Аппликация: “Алма мен алмұрттан жасалған компот”
Білім беру саласы: шығармашылық.
Бөлімі: аппликация.
Тақырыбы: Алма мен алмұрттан жасалған компот.
Мақсаты: Жеміс түрлерімен (алма, алмұрт) таныстыру, кеңістікті бағдарлауға үйрету.
Міндеттері: 1. Алма және алмұртты ажыратуға, салыстыруға үйрету. 2. Қағаз бетінде жұмыс істеуге жаттықтыру, банканың суретінің ішіне дайын жеміс суреттерін орналастыруды үйрету. 3.Сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, саусақтың ұсақ бұлшық еттерінің қозғалысын жетілдіру. 4.Табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: үлестірмелі материалдар, алма, алмұрт пен банканың суреттері, магниттік тақта, алма мен алмұрттың дайын суреттері.
Сөздік жұмыс: жеміс, алма, алмұрт.
ҰОҚ-нің барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі
-Қане, балалар, шаттық шеңберін жасап тұрайық.
– Балалар, егер біз табиғатты аяласақ, ол өзінің көп жемісін береді.
– Кәне, бәріміз бірігіп, баққа барып қайтайық.
Тамаша ғой бақшамыз,
Саяхатқа шығамыз.
Алға басып келеміз,
Бәрін, бәрін білеміз. (Е. Өтетілеуұлы)
– Балалар, баққа барғанды ұнатасыңдар ма?
2. Негізгі кезең: А.Меңжанованың тақпағын оқимын:
Жиып-теріп болатын,
Қамбаға астық толатын.
Қызыл қырман ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
–Күз мезгілінде қандай өзгерістер болады?
–Жеміс, көкөністер піседі.
Сөздік жұмыс: жеміс, алма, алмұрт.
Дидактикалық ойын: «Қандай жеміс?»
Мақсаты: ойлау қабілетін, тілін, зейінін дамыту.
Шарты: балаларға жемістердің суреттерін көрсетіп, қандай жеміс екенін сұраймын.
–Ал, енді, біраз демалайық.
Сергіту сәті:
Алма, алма көп алма,
Қызыл алма, көк алма.
Теріп-теріп алайық,
Қалтамызға салайық.
Үлестірмелі материалға назар аударту. Балаларға банканы көрсетіп, жемістерден сусын жасауды ұсынамын.
Магниттік тақтада суреті салынған банкаға дайын пішіндерді (алма, алмұрт) салып көрсетемін.
– Алма қандай түсті?
– Алмұрт қандай түсті?
– Алма мен алмұрттан сусын қайнаттық, банканы қақпақпен жауып тастаймыз. Балалар жұмысқа кіріседі.
Балалармен жеке жұмыс жүргізу.
3. Рефлексия
Қорытынды жасаймын. Балаларды мадақтау.
–Біз бүгін қандай жемістермен таныстық?
–Біз сусынды неден жасадық?
Күтілетін нәтижелер: жасайды: банканың суретінің ішіне дайын суреттерді орналастыру; түсінеді: жемістер әртүрлі және әр түсті болады; қолданады: іс-әрекет барысында алған дағдыларын. Алдын ала орындалатын жұмыс: жеміс атауымен және түрлерімен таныстыру.