Тәуелсіз елім – тірегім
Қазақстан – менің туған өлкем. Қазақстан – Атырау мен Алтайдың арасында орналасқан ұлан-байтақ жер. Сол жердің иесі, «қазақ» деген ұлы халық . Осындай ұлы халықтың ұланы болу бақытына мен қалай ие болдым?«Тәуелсіздік»! Ол – өлең, ол – ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады. Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары, қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік. Солай десек те, бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстан мен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстыру өте қиын. Еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық. Дегенмен, бізге бұл оңай жолмен келе қойған жоқ. Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен жауыз жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,-деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестей сақтап жазды. Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды. ХХ ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері биліктің бұрыс жақтарын беттеріне басып, кемшіліктерін әшкерелеп, мемлекеттің еркіндігіне қол жеткізуге әрекет еткені үшін өлім жазасына дейін кесілді. Мұны құлағымен естіп, көзімен көріп отырса да өзге жастар айтқанынан қайтпай, батыр баба ұрпағы екенін танытып, туған жерін өз жанынан биік қойды.Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды, егемен ел азаматтарының құқықтарын , мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады»дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді.Ұлттық валютасы, әнұраны, туы және елтаңбасының пайда болуы көгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды. Кеңес Одағының құрсауынан босап, қыстан тұралап шыққан малдай, әлсіреген қазақ халқы жаңа өмірге, өзгеше кезеңге аяқ басты. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік,келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сөздері ата-бабамыздың бойына біткен керемет қасиеттің құндылығы қашан да алға жетелеп, тәуелсіздікке алып келгенін көрсетеді. Тәуелсіздік таңы да атты. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде ,еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген мемлекет күннен- күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде. Елбасымыздың бастауымен Астананың негізі қаланып, бүгін адам танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекеттермен келісімшарттар жасалатын, жиналыстар өткізілетін заманауи шаһар қалыптасты. Көпжылдық тарихында толық еркіндігі болмаған еліміз ХХІ ғасыр табалдырығында осылайша тұғыры биік бейбіт мекен ретінде көрініс тапты. Тәуелсіздігіміз жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенделердің тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік ету бақыты пайда болды емес пе? Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздіктің арқасы екеніне тағы көзіміз жетті. Біз осындай елде туып-өскенімізді мақтан тұтамыз. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені – үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.
БҚО Казталов ауданы Жалпақтал ауылы,
Жалпақтал балалар өнер мектебінің оқытушысы
Сатжанова Гулгул Бактыбаевна.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718