Мемлекеттік тілді оқыту арқылы оқушылардың патриоттық сезімін ояту
Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар негізінде тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына қажетті жағдай жасау, жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру, ана тілі мен мәдениетін, ұлттық болмысын қалыптастыруға, денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыстар болып табылады. Оларды қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесіндегі ең маңызды міндеттер. Осы орайда мемлекеттік тілді оқыту – оқушылардың патриоттық сезімін, Отанына деген сүйіспеншілігін оятудағы маңызды құрал екенін атап өтуге болады. Тіл мәртебесінің ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – елдің барлық аумағында және түрлі өмір салаларында қолданылуы баршаға міндетті болып табылатын, ресми жағдайы мемлекеттік дәрежеде белгіленген, белгілі бір мемлекеттің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесінің негізгі компоненті. Тәуелсіз Қазақ елінің қазіргі уақыттағы экономикалық даму деңгейі мен әлеуметтік жағдайы, шетелдермен халықаралық байланысының нығаюы, әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуы біліктілік деңгейі әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті тұлға даярлаудың қажеттігін туғызып отыр. Еліміздің кез келген азаматы өз елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, мемлекеттік тілді толық білуі, меңгеруі қажет деп танылады. Ең алдымен, саналы ұрпақ тәрбиелеу кезінде патриоттық сезімнің рөлі ерекше деп ойлаймын.
Бала өз ұлтының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, кемел азамат болып қалыптасуы үшін отбасында әуелі қазақы рухпен тыныстауы қажет. Яғни әрбір нәзік жанды ана ұлтымыздың асыл қасиеттерін ақ сүтімен, бесік жырымен, өз ана тілінде балаларына сіңіре білуі тиіс. Жақсы жүргіщілген тәрбие баланы қашанда болашақта елеулі тұлға, айтулы азамат болып жетілуге жетелейтіні даусыз.
Ал мектеп тәрбиесінде жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен ұлттық ерекшелікке тән қасиеттерімізді тереңдей сіңіру қызметін бүгінгі ағарту шебіндегі ұлтымыздың қызметкерлері мен ұлағатты ұстаздарымыз өздерінің ұлт алдындағы ақтауға тиісті өскелең азаматтық борыштары ретінде қарап, қадағалап, назар аударып, үлесімді жол қарастырулары қажет.
Өсер ұрпақты жақсы тәрбиелеу үшін әдебиет пен көркемөнер, отбасы мен мектептегі тәрбие, бәрі-бәрі ұлттық қасиетімізге сай жан-жақтылы дамуы керек. Сонда ғана қазақы тәрбие толыққанды болады деп ойлаймын. Бала тәрбиесі – аса машақатты әрі ұзақ уақытты қажетті ететін күрделі процесс. Баланың мінез-құлқы мен дара қасиеттерінің қалыптасуына отбасы мен жақындары, балабақша мен мектеп, қоршаған орта мен жан-жағындағы адамдардың барлығы әсер етеді. Қазіргі кезде оған ғаламтор мен теледидардың да әсері келіп қосылды. Адам адам болып та, азамат болып та, ұлт болып та бала кезінен, сәби шағынан қалыптасатынын барлығымыз білеміз. Біз қанша жерден дамыған, озық елдердің технологиясын меңгеріп, тілін үйреніп, мәдениетін қабылдасақ та, тәрбиеге келгенде қанымызға сіңген салт-дәстүрімізбен, ана тілімізбен, өзімізге тән қасиетімізбен ерекшеленуіміз қажет. Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай: «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе».
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің символының бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны сияқты мемлекеттік тілі де болады. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтардың қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Бүгінгі таңдағы біздің мақсат – оқушыларға қазақ тілін үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады. Сол сияқты, барлық отандастардың Отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп-өнген аймаққа деген сүйіспеншілігі патриотизмнің қайнар көзі.
Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі Адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін еңбекті қажет ететін аумағы кең, жауапкершілігі мол күрделі іс екенін ұқтырса керек. «Ту жанында қисық ағаш жатпайды» дегендей, сом тараулы тәрбие жолының тоғысар тұсы халықтың өзінде, ата-баба салт-санасында, дәстүрінде. Жас ұрпақты ұлттық мақтаныш пен ұлттық патриотизм рухына қалай тәрбиелесек, еліміздің, халқымыздың болашағы, даналығы да солай айқын көрінеді. Даналық білімнен нәр алады.
Бүгінгі таңда оқушыларға әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды олардың бойына сіңіру – ұстаз алдындағы үлкен міндет. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласында халықтық педагогиканы енгізе отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мінез-құлық мәдениетін меңгеруде оқушылардың бойына ұлттық имандылық, адамгершілік, сыпайылық қасиеттерін қалыптастыру.Ұлттық тәрбие біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін, ең алдымен, тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды жастардың санасына сіңіре білуіміз қажет. Осы ұлттық құндылықтарды тіл арқылы оқушы бойына сіңіру – мұғалімдердің басты міндеті. Оған көмектесетін құрал – ол, әрине тіл. Тіл арқылы, сөз арқылы біз оқушылардың патриоттық сезімін оята аламыз. Бүкіл қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері анық. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалана білу сіз бен біздің үлесімізде.