Менің еңбек жолым және методикалық тәсілім

Қазақ тілі – ұлтаралық қарым-қатынастың басты құралына, ал қазақ әдебиеті -ұлттың рухани жаңғыруының өзегіне айналуы тиіс. Осы бір қасиетті ұғымдар Ұлы дала ұрпағының бойынан табылса игі. Оның мән-маңызын өрендердің санасына құйып, ой-өрісін кеңейту қамында өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру ұлағатты ұстаздардың еншісінде. Әсіресе ұлттық рухты еліміздегі орыс тілді мектеп оқушыларының бойына сіңіріп, тілін қазақшаға сындырудың маңызы аса айрықша. Бұл орайда айта кету керек, біз өзгені өзектен теппеген халықпыз. Кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түскен басқаны пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды. XX ғасырдың басынан бері 5,6 миллион адам осы жерге қоныс аударды. Тағдырдың соқпақ жолында қуғын-сүргіне ұшырағандар қаншама. Олардың барлығы қазақ жерінен пана тауып, көсегесі қазақ елімен қатар көгерді. Сол қиын-қыстау кезде бәрі бір мүддеге ұйып, байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтады. Бүгінде бауыр басып қалған қайырымды ұрпақ қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне сызат түсірмеудің қамында жарқын болашақты бір адамдай бірігіп қалап жүр. Көп ұлтты тұғырлы мемлекеттің басты құнды қазынасы – бірлігі жарасқан халық. Тәуелсіздіктің оты маздап жанған егеменді ел осы күні ұлттар достығының алтын діңгегі, ұлысттардың ұйытқысы, этносаралық даму мен санастықтың берекелі бекеті, келісімнің алтын бесігі, тұтастықтың құтты мекеніне айналды. Бұл тақырыпты қозғауым бекер емес.
Қазіргі таңда өзім еліміздегі орыс тілді мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүрмін. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді оқыту барысында оқушылардың пікір айту, мінсіз сөйлеу, сауатты жазу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау сынды әрбір адамға қажетті дағдыларды қалыптастыруға басымдық беремін. Себебі тіл арқылы қазақ халқының тамыры терең тартқан тарихы, көркем әдебиеті, мәдениеті, салт-санасы, дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Осы мақсатқа жетсек Қазақстанның тәрбиесі мен білімі келіскен елжанды ұл-қыздарын тәрбиелей аламыз. Осыны ескере келе, сабақ барысында теориялық біліммен қатар ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертер ақпарат беруге тырысу керек деп санаймын. Халқымыз «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегенді тегін айтпаған. Өйткені, өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Ал, әдеби шығармалардың қайсысы болмасын өскелең ұрпақты ерлікке, батырлыққа, тапқырлыққа, терең ойлылыққа тәрбиелейді. Өзге ұлт өкілдерін оқыту үрдісіне қазақ халқының асыл мұралы тың туындылары мен жауһарлы шығармаларын еңгізу арқылы бойында ұлттық сана қалыптасқан шәкірт тәрбиелеп шығару – біздің алдымызда тұрған ұлы міндет. Мұхамед пайғамбардың өзі «Ілім үйреніп,одан соң оны басқаларға үйретпеу-мол дүние жиып,оны керегіне жаратпай,көміп қойғанмен бірдей» деген екен. Ұстаздық ету бар мамандық атауының анасы саналады. Себебі ұстаздан білім алмаған маман иесі жоқ екені баршаға мәлім. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Өзімде мектеп табалдырығын аттаған сәттен әліппе ұстатып, әріп танытқан ұстаздарымды пір тұтып, үлгі ететінмін. Сол кішкентайымнан қиялға беріліп, шәкірт тәрбиелеуді аңсадым. Мақсатсыз жан қанаты жоқ құспен тең дейді ғой. Сол арманымның орындалғанына биыл 33 жыл болыпты. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады»,- деген екен Жүсіп Баласағұни. Шәкірт оқытумен қатар өзімізде үйреніп, үздіксіз ізденіс үстінде жүреміз. Заман ағымына ілесіп, соны үлгідегі оқу бағдарламаларын меңгеруіміз шарт. Елдің жарқын болашағын қалайтын білімді де жігерлі ұрпақ өсіру үшін тәлім беру үрдісіне озық деген оқу құралдары мен жобалар ендіру қажет. Осы мақсатта 2018 жылы біліктілігімді «Педагог-зерттеуші» санатына дейін көтердім. Дәл сол жылы 8 сыныпқа арналған электронды әдістемелік құралды дайындап, лицензия алдым. Былтыр «Сөз таптарының қолданысы» тақырыбына қазақ тілінен 8 сыныпқа арналған таңдау курсын дайындап, лицензиялық жұмысымды қорғап шықтым. Биыл «Оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері» атты тақырыбында құрған еңбегіме халықаралық стандартты нөмір ISBN баспа анықтамасын алдым.Үш жыл ішінде қазақ тілді мұғалімдер арасында рейтинг қорытынды бойынша жоғары дәрежеге жетіп,Грамота мен ынталандыру сыйлығына ие болдым. Оқушының жеңісі, ұстазының жемісі. Еңбегімнің басты бағасы әрі сыншысы шәкірттерімнің жеткен жетістіктері деп білемін. Оқушыларым жыл сайын түрлі деңгейде қазақ тілі бойынша өтетін пәнаралық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлері атанып жүр.Атап өтсек,Пономарчук Полина,Попова Злата,Софьянова Нирейда.
Сабақта интерактивті тақта қолдану арқылы оқушылардың сабақты жақсы меңгеруіне, үнемделген уақыт оқушылардың өз бетінше білім алуына себеп болады. Өз бетінше білім алу –білім сапасын көтерудің бірден бір жолы екенін естен кетірмеу қажет. Мұғалімнің алдындағы мақсат оқушының оқуға ынтасын көтеру, қызығушылығын арттыру, бұл білім сапасын көтеру деген сөз. Сабақты құру негізі оқушылардың жұмысын ұйымдастыру. Бұл сабақтың маңызың және әдісін анықтайды. Сондықтан таңдалған әдіс сабақ барысының тиімділігін көрсетеді. Сабақ барысында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану кезінде оқушылардың жеке қабілеттерін, білім алу деңгейін тыс қалдырмау қажет. Қиын шығармашылық тапсырмаларды тек қабілеті жоғары оқушыларға беру керек. Шығармашылық деңгейі жоғары тапсырмаларды орта деңгейлі қабілеті бар оқушыларға беру олардың өзі-өзіне деген сенімін түсіріп, келе-келе сабаққа деген ынтасын жоғалтуының себебі болады. Оқушылар сабақ меңгеру барысында әртүрлі іс-әрекет жасайды: мұғалімді тыңдайды, оқулықты оқып, қосымша әдебиетпен жұмыс жасайды, зертханалық тапсырмаларды орындайды. Жоғарыда аталған әр іс-әрекет бөлек психикалық үрдіске жатады: жады, қабылдау, ойлау, ойша бейнелеу.
Қызығы мен шыжығы мол аса жауапты өмірлік қызметімдегі игілікті істердің бастауына келер болсам, ұстаздық жолым 1987 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Есперлі ауылында басталды. Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, сол елді мекеннің бастауыш сынып мұғалімі атандым. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасын алғашқы білім, өнер нәрімен сусындату ерекше шабыт берді. Сол сәттен Мұхтар Шаханов ағамыздың «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» – деп, айтқанын іс жүзінде ұғындым. Сол сара жолмен әліде жүріп, сүрлеумен ілгері басып келемін. Араға бірер жыл салып жұмысым сол аудандағы көршілес Суаткөл совхозындағы орта мектепте жалғасын тапты. Ал 1995 жылы Қостанай облысындағы Затобол кентінді қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып орналастым. 1999-2004 жылдары шаһардағы Ахмет Байтұрсынов атындағы университетті бітіріп, №2 Затобол орта мектебінде 2015 жылға дейін еңбек еттім. Сол жылдары аталмыш аудан мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің және шығармашылық топтың жетекшісі болдым. Қостанай қаласындағы №21 орта мектебінде директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып 2 жыл істедім. 2017 жылдан бастап осы күнге дейін Қостанай қаласындағы №3 мектеп–гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінде жүрмін. Бүгінгі алға қойған басты мақсатым қазақ тілін жоғары деңгейде меңгертуге негізделіп құрылған білім мазмұны арқылы мемлекеттік тілде өз ойын ауызша және жазбаша түрде жетік, түсінікті, дұрыс жеткізе алатын, түрлі өмірлік жағдаяттарда тілдік қатынасқа еркін түсе алатын дара тұлға тәрбиелеу. ҚР тұңғыш Пре¬зиденті,¬ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас» деп атап өтті. Мемлекет¬ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне ¬айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын.¬ Мемлекет көздеп отырған меже бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Менде осы бағытта жас ұрпаққа білім қанатын бітіріп, ұлттық рухтың дәнін еккен диқаншы ретінде өз үлесімді қосудан аянбаймын.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *