Әл-Фараби және Абай үндестігі – Ұлы даланың тұтастығы
…Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де.
Қалам тартқан қазақтың бәрі ақын,
Абай бірақ қайтадан тіріле ме…
М. Мақатаев
Қазақ жері- бізге адуынды ақынды, қайсар мінез батырды, уыт тілді шешендерді, әрі есімі әлемге мәшһүр ата-бабамызды, олардың еңбектерін бізге сый қылып тарту еткен киелі мекен. Топырағы тозбаған, ғылымы тоналмаған ұлы даламызбен, көкірек көрсетіп мақтанбау , әсте, ұят шығар. Қазақ жерінде, қазақ-араб мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, атақты ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби өмір сүргендігі күллі қазақ халқына мәлім. Әл-Фарабидің сарынымен жолы тоғысқан,халықтың көзі пайдасыз пақырмен байланған тұста, қалың елдің санасын оятуға жол нұсқаған Абай Құнанбайұлы да, қазақтың алтын бесігінің перзенті. Ендеше, “дана мен дараны” тарту еткен Қазақстан, біз өзіңе мәңгі бақи борыштармыз!
Шығыстың ғұлама-ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы қазіргі таңда Отырар аталатын, Сыр сағасындағы Фараби қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби еңбектері күні бүгінге дейін өз мағынасын жоғалта қоймады. Қоғамның ілгері дамуында, саяси көзқарастарда маңыздылығы аса зор.
Абай Құнанбайұлы 23 тамызда 1845 жылы Семей обылысы, Шыңғыстау баурайында өмір есігін ашқан. Абай 13 жасынан бастап, ел билеу ісімен айналыса бастаған. Ал, алғашқы өлеңін 10 жасында « Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деп бастаған екен. Ақынның қағазға өлең құюы, кейіннен ұстаздық қызметке жетелеген.
Әл-Фараби мен Абайдың шығармашылығы параллель сызықтардай емес, біріккен ұзақ үндестіктей. Екі ғұламаның туындылары Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда ойып тұрып орын алары сөзсіз. Ойшылдардың өмір сүру аралығын ширек ғасырлар қамтысада, шығармашылық ойлары бір-бірімен тұтасып жатыр. Әл-Фараби мен Абайдың бір адамдай еңбек сіңірген салалары: шығыс әдебиеті, қазақ-араб мәдениеті, қиссалар мен трактаттар, философия және дінтану. Заманнан озық туған тұлғалар , біртұтас ұлы даланың үндестігіне айналды.
Қорыта келе , құдайдан басқасына бас ұрмаған ойшылдарымыздың, тәуелсіз елде, мерейтойы аталып өткізілуі көңіл қуантады. Яки, 2020 жылдың 29 қаңтарында ЮНЕСКО-ның қолдауымен, Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының салтанатты түрде бастау алуы, әрі Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның шешімімен Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойының тойлануы, әрі күнтізбелік мерекеге енуі, жүректі жадыратар жағымды жаңалықтар болды. Ғылым жолында тер төккен ғалымдарымыздың мерекелік шараларын,назардан тыс қалдырмай тойлап тұрсақ, өскелең ұрпақтыңда білімге құлшынысы артпақ керек.
Сөз соңында:
-Алашым, сан ғасырға шырақ жаққан ғұламаларымыздың мерейтойы ғұмырлы болғай!
Сайын Айдархан Муслимұлы
Пайдаланылған дереккөздер:
https://kk.wikipedia.org/wiki/Әбу_Насыр_Әл-Фараби
https://kk.wikipedia.org/wiki/Абай_Құнанбайұлы