Адамға ең қымбат – отбасы
Тақырыбы: Адамға ең қымбат – отбасы
Мақсаты: «Отбасы, балабақшаға» деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.
-Адамға деген сыйластық қарым – қатынастарын дамыту.
-Өзін – өзі тануға үйрету.
Шаттық шеңбері
Қайырлы күн, балалар!
Мен сендерді бүгін көргеніме қуаныштымын. Бүгін бізге қонақтар келіп отыр, алдымен амандасып алайық!
Балалар қараңдаршы, бүгін күнде ерте тұрды, ерте тұрып сендерді қарсы алды. Сендерге күн жарық берді балабақшаға келуге, бізге сәуле берді, жылу берді. Қараңшы күн қандай жомарт! «Күн» сендер сияқты күлімдеп тұр. Бар әлемге, дүние жүзіне жарығын, жылуын төгіп тұр. Ал енді бізде күнге сезімімізді білдірейік!
Күн сәуле шашқаның үшін рахмет! (Қолды көтеру)
Таза ауа саған рахмет! (Қолымызды тіке ұстаймыз)
Бұлт жаңбыр сепкенің үшін рахмет! (Қолды оңға солға сермейміз!)
Ағаш көлеңкең үшін рахмет! (Қол белде аяқ ұшымен айналады)
Жер жомартығың үшін рахмет! (Жерді көрсетеміз)
Табиғат сұлулығың үшін рахмет! (Айналады)
(Орындарына отырады)
- -Балалар бүгін біз бәрімізге қымбат, сүйікті отбасымыз туралы әңгімелесеміз.
Адамға өмірде ең қымбат – отбасы. Отбасы ол – ата, әже, әке,ана, аға, апа және іні –қарындастарымыз. Менің отбасымда – анам, әкем, ағам, әпкем және мен.
- … сенің отбасыңда кімдер бар? (3-4 баладан сұраймын)
(балалардың жауаптары)
Тамаша!
Балалар сендер білесіңдер ме жануарлар да өзінің баласын еркелетеді. Мысалы: Қарға баласын аппағым деп еркелетеді, кірпі баласын жұмсағым деп еркелетеді. Сол сияқты, балалар, анамыз, әкеміз, тіпті аға-әпкелереміз бізді еркелетіп атайды. Олар сендерді «күнім», «айым», «жұлдызым» деп аспандағы ғажайып нәрселерге теңейді. «Жаным» , «еркем», «балым» деп те еркелетеді. Кейде есімдеріңді өзгертіп, еркелетіп жатады.
Қане, отбасында сендерді кімдер және қалай еркелетеді екен.
(балалардың жауаптары)
Бүгін біздің жақындарымыз керемет сыйлық дайындап қойыпты. Мен оны сендерден бұрын естіп, қуанып қалдым. Қане, тыңдап көрейікші.
(диктофонға жазылған отбасы мүшелерінің еркелетіп айтқан жылы сөздерін тыңдатып, ойларымен бөліседі).
- Ал балалар бұл кімнің мамасының дауысы?
- Жандарбекті мамасы қалай еркелетеді екен?
- Ал енді келесі дауысты тыңдаймыз?
Қане , балалар, Ә.Ысқақовтың «Кім ойлап тапқан?» өлеңін тыңдайық!
Ә.Ысқақов
«Кім ойлап тапқан?»
Сөздерді ең аяулы,
Жақсы көріп жаттадым.
Енді білдім оларды
Кімді ойлап тапқанын.
«Күнім», «жаным» дегенді
«Қошақаным» дегенді,
«Құлыншағым» дегенді,
«Ботақаным» дегенді,
«Айналайын» дегенді,
«Толған айым» дегенді
Ойлап тапқан аналар.
Әңгімелеу «Менің отбасым»
Мынау тұрған өмір ағашы, сендер де осы ағаштың жапырақтарындай жайқалып өсіп келесіңдер.
- Мұнда кімдердің суреттері ілініп тұр? (сендердің отбасыларыңның суреттері бейнеленген)
- Кім өз суретін алып отбасы туралы әңгімелеп бергісі келеді?
- Отбасыңда ең жақын адам кім саған?
- Үйге жылап келсең ең бірінші кімге айтасың?
- Қолыңда Аяз атадан алған сыйлығың болады, соны ең бірінші кімге бересің?
- Папаңның аты кім?
- Анаң қандай жұмыс істейді?
- Демалыстарда кіммен қыдырасың?
- Үйдегі кішкентай ініңе көмектесесің ба?
- Анаң кім болып жұмыс жасайды?
-Балалар отбасында сендерді аналарың қамқор болады, бағады, аялайды, ал әкелерің қорғайды, көмектеседі, үйретеді. Ал сендер не істейсіңдер?
-Ербол сен қандай болып өсесің?
Ербол: Қайырымды жүрекпен,
Мейірімді тілекпен.
Ізгілікті ниетпен,
Қамқор болып өсемін.
-Жасмин, сен кімнен үлгі аласың?
Жасмин: Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.
-Санжар, сен қандай бала боласың?
Санжар : -Күн нұрындай көңілім,
Даламдай кең пейілім.
Жүрегім толы мейірім,
Бәріне ортақ шуағым.
Қайырымды боламын.
Дәйексөз
Халықта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»деген сөз бар. Бала отбасында жақсы тәрбие алса, өсккенде әдепті , ақылды азамат болып шығады. Отбасы мүшелеріне қашанда көмектесу, қамқор болу , үлкендердің айтқандарын тыңдау, ұқыпты болу әр баланың қолынан келеді.
Ойын: «иә немесе жоқ»
Үлкендерге көмектесу керек пе?
Мусорды үйге шашамыз ба?
Кішкентай бөпемізді жылатамыз ба?
Сендерді әкелерің еркелете ме??
Мақтаншақ болуға бола ма?….
Кешірімді болуға бола ма?…
Өтірік айтуға бола ма?…
Шыншыл болуға бола ма?…
Төбелесуге бола ма?
Өзімшіл болуға бола ма?…
Қамқор болуға бола ма?…
Бұзық боуға бола ма?
Тату болуға бола ма?… )
Жақсылықтың барлығын үйрететін кім?
-Балалар осы тәрбиені сендерге үйрететін кім?
-Отбасы.
Шығармашылық жұмыс
Баяу музыка ойналады.
Балалар өз аналарыңа қандай гүл шоғын сыйлайтындарыңды елестетіңдер.
Қорытындылау
Біз бүгін отбасымыз туралы туралы әңгімелестік. Біз оларды жақсы көруді, сыйлауды үйрендік. Олардың бізге тек жақсылық тілейтінін білдік. Отбасы – ол ең жақын адамдардың ошағы. Әрқашан отбасы мүшелерін сыйлап, құрметтеу керек.
Жүректен жүрекке
Отбасымызға деген мейірімділігімізді, жомарттығымызды білдірейік!
Алақанды жаяйық!
Күннің сәулесін салайық!
Таза ауадан алайық!
Жүрегіміздің жылулығын салайық!
Осының бәрін бөлмемізге шашайық!