Тас дәуірі

Тас дәуірі – адамзат тарихындағы ең ұзақ мәдени-тарихи кезең. 3 кезеңге (ежелгі, орта, жаңа) бөлінеді. Шамамен б. з. б. 2,6 млн – б.з.б. 3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Тас дəуірі ескерткіштері Қазақстанның барлық аймақтарынан кездеседі. Аймақтар тарихының ертедегі кезеңін зерттеу, әдетте, сонау адамзат қоғамының қалыптасу тарихынан, яғни алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен басталады. Бұл кезде, яғни тас дәуірінде ертедегі адамдардың материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасуы мен алғашқы дамуы орын алған.

Мезолит[өңдеу]

Мезолит (ортатас дәуірі немесе палеолиттен неолитке өту кезеңі) – б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар.

Неолит[өңдеу]

Неолит (жаңа тас ғасыры) – б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар. Осындай археологиялық терминдермен қатар, сол дәуірлердің геологиялық атаулық белгілері бар. Палеолиттің барлық кезеңдері плейстоценге, ал мезолит пен неолит – голоценге жатады.

Ерекшелігі[өңдеу]

Тас дәуірі мен қола дәуірі арасында жатқан ерекше дәуір энеолит деп аталады. Бұл кезеңнің шекарасы немесе хронологиялық шектеуі әлі толық анықталмаған, дегенмен де ол шамамен- б.з.д. 3 – 2 мыңжылдықтар аралығында орын алады.

Ертедегі тас дәуірі[өңдеу]

Ертедегі тас дәуірі – адамның және оның шаруашылығының қалыптасуының бастапқы уақыты. Палеолит дәуірінде адамдардың қоғамдық ұйымдары өте күрделі және ұзақ даму жолынан өтті. Бастапқы кезеңде жабайы үйір пайда болды. Ол ерте ашельге сәйкес келеді. Осы кезеңде бірте-бірте жаңа әлеуметтік организмнің, яғни алғашқы қауымның пайда болуының алғышарттары қалыптаса бастады. Іс жүзінде алғашқы қауымның жетілген түрлері тек кейінгі палеолитте ғана қалыптасады. Ол, көптеген зерттеушілердің пікірінше, прогрессивтік дамудың алғашқы айқын нышандарының бірі болып, неандертальдықтардың қазіргі адам түріне айналу кезеңімен тұспа-тұс келді.

Мәдениеті[өңдеу]

Олдувайлық мәдениет[өңдеу]

Олдувайлық мәдениет – бұл “Homo habilis” деп аталған ертедегі адамның («епті адам») өмір сүрген уақыты. Олдувайлық кезең өзінің ұзақтығымен (шамамен 2 млн. жыл) палеолиттің басқа да кезеңдерінің бәрін қосқаннан да асып түседі.

Бұл кезде тас бұйымдардың негізгі бөлігін жаңқалар құраған, ал құралдардан сол кезең мәдениетіне сәйкес чопперлер мен чоппингтер болған. Ағылшын тілінде чоппер және чоппинг «шабатын құрал», «балта», «кесу механизмі» дегенді білдіреді. Чоппер – бұл тақыр тас кесінділерінен (өзен жұмыр тасы немесе домалақ тастар), немесе жуан тастың жаңқасынан жасалған, кесетін жағы дөңес немесе жазық, тек бір беті (жағы) ғана өңделген, дөрекілеу келген кескіш сайман. Чоппинг те соған ұқсас, бірақ екі беті де өңделген дөрекі құрал. Жаңқалар деп негізінен тастарды өңдегенде алынатын қалдық түрлерін айтады, бірақ еңбек және аңшылық құралдары және кесуші тас бұйымдар солардан жасалады деу қате болады. Дайын бұйымдарды жасау үшін тасты қашауға шой балға пайдаланылды.

Олдувай дәуірінде адамдар әлі отты қолдануды білмеді.

Ашельдік мәдениет[өңдеу]

Ашельдік мәдениет 3 кезеңге бөлінеді: ерте, орта және соңғы ашель. Ерте ашельдік тұрақтарда, олдувайлық ескерткіштер сияқты, чопперлер, чоппингтер т.б. кездесіп отырған. Бірақ бұл жерде жаңа, өзгеше құрал – қол шапқышы пайда бола бастаған.

Палеолит жайлы әдебиеттерде «қол шапқыш» терминінің орнына екі беті де өңделген құралды білдіретін «бифас» термині жиі қолданылып жүр. Бірақ «бифас» термині «қол шапқыштан» гөрі кеңірек ұғым. Олар орта, кейінгі ашельге және мустьеге тән және сонда кездеседі, сонымен қатар, шабуға емес, кесуге, қырқуға арналған және сүңгінің ұштығы есебінде қолданылады. Одан басқа осы кездері тас бұйымдарды шабатын құрал – кливер пайда болады. Шапқыш сияқты, ол да екі жағынан да қашалған құралға, яғни бифасқа жатады. Палеолит туралы әдебиеттерде кливерлерді кейде көлденең жүзді шапқыш, кескіш деп те атаған.

Дегенмен, ерте ашельдің тас артефактарының негізгі бөлігін әртүрлі кескіш, қырғыш, тескіш т.б. құралдар бола алатын жаңқалар құрады. Бұл кезеңнің адамдары аңшылықпен, терімшілікпен айналысты. Балық аулау мен теңіз моллюскаларын жинаумен де айналысу тәжірибесі жинақталды, енді от та таныс бола бастады. Ерте ашельдің жасы 700-300 мың жыл.

Орта және соңғы ашель[өңдеу]

Орта және соңғы ашелдегі (б.з.д. 300-150 мың ж.) тас жинақтарда алдыңғы дәуірдегі барлық еңбек және аңшылық құралдар сақталды, бірақ оларды жасаудың жаңа прогрестік белгілері пайда бола бастады. Бұл алдымен жіңішкере бастаған шапқыштардан білініп тұрды. Анығырақ техникалық прогресс әсіресе, леваллуалық тас өңдеу техникасында және леваллуалық нуклеус, жаңқалар және пластинкаларда байқалып отырды. Леваллуалық техниканың мағынасы неде? Бұл кезде кейін құралдарға айналатын жаңқалар мен пластиналарды сындырып алуды бастамас бұрын, әуелі нуклеустарды барлық жағынан алдын-ала мұқият қашап алатын болды. Бұл техниканың негізгі өзгешелігі осында еді.

Ертедегі палеолит үшін леваллуа техникасының таралуы ірі техникалық төңкеріс болды. Орта және соңғы ашель тас жинақтарында өткен дәуірде-ақ пайда болған майда құралдар – қырғыш, жонғыш, бұрғы т.б. болды. Бұл кезеңнің ескерткіштерінде тас шоқпарлар, найзалар т.б. кездеседі.

Соңғы ашель дәуірі көптеген зерттеушілер орта палеолит деп белгілеген мустьемен ауысты. Қазақстан үшін мустье 150-120 – 40-35 мың жылдар аралығында өтті. Ашельдің соңында және мустьелік дәуірге көшкенде адамның физикалық құрылысында түбірлі өзгерістер болған деп есептеледі. Осы кезде ежелгі “Ноmo erеktus” (“тiк жүретін адам”) архантроптары палеоантроптарға айналған. Бұл – ғылымда белгілі мустьелік неандарталь адамдарының уақыты.

Ашельден мустьеге ауысар кезінде адамдардың құрылысында ғана емес, оның тас өңдеу техникасында, өмір сүру жағдайында, шаруашылығында да өзгерістер болған. Леваллуалық техника тас бұйымдарды жасау барысында басым бола бастады. Ұзақ уақыттар бойы мустьелік дәуірде тас құралдарының тек қана үш түрі – мустьелік үшкір ұшты құрал, мустьелік қырғыш және соңғы ашельдік түрдегі екі беті де өңделген кішкене шаппа болды деп жалпы мойындалып келді. Бірақ ғалымдардың көп жылдар бойғы зерттеулері мустьеде бірнеше ондаған түрлі бұйымдардың болғанын дәлелдейді, олардың ішінде негізгілерінен ойықты және тісті құралдар, қырғыш, кескіш, жарықшық және басқалары бар.

Алғашқы аң аулау шаруашылығы мустьеде жоғары деңгейге жете бастады, оның терімшілікке қарағандағы маңызы анағұрлым артты. Аң аулау шаруашылығындағы прогресті тұрақтарда табылған жануарлардың сүйектерінің көптігінен көруге болады. Сонымен қатар, осы кезде құс және балық аулау кәсіптерінен де тәжірибе жинақталды.

Мустьелік дәуірде мекендеу сипаты да өзгерді. Адамдар бұрынғыдай өздерінің қоныстарын ашық аспан астында, өзен бойында жайғастыруды жалғастыра отырып, сонымен қатар, жиірек жартас астына, үңгірге қарай ауыса бастады.

Соңғы палеолит[өңдеу]

Соңғы палеолит (40-35 мың жыл – б.з.д. 10-мыңжылдық). Бұл адамның жер шарындағы климаттық аймақтарда кеңінен орналасу және нәсілдердің, нәсіл топтарының қалыптасу уақыты болды.

Ойлауға қабілетті адамның пайда болуы мен соңғы палеолит дәуіріндегі адам қоғамының материалдық және рухани мәдениетінің әрі қарай дамуы арасында тура байланыстың болуы әбден мүмкін. Бұл құбылыс қоғамдық қарым-қатынастың ілгері дамуымен, рулық қоғам қалыптасу үдерісімен, адамдар ұжымындағы қоғамдық ұйымның алғашқы айрықша формасы – рулықтың (алғашқы туыстық рудың) пайда болуымен тығыз байланысты. Туыстық ұйым барлық жерде аналық жүйелі және аналық тарапты болған, ал әйел қоғамда жоғары орында тұрған деп пайымдалады. Осылайша аналық ру, өзара қандық туыстық байланыспен және анасы бойынша есептелетін туыстық арқылы бірігетін адамдардың экзогамдық тобын құрды. Әйелдердің қоғамдық өмірдегі жоғарғы жағдайы отбасындағы қауымдық шаруашылықтың ерекшеліктерінен, әйелдердің ұрпақ жалғастыратын рөлінен келіп шыққан еді.

Ертедегі адамдардың идеологиялық танымдарындағы ошақтың ұйтқысы, оның басшысы ғана емес, берекелі сақтаушысы да болған әйелдерге табыну ғұрпы кездейсоқ құбылыс емес.

Соңғы палеолит дәуіріндегі адамдардың дүние танымы күрделілене бастады. Осы кезде жануарлардың бейне-сипатын меңгеру арқылы оларға билік ету сенімі арқылы шыққан аңшылық магия кең тарала бастады. Осы ғұрыптың, яғни аңшылық магиясының әмбебаптық құралы ретінде сол кезде алғашқы қауымдық өнер пайда болған деп пайымдалады. Оның басты тақырыбы әртүрлі жануарларды бейнелеу, ою-өрнек және мүсіндеу (скульптура) болған. Алғашқы өнердің туындыларының ішінде қасиетті жердің, ананың берекелілігі мен кұнарлылығын бейнелейтін сүйектен немесе жұмсақ тастан ойылған әйелдер мүсіндері тарайды.

Жер бетінде өмір сүрудің жалғасы ретіндегі жанның және адамның өлгеннен кейінгі өмірі туралы түсінік дами келе күрделі дәстүрлік рәсімдердің пайда болуына әкелді. Өлген адамның денесіне қызыл минерал бояу себілді, оның кеудесіне тесілген ұлу қабыршақтары мен жыртқыштың тістерінен жасалған әшекейлер тағылды, ақтарына мамонттың азуынан жасалған білезіктер кигізді, киімдерін моншақ тізбектерімен кестеледі. Адамды жерлегенде шақпақ тас пен сүйектен жасалған бұйымдарды оның жанына қоса салатын болды.

Мезолит[өңдеу]

Мезолит (орта тас ғасыры немесе палеолиттен неолитке өту кезеңі) пышақ пішінді пластинкаларды, оның ішінде микропластинкаларды бөлу техникасының өте жоғары дамуымен ерекшеленеді. Осы кезеңде пышақ пішінді пластинкадан құралдар жасау өте кең таралды.

Құралдар[өңдеу]

Әртүрлі микролиттерді дайындау, оның ішінде геометриялық бейнелі құралдар – сегменттер, трапециялар, үшбұрыштар, тікбұрыштар, параллелограммдар өндірісі кеңінен дами бастайды. Микролиттер дайындауда қолданылатын микроқиятын техника дамиды. Балта, шот балта, қашау сияқты кесу құралдарын, макролиттік арнаулы құралдар – кетпен, қайла жасау кең таралады.

Кейбір мезолиттік мәдениеттерде тас қаруларды тегістеу техникасы, бұрғылау мен аралау техникалары пайда болады.

Палеолитпен салыстырғанда түрлі сүйек индустриясы қалыптасады. Мезолиттік уақыттың тұрақтарында әртүрлі сүйек және мүйізден жасалған гарпундар, садақтар мен сүнгілердің ұштары, пышақтар, қанжарлар, балта мен шот және оларға муфталар, т.б. көптеп кездеседі. Осы құралдардың кейбір түрлері мезолитте ғана жасалынған.

Өнердің сипаттарында да өзгерістер болды. Соңғы палеолитке тән жартастарға жазу біршама азайды. Өнерде шартты-тұспалды сипаттағы бағыт ұлғаяды. Геометриялық оюлар кеңінен таралады. Оюдың негізгі элементтері түрлі сызықтар, нүктелер, штрихтер, “шыршалар”, иректер, торлар, т.б. болды. Оюды жүргізуде көбіне ойып түсіру және бұрғылау техникасы пайдаланылды. Зооморфты және антропоморфты бейнелерден тұратын ұсақ пластика кеңінен таралды.

Соңғы палеолитпен салыстырғанда қоныстану түрақтары да өзгеріп отырған. Көптеген мезолиттік қоныстар көбіне кедей бұйымдарымен, жұқа мәдени қабатымен ерекшеленетін уақытша, маусымдық тұрақтарда тұрды. Ірі қоныстар өте аз кездеседі. Қазба кезінде табылған үйлер қалдығы әдетте қарапайым күрке тәріздес құрылыс болып келеді, ал соңғы палеолитке тән жертөле немесе жартылай жертөлелер тек солтүстіктегі суық аймақтарда кездеседі.

Мәдениеті[өңдеу]

Мезолиттік материалды мәдениеттің айырықшылықтары осындай болды. Ол кейбір палеолиттік техникалық жөне технологиялық әдістердің одан әрі дамуымен және өзгеруімен, сондай-ақ, мезолитте пайда болған жаңа құралдар түрлерін жасау әдістерінің таралуымен сипатталады.

Экономиканың негізі болып аңшылық қала береді (бұнда өткен уақытпен екі арадағы үлкен сабақтастық жатқаны күмәнсіз). Бірақ, оның сипаты тез өзгеріп отырады, өйткені соңғы палеолитпен салыстырғанда адамның өзінің қоршаған ортаға бейімделу әдісі де өзгереді. Соңғы палеолиттегі орын алған ірі жаңалық – садақ – мезолитте негізгі аңшылық қару ретінде толығымен қалыптасады. Соңғы палеолитте мүлдем белгісіз болған сыналы құралдар дамиды, олардың түр-түрі тарайды. Мезолиттегі аң аулау нысандары мезолит мәдениетінде өмір сүріп жатқан түрғындардың орналасуына қарай, яғни нақты экологиялық ортаға байланысты қалыптасады. Палеолиттегі кең таралған тәсіл – аңды қамап ұстау сақталады, бірақ оның тек эпизодтық формасы ғана қалады. Аңшылықтың соңғы мезолитте құс аулау сияқты жаңа арнайы формасы пайда болды. Мұндай түрлі аңшылық шаруашылығының дамуы палеолит адамдарына таныс емес еді. Бұл кезеңде өндірмейтін, яғни өнімді тек табиғаттан алатын шаруашылық барынша өрістеген еді. Неолиттік экономикаға тән артық өнім жинау деңгейінің алғы шарттары осы кезде-ақ пайда болады.

Сол мезолит кезінде балық аулау тура мақсатты түрде қалыптасады, оны қайық, түрлі ауларды жасау сияқты маңызды жаңалықтардың пайда болғаны дәлелдейді. Мезолит кезінде жануарларды үйге үйретудің кейбір формалары өріс ала бастауы мүмкін, өйткені ол кезде үй иттерінің таралғаны белгілі.

Сөйтіп, экономикалық тұрғыдан да мезолиттің соңғы палеолиттен аң аулау әдістері, оның түрлері, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуы арқылы анық байқалатын көп айырмашылықтары бар.

Неолит[өңдеу]

Неолит кезеңінің басталуы б.з.д. 7-мыңжылдықтың екінші жартысына және 6-мыңжылдықтың басына сәйкес келеді. Бұл – тас өңдеу техникасының гүлденген кезі. Еңбек құралдарын өндірудегі орасан зор мамандандыру өтіп жатты. Сығып өңдеу техникасын жетілдірумен қатар, тасты өңдеудің жаңа технологиялық әдістері толығынан қалыптасты: жалтыратып өңдеу, бұрғылау және аралау. Тас балталар, шоттар, дәнүккіштер, келі, келсаптар жасала бастады. Нефриттен, яшмадан, серпентиниттен және де тастың басқа да түрлерінен көптеген әшекейлер – білезік, алкалар дайындау өрбіді.

Шаруашылығы[өңдеу]

Неолит кезеңінің ең маңызды белгілерінің бірі – ол табиғаттағы дайын өнімді алу шаруашылығын ауыстырған малшылық пен егіншіліктің пайда болуы еді. Шаруашылықтың осы жаңа түрлерінің пайда болуының адамдар қоғамының дамуында орасан зор маңызы болды, адамның еңбек ету аясын кеңейтті және де оның мінезін сапалы түрде өзгертті.

Адамның мың жылдаған экономикалық даму тарихы ең алдымен осы екі шаруашылықты жетілдіру тарихымен тығыз байланыста болғаны айқын.

Неолит кезеңіндегі тұрғындардың қол жеткізген даму деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың пайда болуына себепші болды. Осы кезде тау-кен ісі алғашқы бастау алады. Қыш құмыра жасау, тоқымашылық дамиды. Неолит кезеңінің әлеуметтік жағдайында рулық қоғам өмір сүрді, онда ұжымдық еңбек және өндіріс құралдарына жалпы меншік билік етті. Сонымен бірге бұл кезеңде қоғамдық ұйымдастыру формаларының жоғары дамуы орын алды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас туыстар біріккен, шаруашылықтары да біріңғай сипатты бірнеше рулық қоғамдардан, яғни рулықтардан тұрды.

Мәдениеті[өңдеу]

Осы неолит дәуірінде болашақтағы жаңа деңгейдегі мәдениеттің, яғни дамыған қола дәуірі қоғамының бастапқы алғы шарттары немесе негіздері құрылды.

Әдебиетте ежелгі тайпалар шаруашылығындағы осы кезеңдегі түбірлі өзгеріс «неолиттік революция» деген атақ алды. Азық өндіруге көшу, жеуге келетін өсімдіктерді, әсіресе астық тұқымдастарды саналы түрде өсіру, малдарды үйрету, өсіру және сұрыптау адамдардың отты меңгергеннен кейінгі тарихындағы ұлы экономикалық революция болып табылды. Ол адамның өзінің қол астындағы азықтың сенімді және бай көздерін пайдалануына керемет мүмкіндіктерді бере отырып, оның тарапынан тек күш салуды ғана талап ететін мүмкіндікті ашты.

Неолиттік тайпалардың бұл дәуірдегі түрлі мәдени ареалдарында даму деңгейлері біркелкі болған жоқ. Далалық аймақтарда айтарлықтай өзгеріс бола қоймады, мұнда бұрынғыдай аңшылық және балық аулау тіршіліктің негізгі көзі болып қала берді. Ауа райының континенталдылығы халықтың өсуіне жағдай туғыза алмады, және де мұндағы табиғи қорлар (тамақтың «дайын көздері») халықтың қажетін өтеуге толық жетіп отырды.

Тұрақтар[өңдеу]

Неолитте Қазақстан аумағында бұлақтық тұрактар кең тараған, өйткені оның қуаңдалалы аймақтарында ірі өзендер желісі аз. Бұлақтардағы тұрақтар уақытша, маусымды сипатта болады. Қуаңдалалық Қазақстандағы неолиттік ескерткіштердің ерекшеліктерінің бірі – ашық түрдегі тұрақтардың көп болуы.

Барлық тұрақтардан жергілікті материалдан жасалған тас құралдар табылған: садақ пен найзаның ұштары, балта, қашау, пышақ, қырғыш. Белгілі бір құралды жасағанда тас жыныстарын бөліл іріктеу орын алған. Шикізаттың әр түрлілігі оларды өңдегенде және жетілдіргенде әр түрлі техникалық әдістерді дамытуға әсерін тигізген. Қазақстандағы неолиттік ескерткіштер бірнеше аумақтық топқа бөлінеді, ол мәдениеті жағынан бір-біріне жақын туыстас тайпалардың өмір сүру аудандарына сәйкес болуы мүмкін.[1]

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *