Оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың рөлі

«Оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың рөлі»

Айтбаева Айнур Кумисбековна
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімі
№1 жалпы білім беретін мектебі

Аннотация. Баяндамада оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың пайдасы, жеке тұлға болып қалыптасу үшін қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану қажеттілігі, кітап оқуға қызықтыру туралы айтылады.

Түйін сөздер: Жақсы кітап-жан азығы, Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей, Кітап — ақылды қуаттандыратын құрал.

Т.А.Ә. Айтбаева Айнур Кумисбековна

«Оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың рөлі»

Қазақстанның бірінші жаңғыруы бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын.
Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда — Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда.
Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «-Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз.»-нақтылап көрсеткен еді. Оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың рөлі ерекше. Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың туының тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де осы кітапханадан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі — осы кітаптар. Рухани білім мен мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «кітап» деген құдіреттен тапты. Оқушыларға кітап оқудың ықпалы зор. Заманалар толқынында тербеліп, өзінің қымбат қазынасын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп келе жатқан кітаптың адамның рухани азығы екені даусыз. Кітап оқи отырып ондағы әлемге саяхаттап, таным-түсінігіңді арттырасың. Тіпті, көркем әдебиетті оқи отырып, адам тануды үйренесің. Бәрінен бұрын, кітап адамшылыққа үйретеді. Ақылыңа ақыл қосар кітаптың руханиятыңды гүлдендіріп, көкірегіңе нұр шашатыны анық екен. Кітапқа құмар жан кез-келген тақырыпта еркін сөйлесіп, танымыңды арттырып, көкейіңе білім сәулесін түсіретіндей. Онымен жарқын сөйлесе отырып қаншама мағұлмат алып, құнды пікірлермен бөлісіп, ой алмасасың. Жақсы кітап адамды тек жақсылыққа баулып, дүниеге көзқарасын кеңейтеді. Сондықтан оны адамның жанашыры, жақын досы демей ме? Осы кітап туралы ойларын білмек болып оқушыларыма эссе жазуды тапсырған болатынмын. Мына бір оқушымның жазған эссесіне көз салсақ:
«Мені өзінің керемет балалар әлеміне әкелген Бердібек атамыздың «Балалық шаққа саяхаты» еді. Ұстазымның кезекті тапсырмасы осы туынды бойынша буктрейлер жасау еді. Шығарманы толық оқып шығуға кірістім. Бердібек Соқпақбаев –жас оқырмандарының жанын жақсылыққа қайрай білген жалынды жазушы болса, балалық шақтың балауса күндерін көз алдыңа әкелер тұғыры биік туынды – «Балалық шаққа саяхат» деген болар едім.Шығарманың басты кейіпкері, авторы –. Бердібек Соқпақбаев есінде қалған естеліктерден сыр шертеді. Қызығы мен қуанышы, қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Апасының мойнына асылып жүрген кездері. Жалаң аяқ ауылдың ыстық топырағын басып, қара кешке дейін еш нәрсе сезбей ойнаған күндері. Балалық махаббаты… Текестің суы… Бердібектің барлық сыры мен жырына куә болған осы Текестің суы еді. Беркен деп еркелеткен анасынан айырылып қалғаны Бердібекке өте ауыр соққы болады. Тағы қиындық… Тағы уайым… Автор жетімдіктің ащы дәмін татқаннан соң келер ұрпаққа мынадай ақыл-кеңес айтады: «Балалар, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар. Ұр. Соқ. Төбелес. Тіпті, етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аямаған аяусыз жазалаған бейшараның адамшылдық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!» Осы сөздердің өзі сол сәтте құрбыларымның бойына ерекше бір аяушылдық сезім әкелгендей… Балалардың бал мінезін ішкі дүниесі мен жақсы сезіне білген жазушы шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық – оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайсың. Кітаптың әр парағын парақтап танысқан сайын автордың балалық әлеміне сапар шеккендей боласың. Қорыта келе айтарым, құндылығы арта түскен шығарманың буктрейлері құрдастарыма да қанат бітіргендей». Эссені оқи отырып оқушымның кітапты оқып, өзінің ой-тұжырымын еркін, ашық, әдемі тіркестермен бергеніне қуандым. Эссе жаздыру арқылы оқушымның кітап оқуға деген құмарлығын арттырудың бір әдісі екенін түсіндім.
Оқушыларының көркем шығарманы қабылдау мүмкіндіктері әртүрлі. Сондықтан балаларға жас және жеке ерекшеліктеріне қарай оқу материалдарын жеткізудің сан алуан тәсілдері қолдану қажет: оқушылардың өз таңдаулары бойынша кітап оқу, кітапты талқылау, жарнамалау, бірігіп оқу, оқушылардың әрқайсысының өзінің ұнаған жерлерін оқыту, оқыған шығармаларды рөлдерге бөліп оқу, сурет салу т.б. Оқушыларды іс- шараларға қатыстырып, көркем туындының әсерлі жерінен үзінді қою арқылы бала бойында табиғатты қорғау, жаманшылық жасамау, мейірімділік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты сезімдерін ояту арқылы жақсы қасиеттерін қалыптастыруға болады. Осындай қасиеттерді оқушылардың бойында көру, қазіргі заманғы оқушыларды қандай кітаптар қызықтыруы мүмкіндігі, кітап оқуға қызықтыру, мақсатында мектеп кітапханашысымен бірлесе «Оқырмандар сұранысы» атты сауалнама алынды. Мектептегі 223 оқушы қатысты. Жауап нәтижелері 30% ертегі, 20% қиял-ғажайып, 20% әңгімелер, 10% шетел әдебиетін оқығысы келетіндігі, 10 % ғаламтордан керек мәліметті алатындығы, 10% уақыты жоқтығынан кітап оқымайтындығымен байланыстырған. Осы мәліметке сүйене отырып көп оқылатын көркем әдебиеттерден кітап көрмесін ұйымдастырып, кітаптың қызықты жерін оқып, библиографиялық шолу жасалды. «Сыйлыққа кітап» акциялары өткізілді. Бастауыш сыныптарда кітаптың шығу тарихы туралы сынып сағаттары, оқылған ертегілер кітаптарынан алған білімдерін байқау мақсатында топтық жарыстар, 5-7 сыныптарда оқылған кітаптар желісі бойынша рөлдік-ойындар, театрландырылған байқаулар ұйымдастырылды. Мәселен, 7 «Б» сынып оқушыларымен «Кітап әлеміне саяхат» атты оқырмандар конференциясы өтті. Сабақта М.Мағауин «Бір атаның балалары» шығармасы, Ғ.Мүсіреповтың «Адамның анасы» еңбегі, С.Сматаевтың «Елім-ай» кітабы, М.Шахановтың, Ш.Айтматовтың, Қ.Аманжоловтың кітаптарындағы күрделі шығармаларына тоқталды. Әр оқушы М.Әуезовтың «Жетім» әңгімесі, С.Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасын оқып, дайындалған, бір-біріне сұрақ қойып, сабақта жазушылардың шығармаларының мазмұны, идеясы, ерекше айтылды.Оқушыларға кітаптан үзінділер беріліп, қай кітаптың, қай шығармадағы үзінділер екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ақын-жазушылардың қай өңірден шыққандығы туралы Қазақстан Республикасының картасынан тауып, жапсырып, жұмыс жасалды.М.Мағауин Семей өңірінен, Ғ.Мүсірепов Солтүстік Қазақстан облысынан, М.Шаханов Оңтүстік Қазақстан облысынан, М.Әуезов Шығыс Қазақстан облысынан шыққандығы туралы оқушылар тағы білімдерін кеңейтті. «Үздік кітап оқитын сынып», «Үздік оқырман» байқаулары, 8-11 сынып оқушыларымен зияткерлік ойындар, мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді. Кітап шығармаларындағы оқиғаны қазіргі заманмен салыстыру арқылы, оқушылар жақсыға үйренуді, жаманнан жиренуді үйреніп, ойлау өрісі артады, өз ойын қысылмай еркін жеткізеді, табандылық, тапқырлық қасиеттерді қалыптастырады. Жақсы кітап-жан азығы, Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей, Кітап — ақылды қуаттандыратын құрал келешек дегендей, ұрпақ кітап оқудан тыс қалмау керек. Әрине, оқушылардың көңілін аударатын ақпарат жүйелері: теледидар, ғаламтор, компьютер жеткілікті. Бұлардың адам өміріне қажеттілігі орасан зор екені сөзсіз. Осы ақпарат жүйелерімен бірге балаларды кітап оқуға да жастайынан баулысақ ұтылмаймыз. Жалпы, кітап баланың ой-өрісін жетілдіріп, білімін арттырады, кітап оқуға үйретуде оқушы сауаттанады, сөз қоры ұлғаяды, ойын еркін жеткізе алады. Сөйлегенде мәдени, әдеби тілде көптеген сөздердің баламасын тауып айтып, өз ойы бойынша мазмұндап айта алады. Көркем әдебиетті үнемі оқитын оқушылар суреттер бойынша сөйлегенде шешендік қабілеттерін де көрсете біледі сөз таңдай алады. Мәселен, оқушылар қолындағы көркем әдебиеттен, ел сөзін сөйлеген, талай жазушының тарихи, әдеби-көркем және публицистикалық шығармаларын жолдаған қаламгерлермен бірге өсіп, біте қайнасып, ел – жұртының да өмірінен көп нәрсені білер еді. Ұлы дария бұлақтан басталатыны сияқты, тарихы өмірінің әуелгі соны соқпағын, ұланғайыр дүниенің ұзақ жолын көркем әдебиеттен оқып, біледі. Жазушының ұрпақтан-ұрпаққа ұласар, аса ғибратты әдеби еңбектері жайында, ұлағатты ұстаздар мен замандас, қаламдастардан қалған, арнау сөз, толымды толғаныстар, ақынның жырлары, өзінше бір өрнекті дүние, оқыған оқушыға өзгеше әсер етері сөзсіз. Жарыққа жолдама алған, оқушының қолына жеткен әрбір көркем әдеби кітап өрелі өмірдің сыры мен жырын жырлаған, өшпес белгі ретінде жүрегіне, санасына әсер беретіні сөзсіз. Оқушылар көркем әдебиетті оқи отыра, халқы үшін белі қайыса еңбек еткен, бойындағы туа бітті дарыны мен қабілет – қарымын, сарқа жұмсаған кешегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы да қызыға оқиды, көп мағлұмат алады. Қайраткер азаматтардың тұрлаулы істері мен толғаулы ойлары, мағыналы өмір жолы ұрпаққа үлгі боларлық өсиетін оқып, үйренеді. Мысалы, Жуалының Мыңбұлағында дүние есігін ашын, Алатаудың баурайында еселі еңбек еткен, халық қалаулысы ретінде жас мемлекетіміздің өркендеуіне елеулі еңбек қосқан, қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, қара нары, шындықтың шырақшысы – Шерхан Мұртазаевтың «Қара Маржан», «Ай мен Айша», «Қызыл Жебе», «41 жылғы келіншек», «Мылтықсыз майдан» роман, повестерін оқыған оқушы бекзат болмысы биік, кісілік келбеті жұрт алдында ұятқа қалмайтын, саналы азамат ретінде өзінен-өзі тәрбиеленетіні сөзсіз. Сол сияқты талай қазақ қаламгерінің қолынан шыққан, жүрегінен шығып оқырманның жүрегіне жеткен көркем әдебиет, тарихи мұралар, қазақ ұлттық әдебиетінің алтын қорынан іздеп жүріп оқу керек екендігі, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру – дәуір ақиқаты.
Белгілі жазушы Пернебай Дүйсембин: «Жас кезімізде кітап пен газет-журналға құмар едік. «Жақсы кітап-жан азығы» дегендей, сол кездің адамдарында жақсы қасиет бар еді. Бір қызық кітап шықты десе, соны іздеп, кітапханаға түссе ерінбей тізімге жазылып, қолдан-қолға тигізбей оқитын. Тіпті ауылдың сиырын, қойын кезекпен баққанда да қолымыздан «Жұлдыз», «Жалын» журналдары түспейтін. Оқыла-оқыла мұқабасы сарғайған кітаптар мен журналдарды қолға ұстау таңсық емес еді.»,-дейді.П.Дүйсембин елімізге белгілі балалар жазушысы. Қаламгердің атын аспандатып, даңқын шығарған, балалар жайлы жазған дүниелері, қазақ прозасындағы балаларға арналған шығармалар қорына өзгеше құбылыс болып енген дүние. Оқушыларға осындай жазушылардың шығармаларын оқыту арқылы әдебиетке деген ерекше сүйіспеншілігін, көкірегінің көзін ашар еді. Оқушылар көркем әдебиетті оқи отыра терең бойлап, оның алуан қыры мен сырын түсінуге, құдіретін өзгенің жүрегіне жеткізуге, көркем әдебиеттің өзіне әсер ету арқылы көп дүниеге көзін ашып, суреткерлік мұратын айқындап, жазушыға ұқсағысы келетінін байқайсың. Оқушыны өз бетімен кітап оқуға үйрету, оны қалыптастыру оқушыны өмірге дайындаудың негізі болып табылады. Рухани байлық кітап оқу арқылы молаяды. Кітап оқитын бала бүгін – табысты оқушы, ал ертең – қалыптасқан тұлға! Оқушыларға білім беру мен тәрбиелеудегі кітаптың рөлі ерекше деп айтар едім!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы
2. Бастауыш мектепте оқыту, №3. 2010ж.
3. Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар, №4. 2010ж.
4. «Мерейлі Мерке»/ ҚАЗақпарат Алматы 2001ж.
5. «Халық перзенті» Т.Қаупынбаев «Өнер» баспасы. 2002 ж.
6. «Нұржаудың нұрлы түндері» Е.Тұрысов/ ҚАЗақпарат Алматы 2001ж.
7. «Балалар әлемінің бағбаны» Ақ жол/Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газеті/13 қазан, 2018ж. №119
8. http://iac.kz/kk/publishing/kitap-okityn-balalar-tabysty-okushylar

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *