Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын қалай қарсы аламыз?
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын қалай қарсы аламыз?
Енді бір жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Самұрықтай сайыпқыран тұлғасына «Маса» болуды қор санамай, қанатының шуылымен қазақты оятам деп жүріп оққа ұшқан асыл перзенттің тұлғасы заман өткен сайын заңғарға айналып барады. Тауға тән қасиет нағыз! Қазақтың Ахаңы туралы көркем фильм түсірілмеді демесеңіз, кітап та шыққан, ғылыми монографиялар да жазылған. Бірақ соның бәрі Ахмет Байтұрсынұлының жаңа тұрпатты, зайырлы қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы еңбегін өз деңгейінде көрсетуге жетпей жатқандай сезіледі. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы салып кеткен сара жол болмаса, қазақтың сөз өнері мен тілі бүгінгіден бетер шұбарланып, ұлттық сипатынан айырылып, түркі-ноғай тармағының жабайы диалектісі болып қалуы да мүмкін еді. «Газет – халықтың көзі һәм құлағы» деген өсиеті бүгінгі біздің буынға журналистиканың алтын заңындай. Қазақ тарихындағы Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық орнын, саяси бағасын айқындап алмасақ, оны ұлықтау, қайраткер болмысын ұрпаққа үлгі ету дәл қазіргі жалпылама мадақ сипатынан әріге бармайтынын кейінгі 30 жыл көрсетті.
Қазақ тілін зерттеп жүрген, зерттеп кеткенғалымдардың том-том еңбегі бір төбе болса, Байтұрсынұлының «Тіл –құралы» өз алдына бір төбе. Біздің бірнеше ғылыми ұжым соңғы 15 жылда бір жағына шығара алмай қойған әліпби мәселесін бір өзі заманына сай реттеп кеткені және бар. Абай мен Ыбырайдан қалған ағартушы қаламын ту етіп ұстаған да осы Ахмет Байтұрсынов еді. Тіл білімі институтының заңғар тұлғаның атын алуы да заңдылық. Ғылым иерархиясындағы Әл Фарабиден кейінгі орын осы Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі, бізге салсаңыз.
Ұлт реформаторының өмір сүрген, саяси өмірге араласқан кезеңі кілең тартыс пен күреске, жаһандық деңгейдегі революцияларға тап келгені тарихтан белгілі. Бірақ, оның осы қатерлі сапарында қасында шешімтал серіктері болды. Әлихан Бөкейхановтай көсем қолдағандықтан, буржуазиялық элита ұлттық саясатты о бастан дұрыс бағдарлай білгендіктен Ахаң қолға алған жобалар сәтімен іске асып жатты. Ахмет Байтұрсынұлының аумалы-төкпелі кезеңде дүние есігін ашып, бүкіл ғұмыры отарлау саясатына қарсы күреспен өтуі өз тағдыры үшін трагедия болғанымен, тарих толқынындағы қазақ үшін мың жылда бір берілетін бақыт еді. Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатұлы бастаған «Алаш» зиялыларының қасында Ахмет Байтұрсынұлындай стратег, пассионар тұлға болмағанда бүгінгідей бай мұра қалмауы да мүмкін еді. Мұның бәрін айтып отырған себебіміз, келе жатқан 150 жылдық мерейтой биылғы Абайдың 175 жылдық тойынан кем тойланбауы керек. Биыл пандемия кесірінен ұлы ақынның тойына жоспарланған шаралардың жартысынан астам қысқартылғанын ескерсек, Абайдың 175 жылдығындағы ауқым Ахметтің 150 жылдық тойына щеңбер болмауы керек сияқты.Түптеп келгенде, Абайды қазақ руханиятының темірқазығы етуді жолға қойған да Ахаң болатын. «Қазақтың бас ақыны» деген атқа Абайды лайық көрген ғалым реформатор ретінде сол рухани ұстазынан асыра еңбек көрсетті.
«Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген «Зар заман» топтамасының жалғасындай болатын жаңа көркем туынды көрерменге жол тартып, басты кейіпкері ретінде Ахмет Байтұрсынұлы сомдалып жатса, өшкеніміз жанған болар еді.
Ахаңның ізі қалған, Орынбор, Санкт-Петербург, Семей, Ташкент сияқты тарихи қалаларды қамтитын онлайн-экспедиция ұйымдастырылса, заңғар тұлғаның ұлағаты заманауи тілмен насихатталар еді. Мұның бәрі елдік үшін есіл ғұмырын күреске арнаған Ахмет Байтұрсынұлының алдындағы ұрпақтық парызымыз болса, келер буын алдындағы ағалық міндетіміз.
Ахмет Байтұрсынұлының саясаттағы алғашқы қолтаңбасы Қарқаралы петициясына түскен еді. Жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесін қозғайтын өзгертулер енгізуді талап еткен құжаттың Ахмет Байтұрсынұлысыз жазылып, қатталуы мүмкін емес болатын. Осылайша ол отарлаушы тараптың «қара тізіміне» 1905 жылы-ақ ілінген.
Ұлт ұстазының Ресейде білім алып, жар жұртта сол білімін бағалайтын ықпалды тұлғалардың құрметіне ие бола тұрып, қараңғы қазақ ортасына келуін аңыздағы Прометейдің мейірбандығымен шендестіруге болады. Бұлай кесіп айтуымызға кейін ғалымды Максим Горькидің жұбайы араласып жүріп, түрмеден босатқаны дәлел.
Біз әсіресе Алаш ардақтыларын ұлықтаған осы екен деп, тағдырларын тым сүмірейтіп, трагедиясын әсіре қоюландырып жібереміз. Ал негізінде ұлт үшін басын тәуекелге тігіп, құрбандыққа бару асқақ рухты адамның қолынан ғана келетін, мәнді ғұмыр ретінде сипатталуы керек. Ахмет мұрасына оның қилы тағдырына да осы тұрғыдан жаңаша баға беруіміз қажет сияқты.
Қазақ даласына ашаршылық еніп, бұрын-соңды көрмеген зұлмат басталғанда ел ішінен мүлік жинап, аш халыққа араша болған да Ахмет Байтұрсынов болатын.
Ағартушы ғалымның мемлекеттік маңыздағы істерге байыппен араласып, тікелей атсалысқанын ескерсек, реформаторлық тұлғасы қазақ халқы үшінАтатүріктен кем болмауы керек. Келе жатқан 150 жылдық мерейтойда осы жағына бас мән берілсе деген арман-тілегіміз бар.
Қошым–Ноғай Ақерке
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология және әлем тілдері факультеті
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының
3-курс студенті
Жетекшісі: Мекебаева Лейла Адамовна, ф.ғ.к, аға оқытушы