Шөл дала мен сулы жер. Ө дыбысы және әрпі
Тлеумагамбетова Акнур Даулеткалиевна
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға ө дыбысы және әрпін таныту, білімдерін кеңейту. Баспа, жазба түрімен таныстыру.
Сабақтың міндеттері: а) оқушыларға ө дыбысының айтылуын, жазылуын меңгерту;
ә) оқушылардың ақыл-ойларын, сөздік қорларын, тіл байлықтарын дамыту.
б) оқушыларды адал достыққа, ұйымшылдыққа, көмекшілдікке тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, түсіндіру, ойындар
Сабақтың көрнекіліктері: әріп үлгі, суреттер, интерактивтік тақта
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру бөлімі
Оқушылармен амандасу. Құрал-жабдықтарын түгелдеу.
– Қазір бізде сауат ашу және жазу сабағы. Бүгін біздің сабағымызға қонақтар келіп отыр. Қонақтармен амандасайық.
– Сәлеметсіздер ме!
– Енді балалар барлығымыз шаттық шеңберіне тұрайық.
Алақанды ашайық.
Күннің нұрын алайық.
Жүрекке жылу салайық.
Жиналған жылы шуақты
Бір-бірімізге шашайық.
-Бүгінгі көңіл-күйімізді көрсетейікші
-Ендеше көтеріңкі көңіл-күймен сабағымызды бастайық. 4 топқа бөлінеміз: өрмекші, өрік, өрнек, өзен.
2.Өткен тақырыпты қайталау
-Балалар, «Кір жаятын жіп» әдісін қолданайық.
Өткен дыбыстарды еске түсіреміз. Кім шапшаң жауап береді екен.
3.Жаңа сабақты түсіндіру
-Балалар, мен сендерге құр қол келген жоқпын. Мына шарларды ала келдім. Бұл шарлардың түстері қандай?
-Ақ, жасыл, қызыл, сары
-Бір жылда неше мезгіл бар?
-Төрт мезгіл.
-Қане атап шығайық
-Қыс, көктем, жаз, күз
-Бұл шарлардың түсі де сол төрт мезгілді белгілейді. Мына шардың түсі қандай?
-Ақ
-Бұл шардың түсі қыс мезгілін білдіреді екен. Қыста жер қандай болады? (ақ)
-Жасыл түс. Көктем мезгілін білдіреді. Көктемде шөптердің түсі жасыл болады.
-Қызыл түс. Жазда гүлдер қызыл түске боялады.
-Бұл түс қандай жыл мезгілін білдіреді?
-Күз мезгілі. (сары түс)
-Осы шарлармен біз сауат ашу әлеміне барып, әр аялдамаға тоқтап, тапсырмаларын дұрыс орындау керекпіз. Ендеше біз бұл шарлармен сауат ашу әлеміне саяхатқа шығайық.
-Міне балалар бірінші аялдамаға да жетіп қалдық. Бұл аялдама қалай аталатынын білу үшін оның тапсырмасын орындауымыз керек.Аялдаманың тапсырмасы: «Суретпен жұмыс».
-Балалар сауат ашу кітабымыздағы суретке назар аударып қарайық. Суретте ө дыбысы естілетін сөздерді атайық.
-Жарайсыңдар , балалар аялдаманың тапсырмасын орындадық. Енді бұл аялдаманың қалай аталатынын көрейік.
-Қандай әріпті көріп тұрмыз?
-Ө әрпі
-Бұл ө аялдамасы екен. Онда келесі аялдамаға асығайық.
-Келесі аялдаманың тапсырмасы: «Дыбыстар».
-Мен сендерге жұмбақ жасырамын.
Үйін тордан салады,
Жемін аулап алады.
Ол не?
-Өрмекші
-Дұрыс
-Өрмекші,өзен, өгіз, өрнек, өшіргіш сөздер қай дыбыстан басталады?
-Ө дыбысынан
-Яғни бүгін біздің өтетін дыбысымыз «Ө дыбысы және әрпі»
-Енді бәріміз ө дыбысын айтып көрейік
-Ө-ө-ө
-Қалай айтылып тұр. Созылып па, әлде тез айтылып тұр ма?
-Созылып айтылып тұр
-Дұрыс
-Олай болса, ө дыбысы дауысты дыбыс екен.
-Дауысты дыбыс қандай түспен беріледі?
-Қызыл түспен беріледі
-өрмекші сөзін буынға бөлеміз?
-Өр-мек-ші
-Неше буын бар?
-3 буын бар.
-Ө дыбысы қай буында естіліп тұр?
-Бірінші буында.
(Ө дыбысына байланысты видео көрсетіледі)
-Жарайсыңдар , балалар аялдаманың тапсырмасын орындадық. Енді бұл аялдаманың қалай аталатынын көрейік.
-Қандай әріпті көріп тұрмыз?
-З әрпі
-Бұл з аялдамасы екен. Балалар келесі аялдамаға да келіп қалдық. Аялдаманың тапсырмасы «Сиқырлы сөздер». Сендерге қазір әр топқа сөз беріледі. Сол сөздерге дыбыстық талдау жасаймыз.
-Жарайсыңдар , балалар аялдаманың тапсырмасын орындадық. Енді бұл аялдаманың қалай аталатынын көрейік.
-Қандай әріпті көріп тұрмыз?
-Е әрпі
-Енді келесі аялдамаға жеткенше сергіту сәтін өткізіп, бойымызды сергітіп алайық.
-Балалар біз келесі аялдамаға келіп қалдық. Аялдаманың тапсырмасы: «Жазу».
-«О»-кәдімгі дөңгелек,
Ал «Ө»-одан сәл бөлек.
Мұны да сал, ерінбе,
Белбеуі бар белінде.
-Яғни, Ө дыбысы о дыбысына ұқсайды, бірақ ө дыбысының белінде белбеуі бар екен.
-Енді балалар сендер осы Ө дыбысын әр топ ермексаздан, жұлдызшалардан құрастырамыз.
-Ауада жазу.
-Енді қаламсаптарымызды алып дәптерімізге жазамыз.
-Балалар, сендерге соңғы тапсырма. «Адасқан әріптер» әдісін қолданып, сендерге қорапша беремін. Сол қораптағы әріптерді біріктіріп сөз құрауларың керек. (Өзен, көл, көз, шөп).
(Оқушылар құраған сөздерін оқиды).
-Жарайсыңдар , балалар аялдаманың тапсырмасын орындадық. Енді бұл аялдаманың қалай аталатынын көрейік.
-Қандай әріпті көріп тұрмыз?
-Н әрпі
-Бұл аялдамалардың аттарын қоссақ қандай сөз шығады?
-Өзен
-Өзен сөзі қай дыбыстан басталып тұр?
-Ө дыбысы
-Яғни, бүгін біздің өткен дыбысымыз кандай дыбыс екен.
-Ө дыбысы
-Ө дыбысы дауысты ма, әлде дауыссыз ба?
-Дауысты дыбыс қандай түспен беріледі?
– Қызыл түспен беріледі.
- Рефлексия.
-Балалар менің қолымда қызыл, сары, жасыл шарлар бар. Қазір сендерге ақ парақ қағаз беремін. Бүгінгі сабаққа түсінсеңдер жасыл, жартылай түсінсең сары, сабаққа түсінбесеңдер қызыл түспен смайлик саламыз.
-Балалар осымен біздің сауат ашу әлеміне саяхатымыз аяқталды.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718