, жұмыс орны.

Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала – тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В. А. Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», – деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс – әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Тәрбие мәселесінің нәтижелі болуы ата – аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе көтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң жобасында «Ата – аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.

Халықтың болашағы – ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл – ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс.

Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой – сезіміне әсер ету үшін біріншіден, тәрбиеші ұстаздың саяси сауатты, жан – жақты энциклопедиялық мол білімі болуы шарт, екіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі қажет, үшіншіден, мұғалім оқу-тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой – өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай білетіндей сезімтал психолог болуы керек.

Яғни А. Н. Толстой айтқандай «Мұғалім өн бойына өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол нағыз ұстаз».
Білім мен тәрбиені сабақ барысында ұштастырып, бірлікте оқыту – әрбір ұстаздың басты шарты болса, сынып жетекшілері тек сабақта ғана емес, сабақтан тыс уақытта да іздене жүріп, оқушылардың бойына тәрбиенің ең ізгісін, ең асылын сіңіре білуі керек. Қазіргі уақытта жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына ізгілік, ғылымилық, жүйелілік ұстанымдарына негізделген үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін құру, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін саралау өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Қорыта келе, бала тәрбиесі күрделі де жауапты міндет екендігі бәрімізге белгілі. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата – ананың орны бөлек. Тәлім – тәрбиелік жарасымдылық мектеп пен ата – ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Сондықтан ата – аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге ата – аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ, алар асуымыздың биік болары сөзсіз. Сондықтан да ұстаздар қауымы, сапалы білім бере отырып, еліміздің болашақ жастарын ұлағаттылыққа тәрбиелейік!

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *