Балабақша – бақыт баспалдағы

Бала дүниеге шыр етіп келгеннен кейін, өз отбасымен, өз елімен қауышып, бесіктен түлейді. Бір жасқа толып, аяғын апыл-тапыл басқаннан кейін өзінің жеке – дара бесігінен, «Балабақша» деген үлкен бесік тәрбиесіне беріледі. Бұл бесіктің қақпасы – әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриотттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Балабақша – болашаққа қадам басатын алғашқы саты, баспалдақ, бақыт баспалдағы! Бірақ неге? Неге балабақша? Неге мектеп емес? Себебі, балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақша баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында ерекше орын алатын сатысы. Бұл бақшада балаға қажетті сетінемейтін махаббат жібі бар. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан – жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелеу қадамдары осында орын алады. Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те бақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Сонымен қатар бала өзімен жасты бүлдіршіндердің, мейірімін төккен тәрбиешілердің арасында өзін бақытты сезінеді. Біздің міндетіміз де, мақсатымыз да осы. Бар білімімізді, асыл қасиеттерімізді періште бөбектерге арнай берсек, олардың жүрегіне жол тауып, өзіндік мәні бар дәрежеге жеткізсек, Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесек міне, біздің балабақшамыздың нағыз мейірім алаңына айналғаны. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, алдымызға келген әр бір бүлдіршінге балабақшадан бастап дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұлт-жандылыққа тәрбиелейік. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *