Арман- жарқын болашақтың бейнесі

Мектеп: Б.Момышұлы атындағы  орта мектеп

Мұғалiм: Г.М.Рустембекова

Мерзiм: 03.12.2019

Сынып: 11 «А» Оқушылар саны:  14

Тақырып: Арман – болашақтың жарқын бейнесі

Құндылық: ақиқат

Қасиеттер: Асқақ ой, өз-өзіне сенімділік; ізгі ниет

Мақсаты: болашағын өз ортасымен, елімен байланысты армандау – жарқын болашаққа қадам болатынындығын ақиқат құндылығы арқылы  ашу.

Міндеттері:

-Оқушылардың арманға жету жолында асқақ ойдың маңызды орын алатындығы туралы білімдерін нығайту;

-Жеке бастың ісін қоғамдық ортақ тілекпен ұштастыра білуге үйрету,  өзіне деген сенімін арттыру, өмірге құштарлыққа баулу
– Арманға жету жолындағы әрбір істі оқушыларға сүйіспеншілікпен және ізгі ниетпен  жасауға тәрбиелеу;.

Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)
Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңi.

Жағымды күйге ену: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды  шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің  қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз  нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз  тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, балаларыңызға, мұғалімдерге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша  түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде  отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем  сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.

Үй тапсырмасын тексеру:

М. Шахановтың «Арман» мәтінін оқып келу тапсырылған.

– Арман дегеніміз не?

-Екі жастың бойында қандай ортақ қасиеттер бар?

-Әбу мен Дойылдың ой алшақтығы нені меңзейді?

-Арманның адам болашағына әсері қандай?

– Қай кейіпкер қандай арманға қол созды?

–  Әбу өз  арманын асыру үшін қандай қасиеттер жетеледі деп ойлайсыңдар?

Ақын қария арқылы жас ұрпақтың қандай арман иесі болғанын қалайды?

Түйін:  Бiз бұл баллададан екi түрлi қарама-қайшылықты көре аламыз. Бұл қарама-қайшылық Әбу мен Дойылдың алға қойған армандарынан көрiнiп тұр. Дойылдың арманы саудагерлiк – ұлылық деп мақсат қойды,  ақшаң болса қалтаңда соның өзі үлкен табыс деді.  Ал Әбу табыс кiлтi – бiлiмде деді. Бiлiмдiнiң көзi жарық деп, оның арманы алыс көкжиектерді қамтыды.

Шығармада   әр адамның  ой-өрісіне қарай армандауы суреттелгенін айқын жеткізіп тұр.

Ескерту
Дәйексөз:

МӘҢГІ ЛАУЛАП ЖАНУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА.

М.Шаханов

Еліміз үшін көп еңбек сіңіріп, қоғам өмірі мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың түрлі қасиетін өз өлеңдеріне арқау еткен Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Мұхтар Шаханов өлеңдерінің әрбір жолы жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады. Ақын өмірдің басты тұтқасы – адам, адамға жақсылық жасауы деп түсінеді. Сол себепті «елімнің ағасындай» жақсылар жарық дүниеге ізгілік үшін келуі тиіс деп түсінеді. Шындықты, ақиқатты тануға шақыратын шығармалары да аз емес. Адамгершілігі мол кемел адам болу үшін ең алдымен адамға тән бірқатар игі қасиеттерді бойыңа жинақтай білуің шарт. Адамгершілік қасиеттердің әрқайсысының адам өміріндегі мән-маңызын түсіндіреді. Бойдағы ынсаптың адамды асып тасудан сақтайтынын, рақым, ар мен намыс адам жанының айнасы болатынын, ұяттың өлімнен де күштілігін, сабырдың түбінде сары алтындай шыдамдылық жататынын әдемі жеткізе біледі.Ақын өлең жазып қоймай, драматургия саласына үлес қосқан.Сократты еске алу түні,Сенім патшалығы т.б драмалары көп тілге аударылған.

Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?

 
Оқиғаларды әңгiмелеу  «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінен  үзінді

– Көркем фильмнің негізгі түйінді идеясы не деп ойлайсыңдар?

– Бала Сұлтанның арманы қандай?

– Елбасының ұшқыш болудағы емес, еліміздің елі сүйген Президенті

болғандағы армандарының жетістіктері туралы не айта аласыңдар?

– Елбасының осы армандарын жүзеге асыру үшін бойында қандай ізгі қасиеттер болды?

– Сендер қандай арман жетегінде жүрсіңдер?

Қорытынды: Арманы адамзат игілігіне бағытталған адамда ұлы даналық бар,» – дейді француз жазушысы А. Франс. Ендеше адам тек жеке басының қамын ойламай, болашағын, өз ортасымен, елімен байланыста армандайтын болса ел азаматы болғаны.Арман  алға жетелейтін жарық жұлдыз, адам адал еңбек етіп, қиындыққа мойымай, қажырлылық танытқанда ғана өз мұратына жетеді, яғни арманы жүзеге асады. Арман адам игілігіне бағышталуы үшін өмірге маңызы бар әрекеттер жасау керек. Ал мақсатты әрекеттер – жарқын болашақтың кепілі екені ақиқат.

 
Шығармашылық іс-әрекет, топтық жұмыс.

Оқушыларды 2 топқа бөлу:

1 топ: «Шың»

2 топ: «Бақыт»

1 топқа: «Арманым – асыл мұратым» тақырыбына жоба құру.

2 топқа: «Арман» атты ғажайып сөздің сырына үңілейікші. Арман дегенде сіздердің ойларыңызға тағы қандай сөздер оралады?

Қиял                                         Мақсат                                       Тілек

 

АРМАН

 

Ой                                Бағдар                                  Бағыт

Бүгінгі біздің «Арман»тақырыбындағы сабағымыз өз мәресіне де жетіп қалды.«Ақ желкен арман, шақырар алдан, үміттің жібі үзілмес» деп ақын жырлағандай, армандай біліңіздер, арманға жету жолында қанаттарың талмасын, үміттерің алға жетелесін. Бұл жолда сенімдерің өздеріңе серік болсын.

 
Топпен ән айту: «Армансыз күнім болмайды»

Бақытты жанмын сонда да бірақ
Көңілім кейде толмайды
Алаңсыз күліп жүрген кезде де
Армансыз күнім болмайды
Қ-сы;
Аспанда күнде айналар түнге
Арманым өлсе сол қайғы
Бақытқа сенемін
Армандай беремін
Армансыз күнім болмайды
2) Армандап ғұмыр кешемін күнде
Бір үміт қалсын ішімде
Арманмен бірге өсемін менде
Адам болып қалу үшін де
Қ-сы;
Аспанда күнде айналар түнге
Арманым өлсе сол қайғы
Бақытқа сенемін
Армандай беремін
Армансыз күнім болмайды

 
Үй тапсырмасы: «Арманымның ақ желкені» деген тақырыпта эссе жазып келеміз.

14 сабақ 58-60 беттегі  Н. Келімбетовтың  «Үмітімді үзгім келмейді»  шығармасынан үзіндіні оқу.

 
Сабақтың қорытынды  сәтi.

Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық.

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *