Жапырағын жайған бәйтерек

 

Жазғы демалыста туған жерге барып ,өзің өскен өлкенің ыстықтығын, қырда сағымдай бұлдыраған  балалықтың ,алғаш әліппе ұстатқан  аяулы мектебіңнің,жастық жалынымен жүрген көшелеріңнің  соншалықты қымбаттығын сезіну,сағыну қандай бақыт!                                                                         Осы жазда  мен де түтіні әркез түзу шыққан туған ауылымда болдым.Ата-анамның мейіріне бөленіп ,күндерімнің қалай зулап өткенін де білмей қалдым.Кетерімде   әкемнің заттарын жинап жатып  қолыма  әбден сарғайып кеткен бір қағаз ілікті.Бұл- талай жүрекке жара салған ,аруға жарын ,анаға баласын ,балаға әкесін іздеткен,сағындырған сұм соғыстан келген қара қағаз екен.

     Әкемнің айтуы бойынша атам Сарман  інісі Өмірбаймен бірге 1941 жылы  тамыз айында  соғысқа аттаныпты.Атам  жайлы  айтар  болсам, ер тұлғалы,келбетті, ел арасында  тек  жақсы ісімен ғана  танылған екен. Атам соғысқа  аттанғанда  Рабиға әжем  небары  21 жаста болыпты. Үш қыз ,бір ұлын құшақтап ,майданнан сағынышпен   хабар күтіп жүргенде,  1944  жылы  майданнан  «Беркінбаев Сарман Берлин түбінде  ерлікпен қаза тапты»  деген қаралы қағаз келеді.Алайда жалпы жұртқа ортақ қасірет ер мінезді әжемнің еңсесін түсіре  алмады. Есесіне белді бекем буып,колхоздың қара  жұмысына  жегілді.Үкілеп өсірген үш қызы да өмірден өз орнын тауып, аналарының атына кір келтірмей, елге абыройлы  болған екен.Уақыт  қашанда өз дегенін жасайды ғой.Қара шаңырақтың  қандай заманда да отын өшірмей, 67 жыл бойы  маздатқан  сол бір асыл жан Рабиға әжем 83 жасында өмірден өтті.

      Ал  ер жүрек  атамның  есімі  «Боздақтар »  кітабында , Тағзым алаңында, ұрпақтары жүрегінде   алтын  әріппен  жазулы тұр.Мен Отан үшін жанын қиған осындай асылдың ұрпағы болғанымды зор мақтаныш тұтамын. 

 Жалпы  бұл  әңгімемнің негізгі түйіні – әкем болатын.Балалық шағы  Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген әкем жалғыздықтың кермек  дәмін көп татқан. Он жастағы бұғанасы қатпаған жас бала ертелі-кеш  егіндікте масақ теріп,анасының қолғанаты болды.Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда тіршіліктің көп тауқыметін тартты. Елі үшін ерлікпен қаза тапқан   жауынгердің  сол жалғыз  ұлы қазірде  жапырағын жайған еңселі бәйтерекке айналды.Жиырма үш  немере мен алты шөберенің  ардақты атасы.Бабаларынан бері ел алғысына бөленген бұл әулеттің әрбір жетістігі ерен еңбекпен,маңдай термен келген.Бозторғай шырылынан оянғаннан,күн қиялай батқанша тыным көрмейтін ата-анамыздың адал еңбекке негізделген тәрбиесі бізді де өмір дауылына дес бермейтіндей  етіп өсірді.Әкеміз ең біріншіден біздің бойымызға  қайырымдылық- деген асыл қасиетті дарыта білді.Қайырымдылық -бар жақсылықтың шыңы  деп ұғындырды.Ал анамыз әрқашан да әке сөзін қолдап,бізді жігерлендірді.      Берекесі мен бірлігі жарасқан  осындай жанұяда жеті бала тәрбиеленіп қазірде барлығы өмірден өз орындарын тапты.

  Жеті баласының   үлкені  Жамиға- Жамбыл облысында білікті дәрігер,үлкен ұлы Жолжан-бизнес саласында  Қарағандыда.Ұлпаны мен Шолпаны Арал қаласындағы №  83 орта мектебінің білгір де білікті ұстаздары,Мұратбегі- қолында,тарих пәнінің мұғалімі,ең кенжесі Перизаты  да бастауыш сынып  мұғалімі.Бір жанұяда бес ұстазды тәрбиелеген асыл жандарға басымызды иіп,өнегелі істері ұрпағына үлгі болып ,ортамызда аман-есен жүрсе екен деген тілекпен әңгімемді аяқтағым келеді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *